• Қаржы
  • 16 Қыркүйек, 2022

Нарықтағы бәсекелестік: көлік және қойма саласы ерлеп тұр

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Жалпы, қай кезде де байрақты бәйге, жүлделі жарыс қоғамдық дамудың желкеніне жел беріп, өнеркәсіп пен өндіріс атаулыны өгіздей өрге сүйреген. Міне, сондықтан да экономиканың тамырын басқан мамандар нарықтағы бәсекелестік деңгейін статистикалық деректер мен іріктемеге сүйене отырып, жүйелі түрде айқындап отырады. Мәселен, үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында бәсеке көлік пен қойма желілерінде өсіп, басқа салаларда төмендеді. Бұл ретте сауда кәсіпорындары бәсекелестік әсеріне барынша тәуелді болып отыр, онда нарықтық бәсекенің өз бизнесіне ықпалын сезетін фир­малар үлесі 38,1 пайызды құрады, бұл көрсеткіш өңдеу өнеркәсібінде 31,2 пайызға, құрылыста 24,6 пайыз­ға жетті. Ең төмен мөлшердегі ықпалды кен өндіру өнер­кәсібі кәсіпорындары сезуде, мұндағы көрсеткіш 14,1 пайызды құрап отыр. Кен өндіру өнеркәсібі бойынша іріктеме негізінен ірі және орта кәсіпорындар арқылы көрсетілген. Оның басым бөлігін мұнай және табиғи газ өндіру, металл кендері, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібіндегі техникалық қызмет көрсететін кәсіпорындар құрайды. 
Өңдеу өнеркәсібіндегі ірі және орта кәсіпорындар сала кәсіпорындарының жалпы санының 59,8 пайызына жеткен. Сала бойынша өндіріс көлемінің басым бөлігін металлургиялық өнеркәсіп орындары өндіреді. Құрылыс және ауыл шаруашылығы саласында да ірі және орта кәсіпорындар басым. Көлік және қойма саласы бойынша іріктеменің жартысы мұнай және мұнай өнімдерін құбыржол арқылы тасымалдау қызметтерін көрсететін ірі және орта кәсіпорындарды қамтиды. Олардың ішінде табиғи монополия субъектілеріне жататын кәсіпорындар аз емес. Сауда саласы бойынша іріктемеде жоғарыдағы жиынтықтағыдай ірі және орта кәсіпорындар үлесі көп емес. Сала кәсіпорындары үшін ең маңызды шектеуші факторлардың бірі басқа кәсіпорындар тарапынан туындаған нарықтық бәсекелестік болып отыр. Өндірілген өнімге деген сұраныстың жеткіліксіздігі өңдеу өнеркәсібі үшін қолбайлау болуда. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібінің 26,4 пайызында және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 31,3 пайызында білікті кадрлардың тапшылығы көрініс табуда. Алдағы айларда барлық секторлар бойынша қаржыландыру деңгейі өзгеріссіз қалуы ықтимал, сонымен бірге кен өндіру өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен көлік саласы кәсіпорындарында қаржыландырудың ең үлкен өсімі болжанса, сауда саласы мен құрылыста ең төмен өсім күтілуде. Инвестиция көлемін төмендетуді жоспарлап отырған кәсіпорындардың ең жоғары үлесі құрылыста және өңдеу өндірісінде, ал ең төмен үлесі сауда саласында тосылып отыр. Қарастырылған салалардың бәрінде инвестицияны арттыруды жоспарлаған кәсіпорындар үлесінен гөрі оны төмендетуді жоспарлап отырғандардың салмағы басым. Биылғы жылдың екінші тоқсанында көлік және ауыл шаруашылығы салаларында дайын өнімге деген сұраныстың біршама жақсаруы, ал тау-кен және өңдеу өнеркәсібі салаларында төмендеуі байқалды. Сауда және құрылыс бойынша сұраныс көрсеткіші теріс аймақта қалып отыр. Дегенмен, үшінші тоқсанда құрылыс, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінде, саудада сұраныс жағдайының жақсаруы күтілгенімен, кен өңдіру өнеркәсібі мен көлік саласында төмендеуі болжанып отыр. 
Екінші тоқсанда шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқынының артуы барлық салаларда байқалды. Сонымен қатар сауда мен көлік салаларында дайын өнім бағалары өсті. Өндірістік қуат жүктемесі барлық салаларда артты. Үшінші тоқсанда барлық қарастырылған салаларда шикізат пен материалдар және дайын өнім бағасының өсу қарқыны біршама төмендейді деп күтілуде. Ең көп өсу құрылыста байқалды. Ең жоғары өндірістік қуат жүктемесі кен өндіру өнеркәсібінде көрініс табуда. Мұнда өндірістік қуатты барынша жүктеген кәсіпорындар үлесі басқа салаларға қарағанда жоғарырақ. Ең нашар қуат жүктемесі құрылыс саласында. Нәтижесінде ең жоғары өндірістік қуат жүктемесі деңгейі кен өндіру өнеркәсібінде сақталып отыр. Өндірістік әлеуетін ең аз қолданатын секторлар құрылыс, сауда және көлік салалары болып табылады. Бұл ретте құрылыс пен ауыл шаруашылығы бойынша қуат жүктемесі динамикасының құбылмалылығы көрсеткіштің маусымдық факторларға тәуелділігімен түсіндірілуде. Кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштері екінші тоқсанда әрқилы қалыптасты. Мәселен, кен өндіру кәсіпорындарының өтімділігі ең биік деңгейде, сондай-ақ кен өндіру өнеркәсібі мен көлік және қойма саласы кәсіпорындарының төлем қабілеттілігі де айтарлықтай дәрежеде болса, сауда саласында іскерлік белсенділік басқаларға қарағанда әлдеқайда артық. Бұл ретте кен өндіру өнеркәсібі кәсіпорындарының рентабельділігі жоғары, ал құрылыс және сауда саласында төмен екенін атап өтуіміз керек. Кен өндіру өнеркәсібінің кәсіпорындарында инвестиция меншікті қаражат есебінен қаржыландырылып келеді. Кәсіпорындардың жалпы төлем қабілеттілігі өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында және көлік саласында өскенімен, басқа салаларда төмендеді. Ең жоғары өсу ауыл шаруашылығында орын алды. Екінші тоқсанда пайыз, салық және амортизация төлемдері бойынша шығындар шегерілгенге дейінгі сату рентабельділігі ауыл шаруашылығынан басқа барлық салаларда өсті. Кәсіпорындардың өздерінің қысқа мерзімді міндеттемелерін жабу мүмкіндіктері өңдеу өнеркәсібі мен көлік саласынан басқа барлық салаларда нашарлады. Қаржылық жылды шығынмен аяқтайтыны болжанып отырған кәсіпорындардың үлесі құрылыс саласында көбірек болып отыр. Өңдеу өнеркәсібі және көлік саласы кәсіпорындарының болжамы әлдеқайда жақсырақ екенін атап өтуіміз керек, бұл ретте жылды пайдамен жабады деп саналатын кәсіпорындар үлесі сәйкесінше 44,6 пайыз бен 40,1 пайызды құрады. Қарас­тырылып отырған салалардың бәрінде қаржылық жылды пайдамен жабуды көздеп отырған кәсіпорындар шығы­нмен жабуды болжаған кәсіпорындардан көбірек.

2343 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы