• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 09 Қыркүйек, 2022

Қыс – қыр астында: Жылу беру маусымына дайындығымыз қалай?

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспардың жобасы мақұлданып, жылу беру маусымына дайындықтың барысы қаралды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1-қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспардың жобасын таныстырған ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров құжатта экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азаматтардың әл-ауқатының өсуіне бағытталған 6 бағыт бойынша 109 іс-шарадан тұратын жүйелі және салалық шаралар кешені қамтылғанын атап өтті. Министрдің мәліметінше, 22 іс-шараны іске асыру көзделген «Жаңа экономика­лық саясат» бағы­тының аясында коммуналдық кәсіп­орындардың инвестициялық тартым­дылығын арттыру мақсатында монополиялық және олигополиялық нарықтарды қоспағанда, бағалар мен тариф­терді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңмен бас тарту жөнінде ұсыныстар, жаңа Салық, Бюджет және Қала құрылысы кодекстері әзірленеді.

Жоспардың маңызды бөлігі әлеуметтік даму, денсаулық сақтау және білім беру бойынша кешенді әрі жүйелі шараларды қамтамасыз етуге бағытталған. Мәселен, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске қосу және жалпы медициналық инфрақұрылымды кешенді жақсарту бойынша шаралар әзірленбек. Жаңа «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 800 мың оқушы қамтылатын мектептер салынады.

Сондай-ақ әйелдердің зейнет­керлік жасын 2028 жылға дейін жоғарылатуға (61 жасты белгілей отырып) мораторий енгізу және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлемдер беру ұзақтығын 1,5 жасқа дейін ұлғайту жөніндегі заңнамалық түзетулер қабылданатын болады.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады деп күтіледі, оның аясында балалардың арнайы жинақтаушы шоттарына Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ын бағыттау жоспарланып отыр. Бұл қаражатты 18 жасқа толғанда тұрғын үй сатып алуға және білім алуға пайдалануға болады.

Сонымен қатар сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды жаңарту, «Самұрық-Қазына» қорының қызметін қайта форматтау, сондай-ақ АЭА, агро­өнеркәсіп кешені мен су саласы қызметінің тиімділігін арттыру үшін шаралар қабылдау жоспарда бар.

Премьер-министр талқылауды қорытындылай келіп, Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасында Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің барлығы қамтылғанын атап өтті. Ол халық пен бизнестің өзекті проблемаларын шешуге бағытталған. Жоспар бағаны реттеу, салықтық және кедендік әкім­шілендіру, бюджет процестерін жеңілдету, кәсіпкерлікті қолдау, автомобиль жолдарын салу, заң үстемдігі мен сот төрелігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту сияқты салаларды қозғайды. «Жоспарды іске асыру экономиканы сапалы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет ұсынылған құжат жобасын мақұлдап, барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге Жалпыұлттық жоспарды орындауға шұғыл кірісу міндеттелді.

Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе – жылу беру маусымына дайындық барысы туралы энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндады. Бас энергетиктің хабарлауынша, электр станцияларында 4 энергоблокта, 25 қазандықта, 23 турбинада жөндеу аяқталды. Ал 4 энергоблокта, 27 қазандық пен 16 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі сатыларда жүріп жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, жаңа жылыту маусымына дайындау үшін 487 орталықтандырылған жылу қазандығында 1073 қазан жөндеуден өткізілген, бұл жалпы жоспардың 90%-ын құрайды.

Электр желілерін жөндеу бекі­тілген кестеге сәйкес жүргізіледі және белгіленген мерзімде аяқталады. Қарағанды, Шығыс Қазақ­стан об­лыстарындағы электр станция­лары­ның негізгі жабдықтарын жөндеу мерзімдерінің сақталмағаны атап өтілді. Сонымен қатар энергетикалық кәсіпорындары күрделі жөндеу жұмыстарын 2023 жылға ауыстырған өңірлер де бар. Атап айтқанда, Қарағанды, Маңғыстау облыстары және Шымкент қаласы. «Қазіргі уақытта электр станцияларында отын жинақтау жұмысы жалғасып отыр: энергия көздері қоймаларындағы көмір қоры 3,9 млн тоннаны және мазут қоры 83 мың тоннаны құрайды, бұл жалпы бекітілген нормаларға сәйкес келеді. Ал 5 станцияда көмір қоры қолданыстағы нормативке сай болмай тұр», – деді Б.Ақшолақов.

Осы орайда аталған бес станцияда, яғни Семей ЖЭО-1, Риддер ЖЭО, Шахтинск ЖЭО, Жезқазған ЖЭО, Петропавл ЖЭО-да көмір қорын толықтыру міндеті белгіленді. Былтыр жылу беру маусымының басында жылжымалы құрамның жетіспеуіне байланысты еліміздің бірқатар электр станцияларына көмір жеткізуде қиындықтар болғаны айтылды. Күзгі-қысқы кезеңге дайындыққа жүргізілген талдауға сәйкес Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Ақмола, Павлодар, Абай облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы түрлі себептерді ескере отырып, ағымдағы жылыту маусымын өткізуге ерекше назар аударуды талап ететін өңірлер ретінде айқындалды.

Сондай-ақ министр өңірлерге арналған «әлеуметтік мазутқа» қатысты түсінік берді. Биыл тамызда Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне сәйкес, 1 тоннасы үшін 115 000 теңге бағамен 218,6 мың тонна көлемінде «2022-2023 жылғы күзгі-қысқы кезеңде әлеуметтік-өндірістік нысандар мен мекемелерге мазут жеткізу бойынша мұнай мен мұнай өнімдерінің негізгі қор ұстаушыларына облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын бекіту кестесі» бекітілгенін атап өтті.

Министр сөзін түйіндей келіп, электр станциялары мен электр желілерінде жөндеу жұмыстарын толық көлемде аяқтау, энергия көздерінде отынның нормативті қорын жинақтау үшін жылжымалы құрамның қажетті санын қамтамасыз ету, отын жеткізушілер алдындағы қарызды азайту, коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың жабдықтаушылар алдындағы дебиторлық берешегін азайту шараларын қабылдау, әлеуметтік-мәдени нысандарды, елді мекендер­ді жылумен жабдықтау жүйесіне уақтылы қосу, электр станцияларын, қазандықтарды көмірмен және мазутпен тұрақты қамтамасыз ету секілді түйткілді мәселелерге ерекше назар аударды.

Өз кезегінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бүгінде 11 075 білім беру объектісі (жоспардың 99%-ы) және 5 566 денсаулық сақтау нысаны (98%) жылу беру маусымына дайын екенін айтты. Көмір өндіруші компаниялар қаңтар-шілде айларында 66,4 млн тонна көмір өндірді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106%-ды құрайды. Барлық өңірлерде көмірдің қоры қажетті мөлшерде жинақталған.

Премьер-министр жалпы өңір әкімдіктері жылыту маусымына дайындық жұмыстарын кестеге сай жүргізіп жатқанын атап өтті. Дегенмен, тұрғын үйлердің дайындығын кестеден кешіктіру фактілері де бар. «Халыққа жылу уақытымен беріліп, көмір жеткізуге байланысты проблема болмауы тиіс. Көмір тапшылығы жыл сайын қайталанатын үйреншікті жағдайға айналып барады. Көмір бағасының күрт өсуі, уақытында жеткізілмеуі, өңірлерде көмір қорын дер кезінде жинап алмау – осының барлығы халықтың наразылығына алып келеді. Бұған жол беруге болмайды», – деді Әлихан Смайылов.

Жылу беру маусымына аз ғана уақыт қалды. Солтүстікте суық ерте түсетіндіктен, жылыту маусымын қыркүйектің соңында бастау жоспарланған. Демек дайындық жұмыстарын барынша тездету қажет. Премьер-министр 1 қазанға дейін барлық жылу электр орталықтары мен дербес жылу көздерін нормативтік отын қорымен қамтамасыз ету үшін көмір жеткізушілермен белсенді байланыс жасап, тұрақты мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды. Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақы­лауында болады.

Бетті дайындаған –

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

385 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы