• Өндірістік әлеует
  • 01 Қыркүйек, 2022

ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫ НЕГЕ ТАПШЫ?

Елімізде дизель отыны жетпей жатыр. Тағы да. Шенеуніктердің айтуынша, дизель қымбат тұратын көрші елдерден жүк көліктері келіп, мыңдаған тонна жанармай құйып алып кетеді екен. Сондықтан кейбір станса жанармайды талонмен ғана береді-мыс. Сарапшылардың болжамынша, жылда Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспар бойынша деп жөндеуге жабылатын қыркүйек айында тапшылық қатты күшейеді екен.

«Дизельді қайдан сатып алуға болады?». Қазір дизельмен жүретін автокөлік иелерінің бір-біріне осылай деп сұрақ қойып жататыны қалыпты жағдайға айналды. Дизель дағдарысы жылда орақ науқанында бас көтереді. Әдетке айналды. Бәрінен бұрын диқан қауымына обал, күзді күні тракторға жанармай таба алмай қиналады. Табыла қалса, бағасы удай болса да, амал жоқ, алады. Сосын елде азық-түлік қымбаттамағанда, қайтеді...

Дағдарыстан шығудың бір жолы – бұл салаға төтенше жағ­дай режимін кіргізу сияқты. Бар­лық шығынды ұлттық компанияның мойнына іліп қоятын әдетіміз бар емес пе, сол принциппен, мысалы, «Қазмұнайгаз» бен «Қазақстан теміржолына» салмақ салсақ... Бұлардың Ресейден жанармайды жоғары бағамен сатып алып, мұқтажына пайдаланып, немесе ішкі нарықты құтқарамыз деп төмен бағамен қайта сатуына болады. Бұл жерде топ-менеджер батылдығы біраз нәрсені шешеді.

Дизельдің қымбаттауына орай төтенше жағдай жариялау энергетика министрлігінің еркін жұмыс істеуіне жол ашуы мүмкін. Жанармай стансасы өзімізге дизель жағармайын 230-260 теңгеден сатқысы келмей, шетелдік жүр­гізушіге 450 теңгеден сатса, ешкім оны заңсыз дей алмайды. Қазан­шының өз еркі қайдан құлақ шығарса... Жауапкершілікті ешкім мой­ны­на алмайтын осындай кезде жағармайға төтенше жағдай жария­лау дұрыс секілді.

Тағы бір ұсыныс: дизель демалысын жасау. Мысалы, жұмыс беруші дизель көліктерін қа­шықтан басқаруға жібереді. Бұл ұсыныс басында ыңғайсыздау болып көрінуі мүмкін, бірақ батыл шешім қабылдайтын уақыт жетті. Мәселен, Еуропа қыс айына дайындық кезінде тұтынушыға электр қуатын шектейді (27 градустан төмен температурада кондиционер қоспауға, дүкендегі жарықты күндіз азайтуға пәрмен беріледі және т.б.). Дизель тапшы­лығын азайтқымыз келсе, осындай бір іс-шара қарастыру керек.

Елімізде дизельмен жүретін қанша жеңіл автокөлік бар? Интернет 2019 жылы шамамен 100 мың болды деп көрсетеді, қазір олардың саны 150 мың болсын, автокөліктің орташа жүрісі айына 1000 км, шығыны 15 л/100 км болсын, сонда елімізде жеңіл автокөліктің дизель тұтынуы шамамен айына 22,5 млн литр немесе 20 мың тонна болады екен. Жылына бұл – шамамен 250 мың тонна. Өте аз. Біздің мұнай өңдеу зауыттар жылына 5 млн тонна дизель өндіреді.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, дизельдің шамамен 1 млн тоннасы транзит көліктерге кетеді, тіпті сыртқа заңсыз схемалар бойынша шығарылады...(?) Осыған қарап тұрсақ, елдегі жеңіл автокөлікке көп отын да кетпейді. Коммерциялық автомобиль, жүк көлігі, арнаулы техника, ауыл шаруашылық техникасы, басты тұтынушылар – осылар. Айына 20 мың тоннадан 100% үнемдесек, тапшылық шыбын шаққан құрлы көрмейді-ау, дегенмен бұл жолды да бір байқап көру керек сияқты.

Мемлекеттік кредиттеу бағ­дарламасымен дизель авто­көліктері сатылғанын білеміз. Сол көлікті несиеге алған иелері: «дизель отыны сатылымға шықпаса, біз онда неге несие төлеуіміз керек?» деп ертең жаппай бас көтерсе, не деп жауап береміз? Былтыр күзде Президент министрлер кабинетін сынға алып еді, сонда былай деген болатын: «Әңгіме тариф пен бағаны көтеру туралы болса, онда бұл халықаралық нарықты ескере отырып жасалатын қажетті іс-шара, деп халыққа барынша ашық айту қажет. Үкімет осы жауапкершілікті мойнына алуы тиіс». Өкінішке қарай, үкімет жауапкершілікті әлі мойнына алмай келеді...

Global Petrol Prices дерегіне қа­расақ, 26-тамызда жазғы дизельдің орташа бағасы Қазақстанда – 237 теңге, Қырғызстанда – 386, Ресейде – 420, Беларусьте – 462, Қытайда – 561, Өзбекстанда – 623, Украинада – 685, Грузияда-725 теңге болған. Елімізде бағаны бұлай ұзақ уақыт ұстап тұру мүмкін емес, өйткені, ұстап тұра берсең, тапшылық төрге шығады. Бағаны біртіндеп босату процесі жүруі керек, дегенмен орақ науқанында жанар-жағармай бәрібір мемлекеттің бақылауында болуы тиіс.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төр­ағалығымен қазіргі жағдай бойынша штаб жұмыс істеп тұр. Әрине, қысқы дизель жанармайының да мәселесі қаралып жатқанына күман жоқ. Өйткені дизель отынының бағасы қыста 500 теңгеден асып жығылатыны анық.

Украинадағы соғыс жағдайына орай елімізде жазғы және қысқы дизель жанармайының тапшы­лығы күшейе түсуі мүмкін. Соғыс жағдайында ресейлік зауыт/трейдер елімізге отын жібере алмауы ықтимал деген болжам бар. Тапшылық күшейіп кетсе, не істеу керек? Бұл тарапта жұмыс жүргізіліп жатыр деп сенейік, қыс кезінде бізге Ресейден жанар-жағармай импорттау қажет болады, соны біле тұрып, алдын-ала қор жинап алса, құба-құп болар еді. Өйткені Болат Ақшолақов дизель қоры он үш күнге жетеді деп мәлімдеді. Яғни, 24-тамызда бұл жанармай 212 мың тонна болған, осы қор он үш күнге ғана жетеді деген сөз.

Елімізде 4,3 млн-ға жуық жеңіл автокөлік бар + 500 мыңға жуық шетелдік көлік елге кіріп шығады. Орташа резервуар 60 литр делік. Осының бәрі жиналып келіп бір күнде құйып алса, онда жанармайдың түбі көрініп қалады. Сонымен, біз нарық экономикасын жүргізе алмай отырмыз ба, әлде социализмге бағыт алдық па? Үкімет социализм принципі басымдыққа ие болды десе, әрбір автокөлік иесіне төмен бағамен 50 литр жанармай беріп, қалғанын нарықтағы бағамен сатып ал, деуі керек. Венесуэла мен Иран осы принцип бойынша жұмыс істейді, біз неге ұялуымыз керек?

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

 

378 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы