• Бизнес & Қоғам
  • 09 Қыркүйек, 2022

Жетісулық жас отбасы бөдене фермасын ашты

Сарқан ауданында жас отбасы бөдене фермасын ашты. Бұл істі бастау Алматыдан ауылға қоныс аударғаннан кейін ойға келген еді. Қазір отбасылық шағын шаруашылықта күніне 1000 жұмыртқаға дейін өнім алынады. Жыл соңына қарай фермер бөдене санын ұлғайту арқылы оның көлемін 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.

Жас жұбайлар біраз жыл Алматы қаласында тұрған, бірақ отбасы балалармен толыққан соң табиғатпен етене болуды жөн көрген. «Өзім Қарағандыданмын, жоғары оқу орнын да сол жақтан бітір­дім. Ал жұбайым осы жақтан. Сарқан ауданының Қарғалы ауылында туып-өскен. Ауылға 2019 жылы көшіп келдік, осында келгелі менің жаңа тынысым ашылғандай болды. Ауа таза, азық-түлік табиғи, балалар еркін. Бірақ мұнда қарап жатпай, жұмыс істеу керек. Тәжірибе жүзінде көз жет­кізгеннен кейін диеталық ет пен жұмыртқа жеген өте пайдалы екенін біліп, содан бөдене өсіруді қолға алдым. Туысымыз осы бөдененің арқасын­да денсаулығын жақсартты. Бұрын ауыл шаруашылығын жете біл­мей­тінмін. Кейін бәрін өзім ин­тернеттің көмегімен үйрендім. Өткен жылдан бас­тап ара шаруа­шылығымен де айналыса бастадым. Өз жылыжайымыз бар, қыза­нақ, қияр, көк шөптер өсіреміз», – дейді отағасы Азамат Абыроев.

Қазір Азаматтың фермасында 1000 бөдене бар. Инкубаторға шамамен 7500 жұмыртқа салынған. 17 күннен кейін балапан жарып шыға бас­тайды, шамамен 40-шы күні аналықтары жұмыртқаласа, 45-ші күнге қарай аталықтары сойыла бастайды. Сондықтан да бастапқы кезде 3500 құс болған. Экологиялық таза еттің 1 келісін Азамат 3200 теңге­ден сатады, 1 жұмыртқа­ның құны – 23 теңге. Бағалар әдеттегіден төмен, өйткені Азамат жергілікті фермерлердің арқасында құс азығы мәселе­сін шешіп алды. «Бұрын мен Ресейде өндірілетін дайын азықты алуға мәжбүр болдым. Бұл қалтама едәуір салмақ салатын. Бүгінгі күні шикізатты жер­гілікті фермерлерден сатып алып, құрама жемді өзім дайындаймын. Жақында тағы 100 тоннаға тапсырыс бердім», – деп атап өтті ісін жаңа бастаған кәсіпкер.

Қазір фермер күніне 1000 жұмырт­қа алады, жыл соңы­на дейін құс санын 10-15 мың­ға дейін көбей­ту арқылы оның көлемін 10 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Өнімді өткізу мәселесі де шешілді. Алматыдағы сау­да орындарымен келісімге отырып, оған бөдененің жұмырт­қасын және мұзда­тылған қа­лыптағы етін жібе­реді. Өнім­ді жергілікті тұрғын­дар да белсене сатып алады.

Шағын ферма кеңейтіліп, ресми тіркеуден өткеннен кейін алдағы уақытта Азамат нысанның іргесін одан әрі ұлғайтып, заманауи жабдықтар сатып алуды жоспарлап отыр. Ал әзірше кәсіпкер бөденеге торды өз қолымен жасап, Алматыда сатып алған инкубаторға арнап үй-жай салған.

Азамат омарташылықпен де айналысады. Өткен жылы оның омартасында 23 ара ұясы болса, биыл оның саны 50-ге жетті. Келешекте ара ұясын 200-ге жеткізу жоспарда бар.

Жұбайы да Азаматтан қа­лыс­­пайды. Бақша мен жы­лы­­жайдағы жұмыс негізінен соның мойнында. Бірақ Әйгерім Абыроева оны ауырсын­байды, қайта өз еңбегінің жемісін көрге­ніне қуанады. Жас кәсіпкер Әйгерімнің маманды­ғы экономист, жақында «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, қайтарымсыз грант алу үшін өз жобасын қорғады, енді отбасымен конкурс нәтижесін күтіп отыр. «Черкасск ауылдық округінің әкімі бізге үнемі қолдау білдіреді. Әзірге бізде 30 сотық жер бар. Негізінде шешімін таппай жатқан түйт­кілдер жоқ, алайда, менің туған ауылымда жол жөнделіп, меди­циналық қызмет көрсету сапасы жақсарғанын қалаймыз, балаларымызды әзірге шағын орталыққа апарып жүрміз, балабақша ашылса жақсы болар еді. Мүмкіндігінше халықты төмен бағадағы сапалы өнім­мен қамтамасыз етуге тырысамыз, бұл – біздің отбасы­лық шағын фермамыздың бас­ты міндеттерінің бірі», – деп түйіндеді фермер.

Қазір Черкасск ауылдық окру­гінде жалпы ұзындығы 5 шақы­рым болатын облыстық және аудан­дық маңыздағы жолдар жөн­деліп жатыр. Көктемге қарай облыстық маңыз­дағы Қойлық – Қарғалы арасындағы жолдың 10-24 шақырым учаскесінің орташа жөндеуі аяқталады. Бұл жолдың көп бөлігі ауыл ішімен өтетінін атап өту керек.

Қазір шағын отбасылық шаруашылықта ауылдың 7 азаматы жұмыс істейді. Олардың орташа айлық жалақылары – 90-100 мың теңге. Кәсіпкер олар­дың бәріне істің мән-жайын өзі үйретеді. Ауылдық округтің қо­ғамдық өміріне белсене араласып, жерлестеріне барынша көмектесуге тырысады.

Жалпы Сарқан ауданында өткен 7 айдың қоры­тын­дысы бойынша ауыл шар­уа­шылығында 17 071,4 млн. теңгенің өнімі өндірілген, нақты көлем индексі – 104,5%. 1 485,0 млн. теңге инвестиция тартылған. Экспортқа 508 577 тонна ауыл шаруашылығы өні­мі шығарылды, соның ішінде дәрілік шөптер, арпа мен тары да бар.

НҰРЛАН ҚҰМАР

 

2336 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы