• Бизнес - Қаржы
  • 09 Қыркүйек, 2022

МЕМЛЕКЕТТІК КАПИТАЛИЗМНЕН КЕТУ ПРОЦЕСІ БАСТАЛМАҚ

«Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет ең алдымен бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесеміз. Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды, бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады» деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1-қыркүйекте жасаған Жолдауында атап айтты.

Бұқара халықты әуелі баға тұрақсыздығы, оның ішінде азық-түліктің күн сайын қымбатуы алаңдататыны рас. Осының бәрі ел экономикасында қордаланған мәселе­ге, тепкілесең, кетпейтін, кейін шегінбейтін инфляция қарқынына байланысты екені мәлім. Шынында да, әлемнің барлық мемлекеті сияқты біздің елімізде де экономиканың қордаланған проблемасы жеткілікті.

Елдің басты кіріс көзі мұнай мен газға тәуелді екені тағы белгілі. Президент өзінің Жолдауында осы шикізатқа тәуелділік туралы баса айтты. Әлі де болса, индустриалды-инновациялық дамудың қар­қыны төмен. Әлі де болса, шикізат қорының экспортына ауыз ашып отырған елміз. Ішкі еңбек нарқындағы өнімділік те жоғары емес. Бәрінен бұрын инновация жетіспейді. Рас, ұлттық табыс біршама бар. Бірақ оның игілігін халық жаппай көріп отырған жоқ.

Соның алдында Президент елдегі байлықтың негізі 200-ге жуық адамның қолында ғана екенін айтқан болатын. «Әрине, осының барлығы – күрделі мәселе. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар» деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әуелі бюджет саласына реформа жасалмақ. Ондағы мақсат – түпкі нәтижені дөп баса білуде. Бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітіледі. Осыдан бастап оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажет. Бюджет мәселесі кезкелген мемлекет үшін аса маңызды. Әсіресе экономикасы экспортқа тәуелді мемлекет үшін бұның орны ерекше.

Өкінішке қарай, бюджеттің орындалмауы, бөлінген қаржының толық игерілмеуі бізде үйреншікті жағдайға айналған. Өткен айда Есеп комитетінің төрағасы осы мәселені баса айтқан болатын. Енді ел бюджеттің орындалуы мен жоспарлануына байланысты өзгеріс жасалуы тиіс.

Елімізде салық саясаты толық жолға қойылған. Сондықтан бюджеттің түсімі де қомақты. Ендігі мәселе сол түскен қаржының дұрыс игерілуінде. Жолдауда Ұлттық қордың қаржысының тиімсіз жұмсалатыны туралы баса айтылды. Бұл – өзекті мәселе. Алдағы уақытта біздің мемлекет Ұлттық қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды да­мытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсамақ. Бұған дейін, қит етсе, Ұлттық қорға ауыз ашу тенденциясы байқалған еді. Бір ғана ықтимал девальвация қаупі мен Ұлттық қордың қыруар қаржысы Ұлттық банк арқылы валюта интервенциясына жұмсалып келді. Алайда одан бәлендей нәтиже шыға қоймады. Оған бүгінгі төл валютамыздың бағамы дәлел... Осыдан бастап Ұлттық қорға ауыз ашу тоқтамақ.

Қоғамдағы тағы бір түйткілді мәселе – несие. Елде қазір несиесі жоқ адам саусақпен санарлық. Алдағы кезеңде үкімет халықты несиелеу мәселесін оңтайлы шешпек. Судың да сұрау бар демекші, соңғы кезде екінші деңгейлі банктерде несие ресурсының тапшылығы байқала бастады. Ал ол отандық бизнес үшін тиімсіз. Үкімет алдағы уақытта бұл мәселені назарында ұстамақ.

Қазір шағын және орта бизнес­ті қаржыландыру үшін 42 млрд. долларға жуық қаржы жетіспейді. Соған қарамастан екінші деңгейлі банктерде триллиондаған теңге елдің экономикасына пайдасын тигізбей босқа жатыр. «Ұлттық банк қазіргі ахуалдың өте күрделі екенін ескере отырып, барынша икемді қимылдауы, тіпті тапқырлық танытуы керек. Шетелдерде бұған қатысты оңтайлы тәжірибе бар» деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдауда сыртқы тәуелділіктен арылу үшін ішкі өнімдер өндірісін дамыту жағы айтылды. Ал өнім өндіру үшін алдымен жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды, яғни жергілікті өнімдер өндірісі тұралайды.

Қазір елімізде егін орағы басталды. Шүкіршілік, қазіргі орақ науқанының барысы жаман емес. Астықты, солтүстік Арқада ауа райы қолайлы болып тұр. Соңғы дерекке қарағанда, дәнді дақылдың әр гектары 18-20 центнерден өнім беруде. Осылай жалғаса берсе, биыл Қазақстан 13 млн. тонна астық жинай алады. Ал ішкі сұраным – 7-8 млн. тонна шамасында. Демек, қазіргі геосаяси жағдайда түкірігі жерге түспей тұрған бидайды тиімді бағаға сату мүмкіндігі бар деген сөз.

Жолдауда осы ішкі өнім өн­дірісіне басымдық беру туралы айтылады. «Кәсіпкерлерге жер телімін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталмыш іс-шара кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың қабілетін арттыра түсетіні анық» деп көрсетілген Жолдауда.

Осыдан бастап мемлекет өзінің экономикаға араласуын азайта бермек. Яғни мемлекеттік капитализмнен кету процесі басталмақ. Қазір «Самұрық-Қазына» қоры экономиканың басты салаларына бақылау жасауға ғана мүмкіндік беретін, мажоритарлы үлесі бар инвесторға айналды. Осының өзі-ақ елдің экономикасына тың бастамалар енгенін көрсетеді. Бұл мәселеге орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін амал көп» деп атап көрсетті.

Еліміз қазіргі геосаяси жағдайда Азия мен Еуропа арасындағы аса қажет құрылық дәлізі болып отыр. Осы мүмкіндікті толық пайдаланып мемлекет әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуға тиіс. Соңғы геосаяси оқиғаларға байланысты, ішінде мұнай өнімі де бар, елдің шикізатын экспортқа шығаруда біраз қиындық туғанын көріп отырмыз. Өнімді қазір Әзірбайжан арқылы Еуропаға, Иранға, сол арқылы Таяу Шығысқа шығарудың мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Жолдауда отандық өнімді сыртқа экспорттаудың мәселесіне байланысты жоспарлар бар екені көңілге қуаныш ұялатады.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

 

368 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы