• Біздің сұхбат
  • 22 Қыркүйек, 2022

Адами капиталдың сапалы дамуына қатысты өзекті мәселелер қамтылды

«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Президенттің бірінші қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы «Жаңа экономикалық саясат», «Нақты секторды дамыту», «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция», «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту» мен «Заң және тәртіп» – деп аталатын бағдардан тұрып, бүгінгі күнге дейін шешімі табылмай келе жатқан немесе шешілуі қиынға соғып отырған бірқатар мәселелер көтерілген және өзінің сараланған ұсыныстары айқындалған. Сонымен қатар елімізде қордаланған мәселелерді тығырықтан шығару жолдары, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған және мемлекетті одан әрі жаңғырту жөніндегі әлеуметтік қолдау шараларына қатысты жаңа міндеттер де айтылған.

Осыған орай күн тәр­тібіндегі маңызды мәселелер «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарушы директоры, экономика ғылымдары­ның кандидаты Бауыржан Мұқанмен арадағы әңгіме барысында өрбитін болады.

– Бауыржан Ғалиақпарұлы, Жол­даудың әр тарауында ел экономи­ка­сының жағдайы, халықтың әл-ауқа­тын арттыруға арналған басым бағыттары мен адами капиталдың сапалы дамуына қатысты айтылған ойға байланысты өз пікіріңізді білдірсеңіз?

– Жалпы Жолдау сарыны іргелі және қолданбалы сипат алатын ойдың желісінде болғанын айту керек.

Мәселен, іргелі сипат алатын мәселе ретінде адами капиталдың сапалы дамуына қатысты бірқатар факторлардың көтерілгенін назарға алсақ, олар: ақшалай табыс, білім, денсаулық, бәсекеге қабілеттілік, институционалды факторлар мен әлеуметтік құндылықтар. Қазіргі таңда, халық табысының тең бөлінбеу белгілері айқын көрініп отыр. Оның бірі үй шаруашылығындағы нақты қаржылай қаражаттың төмендеуі халықтың табыс деңгейінің ең төмен топтарына әсерін тигізді, ал табысы жоғары топтарға әсері мүлдем болмайды. Кедей санатындағы 3,8 млн халық жалпы табыс жиынтығының 9,42 %-ын иеленсе, ал ең бай 3,8 млн адамға жалпы табыстың 39,4 %-ы тие­сілі. Халық табысының құрылымын қарастыратын болсақ, соңғы 10 жылда халықтың еңбек табысының үлесі 10,8 % -ға төмендегенін көрсетіп отыр (2010 жылғы 71,3 %-дан 2021 жылғы үшінші тоқсанда 60,5 %-ға дейін), ал әлеуметтік трансферттер үлесі (2010 жылғы 15,3 %-дан 2021 жылғы үшінші тоқсанда 25,3 %-ға дейін) керісінше 10 %-дық пунктке өскен.

– Демек, халықтың ақшалай та­бы­­сының құрылымындағы еңбек ақы үлесінің төмендеуі жоғарыдағы кел­тірілгендей, халықтың табыс деңгейі ең төмен топтардың үлесі артатыны анық дегеніңіз бе?

– Әрине, халықтың ақшалай табысын жоғарылатуға тікелей және жанама әсерін беретін факторларды ескерсек, тікелей фактор ретінде Президент өз Жалдауында көтерген ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешімін айтқымыз келіп отыр.

Оның астарында маңызды мәсе­лені шешудің қазіргі таңда өзекті болып отырған – ең төменгі күн көріс деңгейінің мөлшерін есеп­теудің әдістемесін және адамның фи­зио­логиялық қажеттілігін бір айда қанағаттандыру мүмкіндігіне ие болатын тұтыну себетін қайта қарастыру қажеттігін басты назарға алуымыз қажет. Еуропа елдерінде ең төменгі тұтыну бюджеті медиандық табысты ескеру арқылы есептеледі немесе осы көрсеткішпен тепе-тең болады. Нақтырақ айтсақ, медиандық табыс арқылы тауарлар мен қызметтерді халықтың жартысынан жоғары бөлігі тұтынатындығы ескеріледі.

Өткен жылы медиандық табыстың ресми статистикалық мәліметі бойынша 54842 теңгені құраған. Ең төменгі күнкөріс деңгейі осы шамада болға­ны абзал. Осы факторларды ескеру арқылы ең төменгі жалақының ор­таша айлық жалақыға қатынасы 30%-дан кем болмауы тиіс. Себебі, бұл көрсеткіш РФ-28%, Польшада – 41%, Түркияда – 40%, Австарлияда – 44%. Адами капиталдың тағы бір маңызды факторлары: денсаулық сақтау мен білім саласына қатысты мәселелер көтерілді. Мемлекет басшысы еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ екендігін, алдағы екі жылда аталған ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қам­тамасыз етілетіндігі жөнінде айтып өтті. Денсаулық сақтау мекемелерімен және олардың қызметіне қол жетім­ділікті арттыруды қамтамасыз ету мемлекеттің жалпыұлттық басымды бағыттарының бірі болып табылады. Өңірлік стандарттар жүйесінде елді мекендерді әлеуметтік объектілермен қамтамасыз ету мен қол жетімділікті арттыру мәселесі қамтылған. Соған сәйкес өткен жылы денсаулық сақтау мекемелерімен қамтамасыз ету үшін республика бойынша құрылыс ны­сандарының қажеттілігі – 658 бір­лік (6054 ауылдық елді мекендердің 10 %-дық қажеттілігі). Денсаулық сақтау мекемелеріне аса қажеттілігі бар немесе зәру болып отырған Жетісу (110 нысан), Алматы (76 нысан) және Түркістан (59 нысан) облыстары құраған.

– Денсаулық сақтау жүйесінің тиім­ділігін арттыру үшін қандай шараларды қолға алған жөн деп ойлайсыз?

– Денсаулық сақтау саласына қажеттілік жаңа құрылыс нысанын салумен қатар, апатты жағдайдағы мекемелердің санын қысқарту бойынша шараларды қамту қажет. Жергілікті басқару органдарының мәлеметіне сүйенсек, апатты жағдайдағы денсау­лық сақтау мекемелерінің басым көпшілігі Жетісу (42 нысан), Алматы (39 нысан) және Ақмола (24 нысан) облыстарында тіркелген.

Денсаулық сақтау саласының меке­мелерімен физикалық тұрғыда қамтамасыз етумен бірге, кадрлар даяр­лау және материалды-техникалық жара­қтандыру мәселелері қатар ше­ші­луі тиіс.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «2025 жылға дейін 800 мектеп салу жөніндегі бұрынғы тапсырманы мыңға жеткізіп баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз», – деген болатын.

Қазіргі таңда 6 991 мектеп бар десек, оның 23,8 пайызы (1662 нысан) күрделі жөндеуді талап етеді, 44,3 пайызы (3096 нысан) материалды-техни­калық базамен жарақтандыру қажет.

Өңірлік стандарттар жүйесі шең­бе­рінде, Экономикалық зерттеулер инс­­­титуты тарапынан жинақ­талған мә­лі­­меттерге сәйкес, респуб­лика бойын­ша педагогикалық маман­дарға деген тап­­­­шылық 18 мыңға адам­ға дейін жетіп отыр.

Сондықтан Жолдауда берілген мін­деттерді шешу еліміздің адами капиталының сапалы дамуына жер­гілікті бақару органдары мен соған сай мемлекеттік органдардың тара­пынан қажырлы еңбектің талап етіп отыр­ғандығы айқын.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

 

323 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы