• Аймақ тынысы
  • 16 Қыркүйек, 2022

Әлемнің 99 елімен әріптестік байланыс орнатқан

Әлемнің 99 елімен сауда-саттық әріптестік байланыс орнатқан Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев бейнеконференция байланысы арқылы өткен «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі достық диалогқа» қатысты.

Кездесу барысында өңір басшысы Жетісу облысының дүниежүзінде 99 елмен сауда-саттық әріптестік байланыс ор­нат­қандығын ерекше атап өтті.

Шың­жаң Ұйғыр автоно­миялық Республикасы халық үкіметі төрағасының орын­басары Чэнь Вэйцзюн іс-ша­раның модераторы болды. Конфе­ренцияны Қазақстан­ның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев ашып, екі ел ара­сындағы ынты­мақтастық бағыттарына тоқталды. Қытай Халық Республикасының Қазақ­стандағы Елшісі Чжан Сяо өз сөзінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасына ерекше екпін түсіріп, бүгінге дейін ҚХР мен Қазақстанның тату көрші ретінде екі жақты әріптестік қатынастарын дамыту жо­лындағы сәтті қадам­дарын атап өтті. ШҰАА парт­комы­ның хатшысы Ма Синжуй да баяндама жасап, Шың­жаң өңірінің әлеуметтік-эконо­микалық, мәдени дамуы туралы кеңінен айтып, өз сөзін бейне­роликпен толықтырды.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың жиындағы сөзі өңірдің инвестициялық әлеуеті мен екі жақты ынты­мақтастықтың перспективалары туралы болды. Оның айтуынша, Жетісу облысы 99 елмен сауда-саттық әріптестік байланыста, сол қатарда ҚХР да бар. Биылғы жылдың бірінші жартысындағы мәліметке қарағанда, облыс пен Қытай арасындағы тауар айналымы 720,5 млн. АҚШ долларын құраған. Өңір аумағында қытайлық серіктестердің қа­тысуымен жалпы сомасы 350 млрд. теңге болатын тау-кен өндірісінде, өңдеу саласында, жаңартылған энергия көздері мен логистика бағытында 3 инвестициялық жоба іске асырылуда.

«Өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру – біздің әріптестік қа­рым-қатынастарымыздың ең перспективалы бағыттарының бірі. Бұдан басқа, аграрлық сала, жаңартылатын энергия көздері, құрылыс материалдарын өндіру, туризм, фармацевтика, сондай-ақ минералды шикізатты өндіру және қайта өңдеу ынтымақтастықтың басым бағыттары болмақ», – деп атап өтті облыс әкімі. Ол сонымен қатар «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА мен «Қорғас» ХШЫО-ның мүмкіндіктеріне тоқталды.

Өңір басшысы «Алтынкөл» темір жол бекетінің перспективалары жайлы еске салып, сол сияқты Қазақстан, соның ішінде Жетісу аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансконтиненталды автокөлік жолы дәлізінің жүктерді Қытайдан Еуропаға дейін 11 күнде жеткізуге мүм­кіндік туғызатынын айтты. Бұл өз кезегінде сауда-саттық көлемін ұлғайтып, жүк легін арттыруға жақсы мүмкіндік болмақ. Бейбіт Исабаев «Достық» бекетінде 25 млрд. теңгеге салынатын жүк терминалы құрылысының жобасы туралы да айтып берді. Атап өтсек, бұл жобада Қазақстан – Қытай шекарасында жылына 9 млн. тоннаға дейін жүк пен 300 мың контейнерді ауыстырып тиеу, сақтау мен қоймалау қарастырылған.

Өңір басшысы Алакөл ауда­нының «Достық» бекетінде бір­лесіп фито-ветеринариялық зертхана салу мүмкіндігін қарас­тыруды ұсынды. Бұл жоба ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау рәсімдерін айтарлықтай жеңілдететін болады. Сол сияқты облыс әкімі қытайлық инвестор бастама жасаған, алайда індеттің әсерінен бүгінгі күні тоқтап қал­ған жалпы алаңы 1000 гектар «Hubei Kelison индустриялық паркінің құрылысы» жобасына да жиналғандардың назарын аударды. Жалпы еркін экономикалық аймақтың бірыңғай тізілімінде 28 қатысушы тіркелген, олардың жалпы құны 500 млрд. теңгеге жуықтайтын жобалар бар, соның 9-ы 49 млрд. теңге сомаға іске асырылған. 2026 жылдың соңына дейін жалпы сомасы 450 млрд. теңгеге жуық 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сөзін қорытындылай келе, Жетісу облысы шикізат пен құрылыс материалдарының бірқатар түрлерін – болат профильдер, темірбетон бұйымдары, мәрмәр түйіршіктері мен ұнтағы, сланец, аккумулятор батареяларын, құрама жем, уыт, крахмал мен балық экспорттауға дайын екенін айтты.

Кездесу соңында облыс әкімі Б.Исабаев Жетісу облысы мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында бауырластық қатынастар орнату ниеті туралы хаттамаға қол қойды. Осындай құжаттарға бей­не­конференцияға қатысқан Шығыс Қазақстан, Абай мен Алматы облыстарының әкімдері де қол қойған болатын.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

 

269 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы