• Жаңа саясат
  • 22 Қыркүйек, 2022

Әлемдегі ең табысты халықаралық ұйым

Өткен аптада Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Халықаралық аренадағы осынау алқалы жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымын дамытудың басым бағыттарына тоқталды.

Өз сөзін президентіміз: «Ең алдымен, Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны ежелгі Самарқанд қаласында ШЫҰ саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және жылы шыраймен қарсы алғаны үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиёевке алғыс айтқым келеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрамы тұрақты түрде кеңейіп келеді. Бұл – біздің Ұйымның халықаралық беделі мен ықпалының өсіп келе жатқанының айқын дәлелі», – деп бастады.

Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев дәл қазір әлемнің санкциялық қысым әдістері, негізгі жаһандық мәселелерді шешуде кереғар тәсілдер алдыңғы қатарға шыққан күрделі халықаралық жағдайдың шиеленіскен қауіпті кезеңіне қадам басқанын қадап айтты. Өзара сенімнің жетіспеушілігі қазіргі заманның басты ерекшелігіне айналып отырғанын да атап көрсетті. «Біздің алдымызда ШЫҰ әлеуетін толық пайдалану міндеті тұр. Ұйым қызметінің тиімділігін арттыру және әртүрлі саладағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту барлық қатысушы мемлекеттің мүддесіне сай келеді», – деді ол.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ШЫҰ-ны жаһандық экономикалық платформаға айналдыруымыз керек екеніне баса назар аударды. «Біздің ұйым адами, ресурстық және технологиялық әлеуеті бар әлемнің қарқынды дамып келе жатқан экономикасын біріктіреді, – деді ол. – Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үлесі әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен төрттен бірін құрайды, яғни 23 триллион доллардан асады».

Шын мәнінде мұндай қыруар экономикалық қуат бейбіт өмірге жұмылдырылса, нұр үстіне нұр, әрине. Мұны ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерде энергетикалық ресурстардың, көмірдің, сирек металдардың және жаңартылатын энергия көздерінің ең бай қоры бары да айғақтай түссе керек. «Мен жоғарыда айтқандай, біздің ұйымның идеялық және институционалдық негіздерінде кереғарлық пен блоктарға бөлінушілік жоқ. Бұл ШЫҰ-ның халықаралық беделі мен танымалдығының артуына ықпал етті. Соның арқасында ұйым ең табысты бірлестікке айналды. Сондықтан ШЫҰ үдерісіне қатысатын елдердің географиясы жылдан жылға кеңейіп келеді. Бұл – ұйымның жоғары сұранысқа ие екенінің айқын дәлелі. Менің пікірімше, ШЫҰ – қазір әлемдегі ең табысты халықаралық ұйым», – деп айрықша атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Айта кету керек, Қазақстан Республикасының президенті экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттары саналатын транзиттік-көлік секторы, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне арнайы тоқталып өтті. «ШЫҰ елдерінің тиімді экономикалық және көлік дәліздерін дамыту жөніндегі ынтымақтастық тұжырымдамасының қабылдануы өзара логистикалық байланысты жақсартудағы маңызды жетістік болды. Әңгіме «Қытай – Еуропа» бағыты және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша теміржол тасымалы, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай шекарасында үшінші теміржол өткелінің құрылысын салу жоспары туралы болып отыр» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Осыған орай мемлекет басшысы ШЫҰ-дағы серіктестерді жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды. «Шығыс Азиядан Парсы шығанағы елдеріне шығатын ең қысқа «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жолының әлеуеті зор. Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы транзиттік-көлік ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді. Өңіріміздегі елдердің өзара байланысын қамтамасыз етуге бағытталған перспективті жобалардың жүзеге асырылуын құптаймыз, – деп толықтырды одан әрі ойын президент. – Біз Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік бағыттарын кеңейту, «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» трансеуразиялық дәліздерін дамыту жөніндегі іс-әрекеттерді қолдаймыз. Жалпы, біз жаңа мультимодальды көлік дәліздері мен логис­тикалық орталықтар ашуды және қолданыстағыларын жаңғыртуды құп­таймыз».

Мемлекет басшысы азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне де арнайы тоқталды. «ШЫҰ мемлекеттері – әлемдегі ең ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші әрі экспорттаушы елдер. Біз ШЫҰ аймағында да, одан тыс жерлерде де ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын кеңейтуді ынталандыруымыз керек. Мемлекеттеріміздің халықаралық азық-түлік өндірісі мен жеткізу тізбегінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысуы әлемдік азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтауға көмектеседі», – деді ол.

 Сондай-ақ су ресурстарын игеру мен ұтымды пайдалануға көбірек көңіл бөлу қажет. «ШЫҰ-ның энергетикалық стратегиясын бірлесіп әзірлеу жаһандық және өңірлік энергетикалық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге ықпал етеді. Біз сондай-ақ Жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын қабылдауды өзекті деп санаймыз», – деп түйіндеді өз сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

671 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы