• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 16 Қыркүйек, 2022

Ғылым. Өндіріс.Бизнес. Жұмсалған қаражат елге нақты пайда әкелуі тиіс

Сейсенбідегі кезекті үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының 8 айдағы қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы, «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Сонымен қатар күн тәртібінен тыс ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жайы сөз болды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өткен сегіз айда ел экономикасының өсу қарқыны 3,1%-ды құрағанын мәлімдеді. Нақты сектор 3,3%-ға, қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,3%-ға өсті. Шаруашылық салалары арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру өнеркәсібі жақсы қарқын көрсетіп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 5,7%-ға дейін жеделдеген.

Есепті кезеңде сыртқы сауда айналымы 36,9%-ға өсіп, $74,3 млрд-ты құрады: экспорт 52,9%-ға өсіп, $48,9 млрд болды, ал тауар импорты $25,3 млрд-қа жетті.

Республикалық бюджеттің атқа­ры­луы туралы баяндаған үкімет басшысының орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметіне сәйкес, есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 10 трлн 85 млрд теңге кіріс түскен (жоспар 104,9%-ға орындалды), оның ішінде республикалық бюджет 6,8 трлн теңгеге (101,9%), жергілікті бюджеттер 3,3 трлн теңгеге (111,6%) толық­тырылды. Мемлекеттік бюджет­тің шығыстары 98,4%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,5%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,6%-ға орындалды.

Премьер-министр экономикалық өсудің негізгі драйверлері өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, оның ішінде автомобиль жасау, локомотивтер мен вагондарды қосқанда, басқа да көлік құралдарының өндірісі екенін атап өтті.

Құрылыс секторында жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етіліп, 8,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, сауда, көлік және байланыс салаларында оң серпін тіркелген. Негізгі көрсеткіштер Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында өсіп отырғаны атап өтілді. Тамыз айының қорытындысы бойынша елімізде жылдық инфляция 16%-дан асып кеткенін айта келіп, Әлихан Смайылов барлық өңір әкімдеріне экономиканың өсу қарқынын тө­мендетпеу керектігін, мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдерінің өндірісін ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы туралы министр Бағдат Мусин баяндады. Ұлттық жоба аясында мемлекеттік қызмет көрсетудің 175 бизнес-процесіне жаңа әдістеме бойынша реинжиниринг жасау нәтижесінде жұмсалатын қағаз бен қажетсіз бюрократия жойылды. 2025 жылға дейін барлық 5 мың бизнес-процеске толық реинжиниринг жасалмақ. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру жоспарға сәйкес жүргізілуде, бүгінде олардың үлесі 94%-ға жетті. Жыл соңына дейін 44 мемлекеттік қызмет түрін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, бейне-қызмет арқылы алу мүмкін болады.

«Kaznedra» бірыңғай платформасы бойынша тестілеу режимінде «minerals.gov.kz» сайты іске қосыл­ды. Қазір пайдаланушының жеке кабинетінде интерактивті картаға басылған жер қойнауы туралы 1,5 мың электронды есеп қолжетімді. Платформа арқылы жер қойнауын барлауға тиісті лицензияға өтінім беру және уәкілетті мемлекеттік органмен өзара электронды хат алмасу мүмкіндігі бар. Құрылыс және көлік салаларын цифрландыру аясында E-Qurylys алаңында 92 республикалық автожол құрылысын бақылау процесі жүзеге асырылып отыр. Агросекторда 1 шілдеден бастап Субсидиялау жүйесі іске қосылды. Мұнда мемлекеттік қолдау жөніндегі барлық ақпарат жиналған, бұл фермерлерге жалпы құжаттармен әуре-сарсаңды азайтып, шығындарды 30%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Отын-энергетика кешені саласында барлық АЖҚС қосылған мұнай және газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесі пайдалануға енгізілді. Енді жаңармай және өзге шикізаттың сатылуы мен қоры туралы ақпарат онлайн түрде қолжетімді болады.

Білім беру саласында қазір қолда бар 670 баспа оқулығының 97% цифрлық форматқа көшірілді. Жыл соңына дейін 100% болмақ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылыми экожүйе­нің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағы­тындағы жұмыстар туралы айтып берді. Ғылыми зерттеулердің нәтижелілігі мен экономиканың түрлі секторларында қолданылуын арттыру – алда тұрған маңызды міндет. Осы ретте соңғы жылдары ғылым туралы заңнамаға біршама өзгерістер енгізілді, қаржыландыру 2 есеге жуық өсті. «Бізге жұмсал­ған қаражаттың тиімді қайтарымы қажет. Отандық индустрия, ғылыми қоғамдастық, университеттер мен бизнес өзара тығыз байланыс орнатуы қажет. Ғылыми жетістіктер өндіріске енгізіліп, халыққа нақты пайда әкелуі тиіс. Ғылым министрлігі бұған ерекше назар аударуы керек», – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар елдің ғылыми-техникалық дамуына жеке инвестицияларды кеңінен тарту үшін жаңа ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар құруды басым инвестициялық жобалар тізбесіне енгізу мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Премьер-министр ұлттық жобаны іске асыру IT-саладағы жалпы ішкі өнімнің үлесін 5%-ға дейін ұлғайтып, қолданбалы ғылыми зерттеулерді қаржыландыруда жеке сектордың үлесін кемінде 50%-ға арттыруы тиіс екенін айтты. Сонымен қатар азаматтарға әлеуметтік қолдау алуды жеңілдетуге мүмкіндік беретін жобалар пулы іске асырылып жатыр. Дегенмен бірқатар бағыттар бойынша белгіленген жоспарлар мен кейбір көрсеткіштердің орындалмай қалғаны атап өтілді. Пациенттердің денсаулық жағдайын үздіксіз бақылау және проактивті медициналық қызмет көрсету үшін eHealth бірыңғай экожүйесін әзірлеу, «Цифрлық агро­кәсіпорын» және «Цифрлық карьер» жобаларын іске асыру барысында да сұрақтар бар. Жер және жыл­жымайтын мүліктің мемлекеттік кадастрын автоматтандыру және орталықтандыру рәсімі аяқталған жоқ. «Алыстағы елді-мекендерді айтпағанда, ірі қалаларымызда Интернет сапасы барлық жерде бірдей жақсы емес. Халықтан түсіп жатқан шағым көп. Интернет байланыс жақсы болмаса, цифрлық платформалардың және ақпараттық жүйелердің пайдасы жоқ. Цифрлық даму министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстау керек», – деді Ә.Смайылов.

Күн тәртібінен тыс қаралған маңызды мәселе – ішкі нарықты жанар-жағар­май материалдарымен қамта­масыз ету туралы хабар­лаған энергетика министрі Болат Ақшолақов осы ретте жанармай бекеттері мен мұнай базаларында отын қоры ұлғайтылып, жеткізу бағыттары оңтайландырылғанын, делдалдарды алып тастау және ел аумағынан отын шығаруды шектеу шаралары қабылданғанын, сондай-ақ министрлікте және ірі жанармай бекеттерінде бағаны негізсіз көтеру немесе сатудан бас тарту мәсе­лелері бойынша азаматтардың өтініш­теріне жедел жауап беру үшін колл-орталықтар құрылғанын айтты.

Премьер-министр жанармай на­рығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті шұғыл шаралар қабылданғанын атап өтті. Мұнай өңдеу және дизель отынын өндіру көлемі ұлғайтылды, зауыттардан базалар мен өңірлердегі жанармай құю бекеттеріне дейін мұнай өнімдері логистикасы жолға қойылды. «Мұнай өнімдерін әкетуге жол бермеу мақ­сатында қажетті экспорттық шектеулер енгізілді, дизель отыны ішкі нарыққа делдалдарсыз жеткізіледі. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жанар-жағармай нары­ғындағы ахуал бір қалыпқа келіп жатыр», – деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы сөзін түйіндей келіп, 15 қыркүйектен бастап жанармай құю станцияларында ЖЖМ босатуды есепке алудың цифрлық жүйесін, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеңілдікті дизель отынын бөлу жүйесін енгізуді, сондай-ақ өңірлердегі халықты сұйытылған газбен қамтамасыз ету шараларын қабылдауды тапсырды. Энергетика министрлігіне 2023 жылдан бастап мұнай өнімдерін сату кезінде өнімсіз делдалдарды қатыстырмайтын жаңа мұнай өңдеу жүйесіне көшу тапсырылды.

Бетті дайындаған –

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

394 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы