• Білім & Ғылым
  • 16 Қыркүйек, 2022

Алғашқы тірек мектеп жабдықталды

«Қазақстан халқына» қоры «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасына қатысушы 17 мектептің алғашқысы – Ақмола облысының Қатаркөл ауылындағы Досов атындағы орта мектепті қажетті материалдық-техникалық жабдықпен қамтамасыз етті.

Жобаның мақсаты ауылдық мектептердегі білім беру сапасын кешенді түрде жақсарту және материалдық-техникалық  тұрғыда жаңғырту болып табылады. «Қазақстан халқына» қорынан 4,25 млрд теңге бөлінген  жобаға қатысатын 17 тірек мектептің алғаш­қысы – қатаркөлдік білім ошағы жаңғырту жұмыстары басталғаннан бергі бір айдың ішінде толығымен жаңартылып, жабдықталды. Осылайша еліміздің он жеті өңірінде Назарбаев зияткерлік мектептері оқыту әдістемесі бойынша ауылдық тірек мектептер жабдықталып, олардың әрқайсысын жарақтандыруға 250 млн теңгеден бағытталады. Жобаны іске асыру ауыл оқушыларына өздері тұратын жерде сапалы білім алуға, сондай-ақ білім беру ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

Осындай мектептердің бірі – Қатаркөл ауылындағы Досов атындағы орта мектептің дүйсенбіде өткен тұсаукесеріне «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «Beeline Қазақстан» бас атқарушы директоры Евгений Настрадин, «НЗМ» ДББҰ басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова, Білім беруді тұрақты дамыту қорының құрылтайшысы, Aitas холдингінің басшысы Серік Толықпаев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Тұсаукесер барысында қатысу­шыларға қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, жаңартылған Қатаркөл тірек мектебінде сабақ өткізіліп жатқан пән кабинеттері көрсетілді. Білім ошағында 39 пәндік кабинет жаңартылып, жиһаз бен жабдықтар жиынтығы, техникалық оқу құралдары, құрал-саймандар мен керек-жарақтар, көрнекі құралдар, сәндік-көркем бұйымдар, баспа құралдары сатып алынған. Жаңа оқу жылында оқушылар пайдаланатын құралдардың қатарында бейне-қабырға мен ақпараттық киоск, арт-студия, сондай-ақ онлайн сабақтар мен шеберлік сабақтарын жазуға арналған телестудия, шеберханалар бар. Қазірдің өзінде сабақтар интерактивті панельдерді, жаңа құрылғылар мен демонстрациялық материалдарды қолдана отырып жүргізілуде. Сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балаларға арналған шағын орталық бар. «16 қыркүйекте «Қазақстан халқына» қоры І ұлттық қайырымдылық конференциясының қорытынды отырысын өткізеді. Аталған конференция аясында біз 1173 ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен 43 zoom-конференция өткіздік. Барлық өңірде 20 дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған 3000 азамат қатысты. Қор бағдарламасының тұжырымдамасын, проспектісін және азаматтық қоғамның ұсыныстарын талқыладық. Дөңгелек үстелдерде айтылған маңызды бағыттардың бірі – ауылда білім беруді дамыту. Бұл тұрғыда, ең алдымен, тірек мектептерді көтеру керек. «Білім туралы» заңда да бұл мәселе айтылған. Бүгін тұсаукесері өтіп отырған Қатаркөл орта мектебі – «Қазақстан халқына» қорының ауылдық тірек мектептерді дамыту жөніндегі алғашқы жобасы. Мектеп барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар НЗМ әлеуеті мен ресурстары арқылы ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелері мен әдістемелерін үйрететін болады. Жоба аясында жаңартылып, жабдықталатын білім ошақтары жақын маңдағы ауыл мектептері үшін шын мәнінде тірек, демеу болуға тиіс. Қазір халықтың жартысына жуығы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан ауыл оқушылары қаладағы құрдастарымен бірдей мүмкіндіктерге ие болуы керек», – деді тұсаукесер салтанатында Болат Жәмішев.

Жалпы бұл жоба 2019 жылдан бері Шығыс Қазақстан  және Ақмола облыстарының 5 мектебінде жүзеге асырылып жатқан «Powered by NIS ауыл мектебі» бастамасының жалғасы екенін атап өтпекпіз. Бастапқы бес мектептің Осынау игілікті іске бастамашы және демеуші болып, Aitas холдингі мен оның құрылтайшысы Серік Толықпаев 1 миллиард теңге қаражат бөлген еді. Жобаның бас серіктестерінің бірі – академиялық бөлігін ұйымдастыруды өз мойнына алған «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ.  НЗМ барлық құрылымдық бөлімшелерімен бірге ауылдық мектепке тегін әдістемелік қолдау көрсетіп, мұғалімдердің біліктілігін арттырады. Қатаркөлдік педагогтерді оқыту және кабинеттерді жабдықтау кезінде осы білім ордасының тәжірибесі мен ұсыныстары пайдаланылғанын айта кеткен жөн. «Бүгінгі күні жаңа технологиялар мен әдістемелерді қолдану – жәй ғана жаңашылдыққа ұмтылыс емес, бұл заман талабы. Біздің ауылдық мектептермен жұмысымыз оқу-тәрбие ісінің барлық аспектілерін жан-жақты, кешенді зерттеуден басталады, осы сараптаудың негізінде мектептің  әдістемелік жоспар мен оқу ортасын қайта жандандырудағы сұранысы анықталады.   Мектепте сараптау тобы құрылып, мектептің қызметін жақсарту мақсатында оқу-тәрбие ісі  жүйелі сарапталып тұрады», – деп атап өтті НЗМ ДББҰ басшысы Күләш Шамшидинова.

Жоба бойынша операциялық шығындарды «Қазақстан халқына» қорының серіктесі – Білім беруді тұрақты дамыту қоры өз мойнына алды. Тірек мектептерін жаңғыртуға бөлінген 4,25 млрд теңгенің жартысына жуығын, атап айтқанда 2 млрд теңге қаржыны жоба демеушілерінің бірі – «Beeline Kazakhstan» компаниясы жіберген. «Біз ауылдық мектептерді жаңғырту ісін бастаған кезімізде алдымызға қойған үлкен мақсатты айқын көрдік. Бұл – 2026 жылдың соңына дейін бүкіл еліміз бойынша 165 мектепті жаңарту. Биыл «Қазақстан халқына» қоры және Beeline Қазақ­станмен ынтымақтастықтың арқа­сында біз жоба ауқымы мен аясын кеңейтіп, барлық облыстарды қамти алдық. Серіктестеріміздің арқасында қарапайым ауылдық мектептердің балалары сапалы білім алуға қол жеткізетініне өте қуаныштымыз. Алда атқарылатын жұмыстар ауқымды. Біз жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, яғни еліміздің сәулетті ертеңіне арналған осынау игі істің жемісті болатынына сенімдіміз және басқа да демеушілер мен серіктестерге ашық екенімізді жеткіземіз», – деді тұсаукесер рәсіміндегі сөзінде БСТДҚ құрылтайшысы, Aitas холдингінің басшысы Серік Толықпаев.

Жемісті жүзеге асырылып, жақсы нәтижелер көрсете бастаған ауылдық мектептерді жаңғырту бастамасы «Қазақстан халқына» қоры мен «Beeline Қазақстан» ком­паниясының қолдауына ие болып, бүгінде жаңартылған ауылдық мектептердің саны 22-ге жеткен. «Телекоммуникациялық бизнес әлеуметтік мәнге ие. Қазіргі заман адамының өмірін осы сала қызметінсіз елестету мүмкін емес. 2020 жылдан бері біз серіктестермен бірге «250+» жобасын жүзеге асырудамыз, соның арқасында Beeline мобильді интернеті мен байланысы 1500-нан астам ауыл­да пайда болды. Ендігі жерде бұл ауылдардың тұрғындары Интернетке қолжетімділік жағынан қаламен тең мүмкіндікке ие. Тірек мектептерін дамыту жобасы да ауыл балаларына сапалы, бәсекелес білімге қол жеткізіп, тең мүкіндіктер жасауға себеп болып отыр. Қайырымдылық ісіндегі үлесіміз осындай игі бас­таманың дамуына бағытталғанына өте қуаныштымыз», – деді «Beeline Қазақстан»  компаниясының бас атқарушы директоры Евгений Настрадин.

Биыл жылдың соңына дейін басқа аймақтардағы қалған 16 мектепте жаңғырту жұмысы аяқталып, ауыл мұғалімдеріне арналған қарқынды курстар мен тренингтер өткізіледі.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

14484 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы