- Қаржы
- 16 Қыркүйек, 2022
Банктер активтері 40,3 триллион теңгеге жеткен

1 тамыздағы жағдай бойынша еліміздің банк секторын 22 екінші деңгейдегі банк құрайды. Оның ішінде 12 қаржы институтында шетел капиталының үлесі бар болса, 10-ы – еншілес банк. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлайды. Агенттік мамандарының мәлімдеуінше, базалық мөлшерлеменің артуы аясында қорландыру құны да ұлғая түспек. Енді еліміз банк секторының салалық құрылымындағы жеке көрсеткіштерге тоқталсақ.
Айта кету керек, банк секторының активтері биыл шілдеде 2,8%-ға немесе 1,1 трлн теңгеге ұлғайып, 1 тамызға 40,3 трлн теңгені құраған (жыл басынан бері өсім – 7,2% немесе 2,7 трлн теңге). Активтердің өсуі клиенттер салымдарының 4,8%-ға немесе 1,3 трлн теңгеге және несие портфелінің 1,1%-ға немесе 240 млрд теңгеге ұлғаюы нәтижесінде орын алды. Жоғары өтімді активтер 12,6 трлн теңгені немесе активтердің 31,3%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Экономикаға кредиттер шілдеде 1,6%-ға өсіп, 20,4 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өсуі биылғы жылдың басынан бері 10,1%-ды немесе 1,9 трлн теңгені құрады. Ұлттық валютадағы кредиттер шілдеде 2,1%-ға, 18,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы кредиттер 3,7%- ға, 1,7 трлн теңгеге дейін төмендеді. Кредиттердің негізгі үлесі өнеркәсіп (34,2%), сауда (21,3%), құрылыс (7,5%) және көлік (5,8%) салаларына тиесілі.
Заңды тұлғаларға кредиттер 8,0 трлн теңгені құрап, шілдеде 1,2%-ға төмендеді. Бұл ретте жылдың басынан бері осы көрсеткіштің өсуі 2,9%-ды құрады (2021 жылғы осындай кезеңде – 1,8%-ға өсті). Корпоративтік кредиттеудегі белсенділіктің төмендеуіне осы сегментте дәстүрлі түрде жұмыс істейтін ресейлік еншілес банктердің кредиттік қызметін тоқтата тұру, сондай-ақ инфляцияның өсуі салдарынан ақша-кредит шарттарының қатаңдауы әсер етті. Бұл ретте ірі бизнеске қарыздар жылдың басынан бері 8,9%-ға 4,0 трлн теңгеге дейін, шағын және орта бизнеске (ДК қоса алғанда) – 3,6%-ға 5,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Жеке тұлғаларға кредиттер шілдеде 3,4%-ға ұлғайып, 12,4 трлн теңгені құрады (жылдың басынан бері 15,3%-ға өсті). Жеке тұлғаларға кредиттердің өсуі жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру нәтижесінде ипотекалық кредиттеудің 3,3%-ға 4,0 трлн теңгеге дейін ұлғаюы, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 3,9%-ға 6,9 трлн теңгеге дейін өсуі себеп болды.
1 тамыздағы жағдайға сәйкес банк секторы бойынша NPL қарыздарының деңгейі 0,5 п.т. немесе 58 млрд теңгеге ұлғайып, 828 млрд теңгені немесе жалпы несие портфелінің 3,8%-ын құрады (1 қаңтарда – 3,3% немесе 669 млрд теңге). Заңды тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздар деңгейі 4,1%-ды немесе 396 млрд теңгені, жеке тұлғалардың портфелінде – 3,7%-ды немесе 432 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен жабу 72,1%-ды құрайды.
Банктердің меншікті капиталы шілдеде 7,2%-ға 5,65 трлн теңгеге дейін өсті. 1 тамыздағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 17,6%-ды, меншікті капитал (к2) – 21%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы ықтимал тәуекелдерді жабуды қамтамасыз етеді.
Банк секторының міндеттемелері шілдеде клиенттердің салымдарын 4,8%-ға 27,7 трлн теңгеге дейін ұлғайту нәтижесінде 2,2%-ға 35,5 трлн теңгеге дейін өсті (міндеттемелер құрылымындағы үлесі 78,1%). Осы жылдың басынан бері банктердің міндеттемелері 7,2%-ға өсті.
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы салымдары шілдеде 3,3%-ға 28,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды (жылдың басынан бері өсім – 3,5%). Заңды тұлғалар салымдары 4,8%-ға, 14,5 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғалардікі – 1,7%-ға, 13,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ұлттық валютадағы депозиттер шілдеде 3,1%-ға 18,1 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында – 3,5%-ға 9,9 трлн теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде 1 тамыздағы жағдай бойынша долларлану деңгейі жылдың басындағы 36,0%-бен салыстырғанда 35,4%-ды құрады.
Базалық мөлшерлеменің артуы аясында қорландыру құны ұлғаяды. Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі биыл шілдеде 12,3% (2021 жылғы желтоқсанда – 7,4%), жеке тұлғалардікі – 11,8%-ды (2021 жылғы желтоқсанда – 8,0%) құрады.
ИСА ҚАМБАР

2248 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *