• Аймақ тынысы
  • 16 Қыркүйек, 2022

Сарқан ауданын дамыту бағыттары белгіленді

Жыл басынан бері Сарқан ауданына 24 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 4,5 есе өскенін көрсетеді. Сол сияқты ауданда тұрғын үй құрылысында да ілгерілеу басым. Мұнда ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 98 мың гектарды құрап отыр, оның ішінде қант қызылшасы 1 мың гектар немесе облыстың жалпы егістігінің 17%-ы. Ауданда жыл сайын 20 мың тоннадан астам көкөніс, 7 мың тонна алма өсіріледі, бірақ өңдеу мәселесі қолға алынбаған.

Сондықтан ауданда жаңа қайта өңдеу өндірістерін, жеміс сақтау қоймаларын ашу керек. Сарқан өңіріндегі 14 бордақылау алаңының 8-і жұмыс істемейді.

Ал тауарлы сүт фермалары әлі құрылмаған. Осы және өзге де жетістіктер мен кемшіліктер туралы бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Сарқан ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты.

Алдымен аудандық Мәдениет үйінде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған облыс басшысы осы ғимараттың мәжіліс залында өңір халқымен кездесті. Бейбіт Исабаев өз баяндамасында Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылған міндеттерге сай қабылданатын шаралар, елдегі саяси-экономикалық өзгерістер мен халықтың әл-ауқатын арттыруға байланысты жайларға тоқтал­ды. Сол сияқты облыс және аудан экономикасының қазіргі хал-ахуалынан хабардар етіп, Сарқанда қолға алынуы тиіс жұмыс бағыттарын атап өтті.

Суармалы судың тапшылығын болдырмау үшін биыл Сарқан қаласы, Алмалы, Амангелді, Бақалы, Қарабөгет және Черкасск ауылдарында ұзындығы 119 шақырым 10 ішкі шаруашылық каналдарын механикалық тазалау үшін 207 млн. теңге бөлінді. Алмалы ауылдық округіндегі ұзындығы 11,6 шақырым «Малиш» каналын механикалық тазалау жұмыстары басталды. Өткен жылы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру үшін облыстық бюджеттен Тәуке, Ащылыөзек магис­тралды каналын күрделі жөндеуге 1,3 млрд. теңге бөлінді. Оларды қалпына келтіру жұмыстары биылғы жыл­дың аяғында аяқталады. Өңірде тау туризмі, Балқаш көлінің жағалауын дамыту жұмыстары жүргізіледі.

«Мал басының көбеюіне байланысты ауданда жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі байқалады. Мұндай мәселе бір Сарқан ауданында ғана емес, барлық өңірде бар. Сондықтан бұл проблеманы мен жақсы білемін. Бұл өңірде халықтың жайылымдық жерге деген мұқтаждығын шешу үшін «Март-Агро» компаниясымен Қойлық пен Бақалы ауылдық округтерінде егіс науқаны аяқталғаннан кейін жерді мал жаю үшін пайдалану жөнінде келісім жасалып, меморандумға қол қойылған. Тиісті сала басшыларына жер пайдалануға мониторингті күшейту, оларды айналымға енгізу, мемлекеттік меншікке қайтару жөнінде жүйелі жұмыс жүргізу шараларын қабылдауды тапсырамын. Аудан әкімдігі осы маңызды мәселені ерекше бақылауға алсын», – деді облыс әкімі.

Айтылған мәліметтерге сүйенсек, Сарқан ауданында 5,5, млрд. теңгенің өнімі өндірілген, яғни облыс көлеміндегі үлесі 3,8%. Осы орайда облыс әкімі шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті. «Аудандағы 3 мың субъектіден бюджетке 406 млн. теңге түскен, яғни өткен жылдың осы мерзіміне қарағанда 3,4% артық. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ мұнымен тоқтап қалмай, шағын бизнесті одан әрі дамыту керек. Тұрғын үй құрылысы қарқынды басталды», – деді Б.Исабаев.

Сарқан ауданындағы 36 елді мекеннің 28-і орталық су жүйесімен қамтылған. Дегенмен 21%-нің тозығы жеткен. Сарқан қаласының тұрғындары бұған дейін көктемгі-жазғы кезеңде ауыз су сапасын жақсартуды сұраған болатын. Осыған байланысты облыс әкімі қазір су жүйесінің 1-ші шақырымына ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатқанын айтты. Сол сияқты қаладағы сүзгінің кәріз алаңдарын 17,7 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстары қазанның соңында аяқталуы тиіс. Сонымен бірге Сарқан өзеніндегі бастоғанның, Екіаша, Алмалы ауылдарындағы сумен қамту жүйелерінің жаңғыртуы мен құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар облыс басшысы жол жөндеу, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және жұмыспен қамту сияқты басқа да маңызды салалардағы жоспар-жобалар жайлы айтып берді.

«Қағаздағы есепте мыңдаған адамды жұмыспен қамтыдық деп көрсетеміз. Шынында солай ма, уақытша және маусымдық жұмысқа тұрғандар бір-екі айдан кейін қайтадан жұмыссыз қалады. Сондықтан есеп жүргізу әдістемесін қайта қарап, нақты жағ­дайды анықтап, соған қарай іс-шаралар қабылдауымыз керек», – деп әкім облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жаңа міндет жүктеді.

Жиында аудан тұрғындарынан он бес сұрақ қойылды. Мәселен, Қазыбаев ауылының тұрғыны Талғат Оралханов ауылдағы фельдшерлік акушерлік пункт 1970 жылы салынғанын, қазір керегесі жарылып тұрғанын айтты. Сондықтан ауылдықтарға жаңа ФАП керек. Облыс әкімі бұл мәселе БМК арқылы шешілетінін жеткізді. Ал Аманбөктер ауылының тұрғыны Есенжол Мүсәпіровтің айтуынша, Екіаша мен Аманбөктер арасындағы жолдың 3 шақырымына асфальт төселмеген. Тұрғындар осы жолды жасап беруді сұрайды. Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына мұны келесі жылдың жоспарына енгізіп, жолды жөндеп беру тапсырылды. Сол сияқты 80 орынды мәдениет үйін салу мәселесі де келер жылы шешімін табатын болды. Тұрғындар Екіаша ауылындағы ауыз су, интернет мәселесі, Қойлық ауылында май жайылымы, ауыз су сапасын жақсарту, ауыл ішілік жолдарды жөндеу, жазғы маусымда суару суымен қамту мәселелерін көтерді. Айтылған проблемаларға қатысты Бейбіт Исабаев тиісті салалар мен аудан басшыларынан мән-жайды анықтай отырып нақты жауап берді. Мәселен, Екіаша ауылының сумен қамту жүйесі құрылысының жобалық-сметалық құжатына қаржы қарастылып отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылға белгіленген. Қойлықтағы жайылымдық жерлерге қатысты ірі жер иеленуші ретінде «Март-Агро» серіктестігінің өкілі көптің алдына шығып, әкімдікпен тиісті келісім жасалғанын, мәселе шешімін табатынын айтты. Бұдан басқа да Ермек Шәкенқызының апатты үйін жөндеп беру мәселесі демеушілік көмек арқылы шешімін табатын болды.

Осы жиында Бейбіт Исабаев аудан әкімінің орынбасары өзі жер комиссиясының төрағасы бола отырып, жұбайының атына 500 гектар жер бергені туралы арыз келіп түскенін айтты. Бұл мәселеге қатысты тиісті комиссия құрылып, тексерілетін болады. «Мұның заңды-заңсыз екенін комиссия тексере жатар. Бірақ қалай болғанда да бұл этикаға жатпайды», – деді Б.Исабаев аудан әкімінің орынбасарына. Сол сияқты осы орынбасардың ауданға бөлінген арзандатылған жанар-жағар майды талан-таражға салғаны туралы да облыс әкіміне арыз жеткен екен. Енді бұл мәселенің жай-жапсарын анықтаумен аудандық прокуратура айналысатын болады.

КӘСІПКЕРЛЕР АУЫЛДЫ КӨРКЕЙТУГЕ ҮЛЕС ҚОСЫП ЖАТЫР

Жетісу облысында кәсіпкерлер жергілікті жерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуге белсене қатысуда. Мәселен, Лесновка ауылында күрес түрлеріне арналған спорт мектебі пайдалануға берілді. Ал Ақсу ауданының Тарас ауылында демеушілік қаржыға медициналық пункт салынды.

Тарас ауылында 1973 жылы тұрғызылған ғимараттың орнына жаңа медициналық пункт ашылды. Оны жергілікті «Қыдырәлі» шаруа қожалығының жетекшісі Төлеген Мақашев салып берді. Мұнда фельдшер кабинеті мен екпе бөлмесі түгелдей қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Енді Тарас ауылының 400 тұрғыны осы жаңа медпунктте медициналық көмек алатын болады.

«Ауыл тұрғындарымен қатар медицина қызметкерлері де өз ризашылықтарын білдіруде. Енді мұнда денсаулығына шағымданған жандарға күнделікті көмек көрсетеміз. Қандай шұғыл жағдайда да күндіз-түні қызмет етуге дайынбыз», – дейді медициналық пункттің медбикесі Ақмарал Нұралинова. Осы маңызды жаңалықпен тарастықтарды аудан әкімі Есім Базарханов құттықтады.

Ал Панфилов ауданы Лесновка ауылының балаларына арнап кәсіпкер Айдын Сұлтанов өз қаражатына жаңа спорт кешенін тұрғызды. «Талды» спорт мектебінің аумағы 354 шаршы метр. Мұнда бір мезгілде 50 бала күрес түрлерімен айналыса алады. Сыртында жаттығу алаңдары жасалған, іші толықтай қажетті құралдармен жабдықталған. Қазір екі жаттықтырушы шәкірттерін түрлі жарыстарға дайындап жатыр. Бұған дейін балалардың күреспен айналысуына арнайы жағдай жа­салмаған еді.

«Біз бұрын ескі мешітте жатты­ғатынбыз. Соған қарамастан аудан­дық және облыстық жарыстарда чемпион атандым. Енді бұдан да зор жетістікке жетемін деген үміттемін. Осындай спорт зал салып берген ағаларға рахмет», – деді жас спортшы Әли Қалиақын.

Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбектің айтуынша, бұл – ауданда ашылып отырған төртінші спорт кешені. Барлығын ауылдың қалталы азаматтары өздері салып беруге ниет білдірген. «Балалар жылы» аясында атқарылған осындай керемет тартуға ауыл халқы дән риза. Бұдан бөлек өңірде мемлекеттік бағдарламамен Пенжім ауылында 100 орынды және Үлкеншыған ауылында 90 орынды спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр.

НҰРЛАН ҚҰМАР

 

388 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы