• Қаржы
  • 01 Қыркүйек, 2022

Бизнесті несиелеу оңды шешімге мұқтаж

Бизнеске қымбат емес несиелер берудің уақыты жеткен сияқты. Шындығында бизнес үшін теңгемен кредит бойынша пайыздық мөлшерлеме 5,4%, ал шетел валютасы бойынша – 2,5% құрауы тиіс деп сарапшылар шегелеп бағалап отыр. Ал енді біздегі нақты жағдай соны қалағандай арман-қиялдан әлдеқайда алшақ жатыр екен. Біз де бүгінгі талдауымызда әңгімені осы төңіректе өрбітпекпіз.

Қазіргі күрделі геосаяси жағдай мен Ресейге қарсы батыс­тық санкциялардың отандық кәсіпорындардың едәуір бөлігін жайсыз күйге душар еткеніне қарамастан, Ұлттық банк кредит­­тік қорларды кәсіпкерлердің қала­ған деңгейлеріне дейін арзан­да­туға асығар емес. Ағымдағы жыл­дың екінші тоқсанындағы 3343 қазақстандық кәсіпорындар өкілдерінің арасындағы сұрау салудың нәтижелері бойынша Ұлттық банктің талдаушы­лары дайындаған конъюнктуралық шолу мәліметтері осындай қоры­тынды жасауымызға жетелеп отыр.

Айта кету керек, сұрау салуға қатысқан респонденттер – тау-кен қазу және өңдеу өнеркәсіптерінің, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік пен қоймаландыру, сау­да және де басқа салалардың өкілдері. Көлемі бойынша сұрау салуда шағын кәсіпорындар (1767), содан кейін орта (913) және ірі кәсіпорындар (663) басымырақ екен. Өңірлерге бөлгенде респонденттердің жалпы санындағы басымырақ үлес Алматы (7,6%), Атырау (7,2%) мен Жамбыл (7,0) облыстарының еншісінде.

Сұрау салудың қорытын­дылары бойынша белгілі бол­ғандай, сұрау салуға қатысқан кәсіпорындар­дың 38,9%-ы үшін бизнесті жүргізуге кедергі Қазақстан эко­но­микасының жағдайы екен. Рес­понденттердің 55,8%-ның пікірінше, 2022 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы экономикалық жағдай нашарлап кеткен, ал 40,2%-ы ол өзгерген жоқ деп есептейді.

Экономика жағдайдан өзге, кәсіпорындар үшін нарықтық бәсекелестік (28,0%), салық ауырт­­палығы деңгейі (23,3%), сатып алушыларды іздестіру (23,0%), білікті кадрлар жетіспеуі (21,6%), дебиторлық қарыздарды қайтару қиыншылығы (12,9%) сияқты факторлар неғұрлым маңызды екен, бір қызығы, қаржы­ланды­руға қолжетімділік (12,5%) мәні тұрғысынан 8-інші орынға жайғасыпты.

Басқа да кедергілер ретінде кәсіпорындар Ресейге қатысты батыстық санкцияларды, осы елден тауарлар енгізудің қысқаруын, валюта бағамын, сондай-ақ инфляцияның күрт өсуін де көрсетеді. Бұл ретте респонденттердің көпшілігі (54,3%), қазіргі геосаяси жағдай мен Ресейге қарсы енгізілген санкциялар, жалпы алғанда, жайсыз әсер еткен деп атап көрсетеді, ал 12%-ы мейлінше күшті зардап шектік деп отыр.

Екінші жағынан, респондент­тердің 41,8%-ы геосаясаттың олардың істеріне әсерін тигіз­бегенін айтады. Геосаяси жағ­дайдың зардаптарын атап көр­сеткен кәсіпорындардың ішінде 37,4%-ы қазақстандық теңгенің басқа валюталарға қатысты тым әлсіз екенін мәлімдеген. Сұрау салынғандардың 23,8%-ы қазір қалыптасып отырған белгісіздікке байланысты шешім­дер қабылдаудың қиындығына назар аударған, 22%-ы – ақшамен есеп айырысуды жүзеге асырудағы қиыншылықтарды, 21%-ы – логистика мен жабдықтау мәселелерін атап көрсеткен. Қазіргідей жағдайда бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктерді өздеріне тек кәсіпорындардың 3,6%-ы ғана таба алған.

Бұл ретте 2022 жылдың екінші тоқсанында респонденттердің 25,5%-ы өз қызметтерін жүзеге асыру үшін өнімдерді импорт­таған, 6,6%-ы экспортқа шығар­ған, 11,3%-ы экспортқа да шығар­ған және импортқа өнімдер алған, ал басым көпшілігі (56,5%) сырт­қы экономикалық қызметпен айналыспаған да.

Экспортер-кәсіпорындардың басымырақ үлесі тау-кен қазу өнеркәсібіне (21,4%), импорттаушылар – сауда (41,4%) еншісінде. Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың басымырақ үлесі – сыртқы экономикалық қызмет көрсететіндер еншісінде.

Кәсіпорындардың несиелен­дірудегі бағасы бар (кредит бойынша мөлшерлемелер деңгейі, қосымша комиссиялар көлемі) және бағасыз шарттарды бағалау­лары біршама жақсарған, бірақ әлі де жағымсыз күйде қалып отыр.

Мониторингке қатысушы­лардың кредиттер бойынша түйіндеген орташа пайыздық мөлшерлемелері теңгеде 13,3% және шетел валютасында 6,8% құраған. Кәсіпорындар пікірінше, олар үшін кредит бойынша тиімді пайыздық мөлшерлеме теңгемен 5,4%, ал шетел валютасындағы кредит бойынша – 2,5% құраған (1-инфографика).

Сондықтан да қарыздық қорлард­ың осыншама қымбат­шылығы жағ­дайында кәсіп­орындардың көпші­лігі (84%) айналмалы қаражаттарын қаржыландыру үшін меншікті қаражаттарын пайдаланған, соның ішіндегі 42,2%-ы – табыс­тарын құраса, 41,8%-ы – акционерлер/қатысу­шылардың меншікті қаражаттары.

Осы мақсаттағы қарыздарын кәсіпорындардың 16,6%-ы пайда­ланған, соның ішінде 8,7%-ы бұрынырақ ашылған кредит желісі бойынша траншты пайдаланған, 7%-ы – микроқаржы қызметімен айналысатын қазақстандық банк­тер мен ұйымдардың қарыздары, 0,9%-ы – шет елдердің кредиттері.

Қаржыландырудың өзге де көздері арасында (графикте ұсынылғаннан басқа) кәсіпорындар сондай-ақ сатып алушылардың аванстарын, қаржылық көмекті, топтар ішіндегі қарыздарды (иегер компания мен филиалдар арасында) көрсетеді (2-инфографика).

Екінші тоқсанда, теңгенің ресейлік рубль мен қытайлық юаньге айырбастау бағамдарының өзгеруінен сұрау салынған кәсіпорындардың шаруашылық қызметіне жағымсыз әсері өскен. Бұл ретте USD/KZT жұбына жағымсыз әсер біршама жеңілдеген, ал EUR/KZT жұбына әсер өзгеріссіз қалған.

Күткендегідей, теңге баға­мының ресейлік рубльге айтарлықтай әлсіреуі неғұрлым жайсыз әсерін тигізген. Кәсіп­орындар өздерінің шаруашылық қызметіне CNY/KZT бағамы мейлінше жайсыз әсер еткен.

Экспорттаушы-кәсіпорындар екінші тоқсанда валюталар бағамының өзгеруінен жағымды әсер болғанын айтады, осы ретте импорттаушы-кәсіпорындар өздерінің қызметіне RUB/KZT бағамының өзгеруі өз қызметтеріне айтарлықтай жайсыз әсерін тигізгенін атап көрсетеді.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

2061 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы