• Бизнес - Қаржы
  • 09 Қыркүйек, 2022

Баға өсуін байқасаңыз, шағымданыңыз

Қазіргі кезде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға индексі жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 120,1 пайызды құрап отыр.

Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқарма­сының мәліметтеріне сүйенсек, үкіметтің «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы» қаулысына сәйкес (1 наурыз, 2021 ж., №145) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі белгіленген. Статистика құрылымдарының деректеріне сәйкес, Ақ Жайық өңірінде аталған тауарлардың 16 түрі бойынша баға өсуі тіркелген. «Бағасы тым шарықтаған өнім – пияз (оның өсімі – 100,0%), қанттың өсімі 93,5%-ды құрайды. Тұздың бағасы 37,8%-ға, қарақұмық жармасы – 33,3%-ға, макарон өнімдері – 31,4%-ға, сәбіз – 29,9%-ға, күріш – 26,6%-ға және сары май – 26,1%-ға өсті. Аталған өнімдерге бағаның өсуі республиканың бүкіл аймағында байқалады. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру үшін «айналым схемасы» тетігі шеңберінде 2,3 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 994,9 миллион теңгеге 4 708 тонна көлемінде азық-түлік тауарларының қоры жасақтал­ды. Соның ішінде қарақұмық жармасы – 60, қант – 490, күріш – 204, күнбағыс майы – 100, картоп – 1 600, сәбіз – 500, пияз – 1 000, сүт – 675, макарон өнімдері 79,8 тоннаны құрайды», – деді аталмыш басқарма басшысы Жұмакелді Батырниязов.

Басқарма басшысының айтуынша, кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша 1 935 тонна азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыруға (қарақұмық жармасы – 150, қант – 885, 1-сұрыпты ұн – 500, күнбағыс майы 400 тонна) 885 млн теңге мөлшерінде қарыз беру жоспарлануда. Бағаның күрт өсуі жағдайын­да нарыққа жедел әсер ету үшін бос қаражат қалдығы 282,2 млн теңгені құрайтын болады. Бұдан басқа өңірде бағаны тұрақтандыру мақсатында жиналатын өнімнің 15%-ын нарықтағы бағадан 15%-ға төмен бағамен сату жөнінде облыстың 127 шаруашылығымен меморандум жасалды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде 4,6 миллиард теңгеге алдағы қазан-наурыз айларына астық, күнбағыс, картоп, ет, көкөніс өнімдерінің және тауық жұмыртқасының резервтік қоры қалыптастырылады. Оның ішінде ұн 2,9 мың тонна, күнбағыс майы – 1,2 мың тонна, сиыр еті – 1 мың тонна, тауық еті – 370 тонна, картоп – 2,6 мың тонна, пияз – 300 тонна, сәбіз – 261 тонна, қырыққабат – 254 тонна және тауық жұмыртқасы – 16,3 млн дана болады. «Жалпы, жер­гілікті атқарушы құрылымдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына қатысты тиісті мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Біріншіден, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуы бақылауға алынды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі мөлшерінің және еліміздің сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгілен­ген сыйақы мөлшерінің сақталуы назарда ұсталынады. Аталған ба­қылау жұмыстарының аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының сауда үстемелеріне қатысты облыс тұрғындарынан жыл басынан бері 14 шағым түсті. Бүгінде 13 шағым негізінде тексеру жұмыстары жүргізіліп, 6 кәсіпкерлік субъектісі бойынша заңбұзушылық анықталды. Сәйкесінше, аталған сауда орындарына еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4 бабының 1 тармағы бойынша «ескерту» түрінде жаза қолданылды. Қалған 7 субъект бой­ынша құқықбұзушылық анық­талмады. Бір шағым бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте айта кеткен жөн, Мемлекет басшысының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 жарлығына сәйкес, микро және шағын кәсіп­керлік субъектілерін тексеруге мораторий жарияланған бола­тын. Қазіргі уақытта тексерісті тек шағым түскен жағдайда жүргізуге құқық берілген. Осыған орай, облыс тұрғындарының тұтыну­шы құқықтарын және кәсіпкер­лік субъектілерін қолданыстағы заңнамаларды сақтау бойынша кеңінен ақпараттандыру жұмыс­тары жүргізілуде. Жалпы облыс тұрғындары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға өсуін байқаған болса, уәкілетті құрылымдарға (Орал қалалық және аудандық кәсіпкерлік бөлімдері) шағым жолдау сұралады, – деді Жұмакелді Жолдыбайұлы.

Гүлнәр ШӘҢГЕРЕЙ,

Батыс Қазақстан облысы

703 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы