• Аймақ тынысы
  • 22 Қыркүйек, 2022

Ғарышмониторинг аясы кеңейтіледі

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ төрағасы, белгілі ұшқыш-космонавт, Халық қаһарманы, генерал-майор Айдын Айымбетовпен кездесті. Кездесу барысында космомониторинг саласындағы ынтымақтастық байланыстарды кеңейту мәселесі сөз болды.

Облыс әкімі Жетісуда ауыл шаруашылығына ерекше ден қойылып отырғанын атап өтті. Сондықтан ғарыштан мониторинг жасау мақсатты пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашы­лы­ғы жерлерін анықтауға септігін тигізіп, бұл процестерге жаңа қарқын беретінін айтты. «Бүгінгі күнге космомониторингінің нәти­жесінде облысымызда 857 мың гектар пайдаланылмай жатқан жерлер бар екені анықталып, соның 42,4 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылса, 438,6 гектары ауыл шаруашылығы айналымына қосылды. Сол сияқты өңір­дің әр түкпірінен белгіленбеген жерге қоқыс төгілген 154 орын анықталып, оның 109-ы жойылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусиннің жуырда өңірге келген сапарында біз ғарыштық мониторингінің мүмкіндіктері мен даму бола­шағы туралы әңгімелескен едік. Сіздермен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз, бүгін екі тарапты да қызықтыратын мәселелерді қатар отырып талқылайық», – деді Б.Исабаев.

Компания төрағасы Айдын Айым­бетов өз ризашылығын білдіріп, кәсіпорын өкілдері атқарып отырған жұмыстаны туралы кеңінен баяндап беретінін айтты. Сол сияқты республикалық бюд­жеттік бағдарламалар аясында көрсетілетін тегін қызметтерге тоқталып, жуырда іске қосылған Kaznedra және JerInSpectr цифрлы жаңа платформаларын таныстыратынын жеткізді.

Бизнесті дамыту және ха­лық­аралық ынтымақ­тастық де­партаменті халықара­лық ын­ты­мақтастық басқар­масының бастығы Рустам Абрах­ма­новтың сөзіне қара­ғанда, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ ғарыш мониторингі саласында 40-тан астам бағытта жұмыс істеп, оның ішінде 8-і – алқаптарды, ормандарды, су нысандарын, жайлауларды, жер пайдалануды, төтенше жағдайларды, қалдықтар мен жер қойнауын пайдалануды мониторингі­леуге бағытталған. Мәселен, өсімдіктер космомониторингі күн сайын өсімдіктің жай-күйін, ластануы мен шығымдылы­ғын бағалауға қатысты ақпа­рат жинауға мүмкіндік береді, сондай-ақ өсімдіктің түрін анық­тауға көмектеседі, ал суар­малы жерлердің мониторингі өсім­діктердің суарылу көлемін және суды тұтынуын қадағалайды. Бұл ғарыш мониторингіндегі зор мүм­кін­діктерінің шағын бір бөлігі ғана.

«Экологиялық мәселелер бізді де алаңдатады. Өңірімізде қараусыз қалған қалдық қой­малары аз емес, қазір бізге инвесторлар рекультивация жасауға ұсыныс білдіріп жатыр. Бізді қалдық қоймаларының жағдайы, жер қойнауындағы қор көлемі сияқты көптеген мәселелер толғандырады. Осы бағытта да сіздермен бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді облыс әкімі.

Халықаралық ынтымақ­тас­тық басқармасының бастығы Р.Абдрахмановтың айтуынша, арнайы тапсырыс берілсе, ғарыш мониторингі құралдарының арқа­сында мұндай бағытта да толық­қанды ақпарат жинақтап беруге мүмкіндік бар.

Сол сияқты Бейбіт Исабаев облыстағы ғарыш мониторин­гімен ауыл шаруашылығы, ретсіз қоқыс орындарын, заңсыз құрылыстар және жер қойнауын пайдалануды анықтау бойынша ынтымақ­таса жұмыс істеуге әзір екенін жеткізді. Төтенше жағдай орын алған уақытта орман және дала өрттерінің таралу бағытына болжам жасау, сол сияқты заңсыз ағаш кесу оқиғаларын анықтау мәселесі де өзекті. Осыған байланысты тиісті облыстық басқармалар мен департаменттердің басшыларына тапсырмалар берілді.

«Біз бұл бағдарламаны толық қолдаймыз. Ол расында да пайдалы, бізді қызықтыратын ны­сан­дарды анықтауға кететін уақытты бірнеше есе қысқар­тады. Бүгін пікір алмасып, ой бөлісіп, ортақ мәселелерді бірле­сіп талқылағанымызға қуа­ныш­тымын. Енді әр бағыт жөнінде тікелей байланыс орнататын боламыз», – деді сөзінің соңында Бейбіт Исабаев.

«Қазақстан ғарыш сапары» ҰҚ» АҚ төрағасы Айдын Айымбетов болса, ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, сол сияқты бюрократия мен жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал ету ғарыш мониторингісінің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

НҰРЛАН ҚҰМАР

 

127 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы