• Аймақ тынысы
  • 09 Қыркүйек, 2022

Түлеген Түркістан өңірінде кәсіпкерлік кең қанат жайды

Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының ұйымдастыруымен өңірдегі барлық аудан мен қалада кәсіпкерлермен семинар-кездесулер өтті. Мұндағы негізгі мақсат – кәсіпкерлерге және өз ісін жаңадан бастауға ниет еткен жандарға мемлекеттік қолдау шараларын насихаттау болатын.

Аймақта өткен семинар-кездесулер өз нәтижесін көрсетуде. Қазіргі таңда кәсіп­керлікпен айналыстан адамдар саны артып келеді. Небәрі 7 айдың ішінде жаңадан 15 мың кәсіпкерлік субъектісі құрылып, шағын және орта бизнестің саны 160 мыңға жетіп отыр.

Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдар­ламалары кәсіпкерлерге үлкен серпін беріп жатыр. Осы бағ­дарламалар арқылы кәсіп­керлер 17 млрд. теңгеге жеңіл­детілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді.

Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қол­дау үшін қажетті бағдарла­малар қабылданған. Мәселен, кәсіп­керлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микро­қаржы ұйымы арқылы жеңіл­детілген 6%-бен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 млрд. теңгеге қар­жыланып отыр.

Несиені алу кезіндегі бас­ты шарт – кепілзаттың болуы. Көптеген кәсіпкер осы тұрғыда қиындыққа кезігіп жатады. Осы мақсатта елімізде алғашқы болып ірі кәсіпкерлердің қол­дауымен «Кәсіпкерлік қы­рандары» жобасының бастау алғаны белгілі. Жоба арқылы ірі кәсіпкерлер кіші кәсіпкерлерге көмектеседі. Қазірдің өзінде 20-дан астам стартап жаңа жоба үлкен бизнес өкілдерінің қол­дауына ие болды.

Кәсіппен айналысамын деген жанға бағыт-бағдар беру үшін ақысыз негізде жұмыс істейтін «Кәсіпкерлерге қызмет көрсе­ту орталығының» филиал­дары барлық аудан және қалаларда орналасқан.

Жалпы Түркістан облысында барлық сала қарқынды дамып келеді. Мәселен, биыл Түркістан облысында мал азы­ғынан тапшылық болмайды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Ос­пановтың айтуынша, биыл ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты аймақты 1,5 жылға жететін мал азығы қорымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

Бүгінгі күнге мал басына қажетті азық 4,1 млн. тонна мал азығы 100% жиналған. Атап айтсақ, 289,9 мың тонна сабан, 109 тонна пішендеме (сенаж), 1,8 млн. тонна табиғи шөп, 1,8 млн. тонна жоңышқа, 6,5 мың тонна сүрлем жиналып үлгерген. Оған қосымша облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан, қала әкімдікте­ріне 1 млн. тонна азықтық қорды қалыптастыру жоспары ұсынылған. Жалпы қыстату науқанына дейін 5,1 млн. тонна мал азығы жиналатын болады.

Малазықтық шөптер биыл шаруаларға қол жетімді тиімді бағада сатылуда. Егістік алқап басынан табиғи шөптер прессі 350-400 теңге, жоңышқа 600-700 теңгеден сатылып жатыр. Былтыр 1200-1500 теңге аралығында саудаланған болатын.

Облыстағы мал басына қажетті азықтық жем көлемі 784,9 мың тоннаны құрайды. Оның 82% (644,8 мың тонна) облыста өндірілген дақылдар есебінен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде: жүгері – 287,1 мың тонна, шитті мақта – 106,8 мың тонна, мақсары күнжарасы – 41,8 мың тонна, арпа мен бидай – 29,3 мың тонна. Бұдан бөлек, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ы арқылы (8 ай бойы) облысқа бөлінген 34,4 мың тонна бидайдан алынатын 9,3 мың тонна кебек агроқұрылымдарға арзандатылған бағамен сатылып жатыр. Бүгінде 334 агроқұрылымға 540 тонна кебек босатылған.

Бұдан бөлек Түркістанда «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. «Қазгидромет» меке­месінің мәліметіне сәйкес Түркістан облысы мен облыс орталығы – Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Бұл – 4 жылда жасалған ауқымды жұмыстың нәтижесі. Көгалдандыру, газдандыру, күннен қуат алатын электр станцияларының көбеюі мен өңірдегі орман алқабының артуы нәтижесін­де Түркістан облысында жалпы экологиялық ахуалдың жақсарғаны ғылыми түрде дәлелденді. Өңірде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында «Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат» және «Экология болашағы» секілді 4 бағытта жұмыстар атқарылуда.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиевтің баяндауынша, атмосфералық ауа сапасын жақсарту мақсатында жоспарға сәйкес, 5 жыл көлемінде 1000 гектар жерге 1,1 млн. ағаш көшеттері отырғызылады. Облыста 831 елді мекеннің 55%-ға жуығы табиғи газбен қамтамасыз етілсе, жыл соңымен 9 нысанның құрылысы аяқталып, 467 елді мекенге табиғи газ қосу жоспарлануда.

Қатты тұрмыстық қалдықта­рын жинап, қайта өңдеуге күш салынған. Облыс аумағында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Республикадағы суармалы жер­лердің 3/1 бөлігі облысқа тиеселі немесе 548,2 мың гектарды құрайды. Өткен жылы 100 шақырымға жуық канал күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен. Жетісай, Мақтаарал аудандарында 175 қашыртқы, 9 су нысаны жөнделіп, механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, 45,1 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.

Түркістан қаласында ағын су тап­шы­лығын шешу үшін ірі су нысан­да­рының құрылыстары жүргізіліп, қосымша 248,8 млн. м3 ағын су жеткізіледі. «Түркістан магистралды кана­лында күрделі жөндеу» жобасы бойын­ша 58 шақырым канал бетондалып, 60 млн. м3 су үнемделетін болады.

«Кеңсай-Қосқорған-2» су қой­масы, «Шаға» жағажайы, Ескек есу каналы пайдалануға беріліп, 31млн. м3 ағын су жеткізіледі. «Сырдария өзенінен машиналық арна салу», «Сарқырама» су қой­масын салу жобалары әзірленуде. Бұл жобалар арқылы Түркістан қаласы кепілді ағын сумен толық қамтамасыз етіледі.

Балық өндіру саласы бойынша да Түркістан облысы көптеген өңірлерге қарағанда анағұрлым алда тұр. Облыстың су айдындарындағы балықтың табиғи қоры 14,1 мың тоннаны құрайды (ғылыми дерек), яғни облыстың балық өндіру потенциялы жоғары деңгейде. Тауарлы балық өндіру бойынша 2020, 2021 жылдары рес­пуб­ликада көш бастады. Үкіме­ттің балық шаруашылы­ғын дамытудағы­ 2021-2030 жылдарға арнал­ған өңірлік бағдарламасына сәйкес, 10 жылда облыста тауарлы балық өндірудің көлемін 20 мың тоннаға жеткізу мақсатында жұмыстар атқарылуда.

Бүгінде, резервтегі су айдындарын бекітіп беру, заңдастыру облысаралық балық шаруашылығы инспекцияларының құзырында. Заңға сәйкес, 2022 жылға дейін балық шаруашылығын дамытуды субсидиялау Ауыл шаруашылығы басқармасымен жүргізілген. Бүгінде Табиғи ресурстар басқармасының құзыретіне берілуіне байланысты, Заңдастыру толығымен аяқталды.

Түркістан облысы аумағында тауарлы балық өсіруге жарамды 134 өзен-көл орналасқан. Оның ішінде 88 жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруа­шылығы мақсатында табиғат пай­даланушыларға берілген. Сарапшылар Түркістан облысын­дағы жасанды су қоймаларында балық өсіру саласының жоғары әлеуетін айтуда. Айта кету керек, өңірдің тауар өндірушілері жылына 2 мың тоннадай балық өнімін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспорттайды.

Сонымен қатар Түркістанда тұ­қымбақтардағы көшеттер саны 50 миллионға жеткізілмек. Ормандарды сақтау және кеңейту бағытында кешенді жоспарға сәйкес 5 жылда 110 мың гектар жерге 170 миллионнан аса ағаш көшеттерін егу жоспарланған. 2021 жылы 14 619,4 га жерге 18,707 млн. ағаш көшеттері отырығызылса, 2022 жылы 16 940 га жерге 22 млн. ағаш-көшеттерін отырғызу жұмыстары жүзеге асырылуда. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда Түркістан қаласының айналасынан құрылған «Жасыл белдеудің» жоспарланған 29 511 гектар жер көлемінің 13 629 гектары орындалды. Орман мекемелерінің тұқым­ бақтарында 30 млн. көшет өсірілуде. Алдағы уақытта көшет санын 50-60 миллионға жеткізу жоспарланған. Сонымен бірге Түр­кістан – Шәуілдір тас жолының екі жағына 50 шақырым жерді Жетікөл аумағымен біріктіре отырып, анық­талған 4000 гектарға жасыл екпе егу жоспарлануда.

НҰРЛАН ҚҰМАР

 

415 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы