• Бизнес & Қоғам
  • 22 Қыркүйек, 2022

Ұлттық палата қайта қарауды ұсынды

Бағаны негізсіз өсуі әлі де тыйылмай келеді. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құны төмендер емес. Бұл туралы Үкімет отырысында әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі кеңесте қаншалықты айтылса да шешімін таппаған өзекжарды мәселенің бірі болып отырған жайы бар.

Осыған орай, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аталған тауарлардың бағасын реттеуді қайта қарау қажет деп есептейді. Палата ма­ман­дарының пікірінше, қазіргі реттеу нарық тәсілдеріне сәйкес келмейді. Сол себепті сарапшылар мәселені бірнеше рет көтеріп, баға неліктен өсуде және оны шешу үшін не істеу керегін айтты. Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсына үңілсек, соңғы айда бағаның өсуі 0,8%-ды құраған. Пияз, қант және күріш қымбаттап, ал қырыққабат, сәбіз және картоп бағасының төмендеуі байқалады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде сиыр еті, құс еті, ұн, картоп, күнбағыс майы, тауық жұмыртқасы мен сүтті қоса алғанда, 680 мың тоннадан астам негізгі азық-түлік бар. Ішкі нарықты бидайдың, қанттың және тұздың қажетті көле­мімен қамтамасыз ету бойынша ке­шенді шаралар қабылданып жатыр. Өңірлерде – ӘМАТ бағасының қымбаттауына бір айда Ұлытау (1,5%), Қарағанды (1,4%) және Қостанай облыстарында (1,3%) жол берілген. Пияз бағасының өсуі ерекше назар аударуға тұрарлық. Мәселен, соңғы айда бағалар орта есеппен 11,9%-ға артты. Бір айда ең көп өсім Батыс Қазақстан, Жетісу, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында тіркелген. Сондықтан азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру мәселесі өзекті болып қала береді. Негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бөлшек сауда бағасы неге қатысты. Сарапшылар, мұндай тауарлардың бөлшек сауда бағасы өндірушілерге, шикізатты импорттаушылардың бағасына, көлік-логистикалық шығыстарға, кедендік баждарға, басқа да сыртқы және ішкі факторларға байланысты екендігін, мемлекеттік органдар доллар бағамының өсуі сияқты факторларды әрдайым ескере бер­мейді, өйткені өнімнің өзіндік құны, оның қаптамасы, жабдықталуы мен қосалқы бөлшектері өндіріске арналған шикізаттың импортталуында екендігін ескерсек, күнбағыс майын өндірушілер импорттық қаптаманы сатып алып, дайын өнімнің өзіндік құнының құрылымында қаптама 10%-ды алатындығын айтып отыр. Сол себепті доллар бағамының өсуі есебінен өнімнің түпкілікті құны да ұлғаяды. ӘМАТ бағасына әртүрлі фактордың әсері де жоқ емес. Бұдан басқа, көрсетілетін қызметтердің ішінде электр энергиясының, салықтардың, жанар-жағармай бағасының артуы, сонымен қатар персоналдың жалақысын өсіру барлығы да өнімнің түпкілікті құнына әсер етеді.

 

ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ БАҒАСЫ ЗАҢМЕНҚАЛАЙ РЕТТЕЛЕДІ?

«Сауда қызметін реттеу туралы» заңда аталған тауарлардың шекті сауда үстемесінің мөлшерін жеткізу шартында көрсетілген өндірушінің босату бағасының немесе көтерме өнім берушінің сатып алу бағасының 15% - ынан аспайтын деңгейде (9-бап) болу керек. Сондықтан бұл тауарлар тізіміндегі өнімдердің 19 түріне сауда да үстеме бағасы 15%-дан аспауы тиіс. 15-проценттік үстемеден асып кету ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабы негізінде әкімшілік жауапқа әкеп соғады. ӘМАТ бағасын апта сайын әкімдіктер, сауда министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар бақылайды. Бүгінде аталған өнімнің бағалық реттелуі қолданыстағы заңнамамен регламенттелген және мемлекеттік органдарға тиісті құқықтық құралдар жиынтығы берілген. Қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру Сауда министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне, оның ішінде рұқсат етілген бөлшек сауда үстемесінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру және нарықтық тетік­терге сәйкес келетін тамақ өнім­деріне бағаны ұстап тұру жөнінде жаңа тәсілдерді әзірлеу де осы органдарға жүктелген.

 

ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ҰСЫНЫСЫ ҚАНДАЙ?

«Ұлттық палата мемлекеттік органдардың қазіргі реттеу жүйесін нарықтық тәсілдерге сай келмейді деп санайды. Сондықтан тұжырымдалық негізде қарау қажет деген мәселені бірнеше рет көтерді», – деп атап өтті Ұлттық палата өкілдері.

Содан кейін Сауда және интеграция министрлігі сауда комитеті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағала­рының шекті мәндерін және оларға шекті рұқсат етілген бөлшек сауда баға­ларының мөлшерін белгілеу қағи­далары жобасын әзірледі.

Ұлттық палата ережелер жобасы мен бизнестің пікірін ескере отырып өз ұсыныстарын берді (15.08.2022 ж. № 10354/22). Қолданыстағы ережелермен салыстыра келе жоба нарықтық қатынастарға, тұтынушылар мен сауда субъектілері өндірушілерінің мүддесін қанағаттандыруға бағытталған. «Ереже жобасы қазіргі экономикадағы жаһандық талаптарға байланысты қолдау тапты. Демек, әлемдегі эконо­микалық жағдай тұрақтанғаннан кейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеуді концептуалды түрде қайта қарау керек», – деген қорытындыға келді ҰКП сарапшылары.

Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімінде жиырмаға тарта өнім түрі, оның ішінде ұн, нан, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс және сары май, ет (сиыр еті, тауық еті), сүт өнімдері (сүт, айран, сүзбе), көкөністер (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) және тұз (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 145 қаулысы) бар.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

3781 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы