• Энергетика
  • 22 Қыркүйек, 2022

Баламалы энергия көздері: Энергетикалық қауіпсіздік және инновациялар

Алматыда АҚШ халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) қолдауымен таза энергетика бойынша Орталық Азия мемлекеттерінің алғашқы форумы өтті. «Энергетикалық көшу және инновациялар» тақырыбында өткен форумда энергетика саласындағы басым қажеттіліктер мен басқа да маңызды мәселелер қаралды.

Сонымен қатар форумда климаттың өзгеруі саласындағы негізгі бастамаларға, электр ауысуын қолдау үшін инновацияларға, технологиялар мен қаржыға, сондай-ақ Орталық Азиядағы өңірлік нарықтық ынтымақтастық пен электр энергиясы саудасының мүмкіндіктері мен проблемаларына басты назар аударылды.

 

 

Саясаткерлер, коммуналдық қызмет басшылары, жетекші технологиялық компаниялар және халықаралық инвесторлар энер­гетикалық стратегияларды, «таза» энергетиканың жаңа техно­логия­ларын және инвестициялау мүмкіндіктерін өңірлік, сондай-ақ әлемдік энергетикалық сектордағы ірі өзгерістерге жауап ретінде кеңінен талқылады. Кездесудің ашылуында USAID-тің Орталық Азиядағы миссиясының аймақтық директоры Лоуренс Харди: «Америка Құрама Штаттары мен Орталық Азия елдерінің Үкіметтері Орталық Азия елдерінің экономикалық өркендеуі мен барлық азаматтарының әл-ауқатын жақсарту жөніндегі маңызды және ортақ пайыммен бөліседі. Біз қазір энергетикалық қауіпсіздік пен жаһандық энергетикалық нарықтың дамуына, сондай-ақ жаһандық климаттық мәселелерді шешуге және экологиялық таза энергия көздерін дамытуға негізделген аймақтағы энергетикалық секторды реформалау мен қайта құрудың маңызды кезеңін­де тұрмыз», – деп мәлімдеді.

Елміздің энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов министрліктің атынан қатысушы­лармен сәлемдесті. Шараға Қыр­ғыз Республикасы энергетика министрінің орынбасары Тілек Айталиев, Тәжікстан Республикасы энергетика және су ресурстары министрінің орынбасары Сорбон Холмухаммадзода, Өзбекстан Рес­публикасы монополияға қарсы комитеті төрағасының орынбаса­ры Бекзод Умматов, сондай-ақ «Түрік­мен­энерго» мемлекеттік электр энергетикалық корпорациясының бас инженері Эркин Гурбанов және т.б. қатысты. Орталық Азия, АҚШ, Үндістан, Сауд Арабиясы, Украина, Австрия және Франция елдерінің атынан 50-ден астам баяндамашы Орталық Азия елдеріне климаттық міндеттемелерін орындауда көмек көрсету бойынша негізгі бастамаларын ұсынды, энергетикалық ауысуды қолдау үшін инновациялардың, технологиялардың және қаржының рөлін, сондай-ақ нарықтық өңірлік ынтымақтастық пен электр энергиясы саудасының мүмкіндіктері мен энергетикалық жүйені дамытудың болашақ траекториясы үшін ең ауыр салдары бар мәселелерін талқылады.

Форум аясында USAID сондай-ақ Орталық Азияға арналған Амери­кандық инновациялық орталық – жаңартылатын энергия көздерін дамыту және интеграциялау үшін озық әлемдік тәжірибені және заманауи технологияларды пайдалануды ілгерілетуге арналған виртуалды платформаны іске қосты.

Соңғы 30 жыл ішінде АҚШ үкіметі Орталық Азия елдері­мен энергетикалық сектордың экономикалық өсуіне, жаңғырты­луына және тұрақтылығына, табиғи ресурстарды басқаруға және климаттың өзгеруіне бейімделуге байланысты бірқатар іс-шаралар бойынша жұмыс істеді. USAID елдердің электр энергетикалық ком­па­ниялардың жұмысын жақсарту, экологиялық таза энергияға инвес­тициялар тарту және электр энер­гиясының трансшекаралық сау­дасын кеңейту жөніндегі күш-жігерін қолдады. Бұл таза энергетика жөніндегі Орталық Азия форумы USAID «Орталық Азия энергетикасы» (Power Central Asia) жобасымен – 2020 жылы іске қосылған энергетикалық секторды қалпына келтіру, таза энергияға ин­вестициялар және транс­шекаралық сауда сияқты негізгі үш бағыт бойынша ұйымдастырылған, құны 40 миллион доллар тұратын флагмандық бесжылдық жоба болып табылады.

Орталық Азия мемлекеттері энер­гетикалық қауіпсіздікті, өңірлік байланысты нығайтып, таза энергетика техно­логиясын қабылдау мақсатында энергетика саласы бойынша жоба жасалды. Бұл өңірде жаңартылатын қуат көздерінің зор әлеуетіне, энергия тиімділігін арттыру мүмкіндігіне ие және онда өңірлік энергетикалық ынтымақтастықты арттыруға себеп көп. USAID-тың «Орталық Азия электр қуаты» жобасы Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан сияқ­ты бес мемлекеттің энергетика қа­уіп­сіздігі саласында ұлттық және өңірлік энергетикалық басымдыққа қол жеткізуіне және өңірлік энергия саудасынан экономикалық пайда көруіне көмектеспек. Сондықтан USAID үш мақсатқа қол жеткізу үшін ерекше мән беріп келеді. Бірінші – Ұлттық нарықты либерализациялау реформасы. Бұл жобаның мақсаты – Орталық Азия мемлекеттерінің ұлттық энергетика жөніндегі стратегиясын жаңартып, оңтайлы нарық ди­зайнын, соның ішінде құқықтық, институционалдық, реттеуші және техникалық базаны көмектесу. USAID сондай-ақ шығынды ескере отырып тариф қалыптастыру әдістемесін жасауға, өндіріс саласын жаңартуға және киберқауіпсіздікті нығайтуға да көңіл бөледі.

Екінші – таза энергия. Стра­те­гиялар жасап, энергетика саласына қатысты жоспарға таза энергия мен энергетика тиімділігі мәселесін енгізуге көмектесе отырып, аймақта таза және жаңартылатын энергия көздерін қолдану деңгейін арттыруда Орталық Азия мемлекеттеріне қолдау көрсету. USAID таза және жаңар­тылатын энергия саласына жеке секторлар инвестициясын тартуды алға жылжытатын болады.

Үшінші – өңірлік электр қуаты нарығы. Жоба трансшекаралық энергия саудасын іске асырып, энергия өндірісі мен тасымалы көздеріне жол аша отырып, USAID-тың өңірлік энергия саласындағы ынтымақтастыққа көрсететін ұзақ мерзімдік қолдауына сүйенеді. Сонымен қатар жоба техникалық және нарықтық құрылымдарды үйлестіре отырып, өңірлік электр энергиясы моделін жасауды мақсат етеді.

Жалпы «Орталық Азия электр қуаты» жобасы Орталық Азияның әр мемлекетіне және барлық өңірге стратегиялық техникалық қолдау көрсетеді. Мәселен, біздің елімізде аталмыш жоба төмен көміртекті даму стратегиясын іске асырып, электр энергиясы нарығының қызметін жақсартуға көмектесіп отыр. Атап айтсақ, олар жаңартылатын балама энергия үлесін арттыру үшін теңес­тіруші, ыңғайлы қызмет көрсете алатын таза қуат көздеріне арналған аукциондарды жоспарлап, іске асырады, шатырға арналған күн және виртуалды электр станцияларына, смрат желілер, теңестіруші нарыққа жол ашу, жеке инвестицияны, саясат пен реттеу саласы әлеуетін арттыруға деген сұранысқа жауап береді. Қырғызстан Республикасында жоба жаңартылатын энергия аукциондарын жоспарлап, іске асыруға, жаңар­тылатын балама энергияны бір желіге біріктіруге, көтерме электр энергиясы нарығын жасап, іске асыруға және трансшекаралық саудада энергия мен қосалқы қызметті қамтуға көмектеседі. Жоба Энергетика министрлігінің, реттеушілер мен жүйе операторларының техникалық қолдау туралы арнайы сұраныстарына жауап бере отырып, тасымалданатын энергия құндылылығын көрсету мақсатында шатырға орналастыратын күн станцияларының пилоттық жобасын іске асырады. Тәжікстанда жоба Энергетика бас жоспарын қайта қарауға, энергия қуаты жүйесін модельдеуге, тасымалдау жүйесіндегі шығынды азайтуға, коммуналдық саланы бөлуге және жекешелендіруге, жаңартылатын энергия аукциондарын жоспарлап, іске асыруға, автономды жаңартылатын энергия көздері мен энергия жинауға қатысты пилоттық жобаларды жасап, іске асыруға және трансшекаралық саудада энергия мен қосалқы қызметті қамтуға және реттеу әлеуетін арттыруға көмектеседі. Түрікменстанда жоба жаңартылатын энергия көздеріне қажетті мүмкін­діктерді анықтауға, энергия саласы үшін көмірсутек қалдықтарын азайту стратегиясын жасауға, метанды азайтуға көмектесуде. Жоба энергия мен қосалқы қызмет саласында әлеуетті арттыру мен трансшекаралық саудаға да көңіл бөледі. Өзбекстанда жоба ұлттық энергия саласын реттеу агенттігі мен жаңа энергетика нарығын ашуға, тасымалданатын энергия (шатырға орналастыратын күн энергиясы) пилоттық жобаларын жасауға, энергия қуаты саласын корпоративтік басқаруға, жа­ңартылатын энергия көздерін іздеп, тауып, оны энергия желілеріне қосу­ға, көмірсутек қалдықтарын азайту мақсатында қазіргі сутек технологияларын зерттеуге және қосалқы қызмет саласындағы трансшекара саудасына қолдау білдіреді. Жоба өңірлік электр энергия нарығын құрып, энергия мәселесі бойынша өңірлік форумдар ұйымдастыру, өңірлік коммуналдық саланы жаңарту мақсатында бірлесе жұмыс істеу платформасын құру, Орталық Азия энергия реттеушілеріне арналған ынтымақтастық платформасын іске асыру және өңірлік энергия саласына АҚШ компаниялары мен өндірістерін көбірек тарту үшін Америка инновация орталығын құруды мақсат етеді. Сондай-ақ жоба тренинг және кәсіби білім беру, жеке инвестицияны арттыру, жергілікті ұйымдар тәжірибелерімен алмасу, гендерлік теңдікті алға жылжыту және маргиналды топтарға қатысты ин­клюзивтілік мәселесін алға жылжыту сияқты «толассыз әре­кеттерді» іске асырады. Агенттік таза энергия реформасын іске асыруға ат салысатын энергетика саласының жергілікті білікті кадрларын даярлауда жергі­лікті қауымдастықтар мен ұйымдарға қолдау білдіреді.

 АҚШ халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) дамуға бастайтын және осы ретте жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ететін жетекші ұйым ретінде 2018 жылы Орталық Азиядағы өңірлік электр нарығын қалыптастыруға көмектесе бастады. Өңірлік электр энергиясы нарығы жалпы экономикалық және әлеуметтік даму мүдделері үшін мүмкіндігінше төмен тарифтер бойынша электр энергиясын жеткізуді қамтамасыз етуге арналған Орталық және Оңтүстік Азиядағы кеңейтілген электр энергиясы нарығының платформасы болады.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

 

 

973 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы