• Қаржы
  • 22 Қыркүйек, 2022

Базалық мөлшерлеме белгіленді

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,

әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ профессоры

e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қаржылық ахуалды қадағалап отыру мақсатында Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 14,5 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 15,5 пайызды, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қол жеткізу операциялары бойынша мөлшерлеме 13,5 пайызды құрайды. Шешім қалыптасқан экономикалық жағдайды, тәуекелдер теңгерімін, сондай-ақ қаржылық реттеушінің жаңартылған болжамдарын ескере отырып қабылданды. Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етеді және шаруашылық жүргізуші субъектілердің жинақтау белсенділігін қолдайды. 
Қалыптасқан инфляция ішкі бағалардың сыртқы бағаға бейімделуіне байланысты туындап отыр. Логистикалық қызметтер құнының өсуінен, саудадағы әріптес болып табылатын елдердегі жоғары инфляцияға және теңге бағамының рубльге қатысты әлсіреуіне байланысты сыртқы сектор тарапынан қысым сақталуда. Дегенмен әлемдегі азық-түлік бағасы төмендеп келеді. Бағаның өсуіне түрткі болған ішкі қозғаушы күштер арасынан әлемдік нарықтардағы азық-түлік бағасының төмендеуін тежейтін және орта мерзімді келешекте сұранысты ынталандыратын фискалдық серпінді атап өтуге болады. Жоғары инфляция қазіргі кезеңде ақша-кредит талаптарын қосымша қатайтуды талап етпейді. Бұдан басқа, үстіміздегі жылдың басынан бастап базалық мөлшерлеменің айтарлықтай артуының экономикаға әсері әлі де болса ақырына дейін байқалмай отыр. Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі қаржы нарығының орнықтылығын қамтамасыз ету және экономика субъектілерінің жинақтау белсенділігін қолдау үшін жеткілікті. Тамыздағы бағаның жылдық өсуі 16,1 пайызға дейін жеделдеді. Инфляцияның өсуі барлық құрамдас бөліктер бойынша байқалды: азық-түлік тауарлары 20,8 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 15,5 пайызға, ақылы қызметтер 10,1 пайызға өсті. Тауарлар мен қызметтер арасында бірқатар шаруашылық заттарының, қанттың, ұнның, жарманың, макарон өнімдерінің, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу қызметінің құны өсті. Бағаның төмендеуі негізінен жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінің кең ауқымы бойынша байқалуда. Инфляциялық күтулер жоғары деңгейде қалып отыр. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша әлемдік экономика 2021 жылғы 6,1 пайыздан 2022 жылы 3,2 пайызға дейін және 2023 жылы 2,9 пайызға дейін баяулайды. Қазақстанның негізгі сауда әріптесі саналатын елдер бойынша 2022-2023 жылдарға арналған болжамдар да нашарлады. Сыртқы азық-түлік инфляциясы төмендеу үрдісін жалғастырып келеді. Баға индексі тамызда барлық құрамдас бөліктердің төмендеуіне байланысты 1,9 пайызға түсті. Астық бағасының төмендеуі Украина мен Ресей Федерациясы арасында қол жеткізілген Украинаның негізгі Қара теңіз порттарының ашылуы туралы уағдаластыққа және солтүстік жартышарда жиналған егінге ішінара негізделіп, мұның өзі ұсыныстың артуына ықпал етті. БҰҰ Азық-түлік ұйымының пікірінше, әлемдік түсімге қатысты жақсы жорамалдарға байланысты халықаралық нарықтағы астық ұсынысының артуы бағаның одан әрі төмендеуіне ықпал етеді деп күтілуде. Бұл ретте әлемдегі тұтынушылық инфляция жоғары деңгейде қалып отырғанын атап өту керек. Еуроодақта шілдеде жылдық инфляция 9,8 пайызға дейін жеделдеді, ал АҚШ-та мұнай бағасының біршама төмендеуі салдарынан инфляция 8,5 пайызға дейін баяулады. Халықаралық валюта қорының 2022-2023 жылдарға арналған жаһандық инфляция бойынша болжамдары бағаның бұрын күтілгеннен де тезірек өсетінін көрсетіп отыр. Әлемдік мұнай нарығында мұнай бағасының жоғары деңгейі сақталады деп күтілуде. Халықаралық ұйымдардың болжамы бойынша жақын арада бензин мен өзге де энергия көздеріне бағаның жоғары болуына байланысты сұраныс аздап төмендеуі ықтимал. Мұнай өндіру біртіндеп артады, бірақ бұл жағдай Ресей мен Таяу Шығыс елдерінде мұнай өндірудің кемуімен теңестіріледі. Болжам бойынша биыл Brent маркалы мұнай бағасы орташа есеппен 1 баррель үшін 105,3 АҚШ долларын, ал 2023 жылы 1 баррель үшін 90,3 АҚШ долларын құрайды. Осы факторлар мен болжамдарды ескере отырып, базалық сценарий аясында Brent маркалы мұнай бағасын 2023 жылы ағымдағы деңгейден барреліне 90 АҚШ доллары және 2024 жылы барреліне 85 АҚШ доллары орташа белгісіне дейін біртіндеп төмендету бағыты белгіленді. 
Үстіміздегі жылы Ұлттық банктің Қазақстанда экономиканың өсуіне қатысты болжамдары іскерлік белсенділіктің баяулауы аясында қайта қаралды. Биылғы қорытынды бойынша ірі кен орындарында күтілетін жоспарлы жөндеу және Каспий құбыр консорциумында сақталып отырған белгісіздік аясында жалпы ішкі өнім серпіні серпіні 2,5-3,5 пайызға дейін баяулайды. Сұраныстың барлық құрамдас бөліктері тарапынан ілгерілеу күтіледі. Екінші және үшінші тоқсандардағы кейбір қысқартулардан кейін бірінші тоқсанда қалыптасқан жоғары база мен жыл соңына таман өсу қарқынының қалпына келуі аясында нақты экспорт айтарлықтай артпақ. Орта мерзімді бағалау 2023-2024 жылдары мұнай өндірудің өсуі аясында экспорттың өте жылдам өсетінін көрсетіп отыр. Мемлекеттік шығыстардың артуы жағдайында тұтынушылық сұраныстың жоғары серпіні қосымша ынталандыру көздеріне айналады. Сонымен бірге фискалдық ынталандырудың салдары болатын импорттың жоғары қозғалысы ішкі сұраныстың өсуін ішінара теңестірмек. Келесі жылы жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынының 4-5пайызға дейін жеделдеуі жорамалданып отыр. 2024 жылы да өсім осындай деңгейде болмақ. Ағымдағы алғышарттарды ескере отырып, биылғы жыл соңына таман инфляция 16-18 пайыз аралығында болжануда. Сыртқы және ішкі азық-түлік нарықтарындағы серпінге сай бағаның өсуіне азық-түлік өнімдері негізгі үлес қосуда. Жоғары сыртқы инфляция, теңгенің әлсіреуі мен логистикалық және өндірістік тізбектерді қайта құру аясында инфляциялық қысым байқалатын болады.

2680 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы