• Бизнес & Қоғам
  • 22 Қыркүйек, 2022

Бизнес қоғамды толғандыратын мәселелерден шет қалмауы тиіс

Мемлекет басшысы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты  – бүкіл еліміздің әл-ауқатын сапалы және инклюзивті түрде жақсарту ісі өзгермейтінін ерекше атап өтті. Бұл мақсатқа еркін әрі тиімді нарықтық экономика құру арқылы ғана қол жеткізуге болады.

Осы ретте мемлекет басшысының «Ақорда» резиденциясында өткен еліміздің бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездесуінде талқыланған басты мәселе –  мемлекетті одан әрі дамыту жолындағы отандық кәсіпкерліктің рөлі болды, деп хабарлайды Президеттің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы бүкіл елі­міздің әл-ауқатын сапалы және инклюзивті түрде жақсарту жолында алдымызға қойған биік мақсатқа еркін әрі тиімді нарықтық экономика құру арқылы ғана қол жеткізуге болатынын атап өтті. «Мемлекеттің экономикадағы жетекші рөлі, әсіресе мемлекеттің бизнес ісіне араласуы келмеске кетеді және солай болуға тиіс. Мемлекеттің міндеті – заңға бағынатын бизнеске ел ішінде де, халықаралық нарықта да қолдау көрсету», – деді мемлекет басшысы.

Экономиканы монополиядан арылту және жаңа нарықтар ашу жұмыстары жалғасады. «Бәсекелестік жағдайы теңестіріледі. Енді қандай да бір тұлғаға басымдықтар берілмейді. Мемлекеттік аппараттағы байланыстары мен оның тарапынан жасалатын қамқорлыққа қарамастан, Қазақстанда адал бизнеспен айналысу кез келген адамға тиімді және қауіпсіз болуға тиіс. Бұл – негізгі ұстаным. Біз шағын және орта бизнесті дамытамыз. Кәсіпкерлердің жаңа буынын өсіруге, жаңа идеялар мен ой-пікірлерді қолдауға баса мән береміз. Сонымен қатар мемлекет ірі, қалыптасқан бизнесті қолдаудан бас тартпайды. Керісінше, біз, ең алдымен, сіздерді Әділетті Қазақстан құруға белсене атсалысуға шақырамыз», – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдеріне осы мақсаттарға жету үшін бірқатар шешім қабылданатынын жеткізді. Атап айтқанда, салық саясаты мен салық әкімшілігі түбегейлі қайта қаралады. «2024 жылы жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Оны әзірлеуге бизнес тікелей қатысады. Бұл –  үкіметке берілген тапсырма. 2024 жылдан «басынан бастап реттеу» жүйесі іске қосылады. Бұл бизнесті артық әкімшілік қысымнан босатады. Мемлекеттік сатып алу тәсілдері мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік моделі толығымен қайта қаралып, жер қойнауын пайдалану жөніндегі заңнама жетілдіріледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сала саясатын, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенін, құрылыс саласын, көлік-логистика секторын дамытуға қатысты әдістерді қайта қарау маңызды деп санайды. «Біздің алдымызда биліктің, қоғам мен бизнестің күшін біріктіру арқылы ғана орындауға болатын орасан зор міндет тұр. Оған қоса, 21 қаңтарда өткен кездесу барысында мен айтқан мемлекет пен бизнестің өзара іс-әрекет қағидаттары өзгермейтінін тағы да нақтылаймын. Естеріңізге сала кетейін, бұл – адал бәсекелестік, қабылданатын шешімдердің ашық­тығы, мемлекеттік саясаттың бол­жам­дылығы, бизнестің салыққа адал­дығы, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауап­кершілігі», – деді Мемлекет басшысы.

Президент ірі бизнес өкілдерін қоғамды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуде шет қалмауға шақырды. «Адами капиталға, атап айтқанда, заманауи балабақшалар, жайлы мектептер, ауруханалар, іргелі университеттер салуға, туризм­ді дамытуға инвестиция құю да маңызды. Сіздер қайырымдылық істер жасауды жалғастыра беретін­деріңізге сенімдіміз. Қазір елімізде мектептердің, студенттер жатақха­наларының, жастарға арналған спорт ғимараттарының тапшылығы сезіледі. Сіздердің көмектеріңіз ел үшін елеулі болар еді», – деді Қ.Тоқаев.

Жиын соңында мемлекет басшысы билік пен бизнес арасын­дағы конструктивті диалогты жалғасты­рудың маңызды екенін атап өтті.

ЕРНАР ОРМАНОВ

3729 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы