• Отандық өнім
  • 22 Қыркүйек, 2022

Шаруалар алтын күздің әр күнін тиімді пайдалануға мүдделі

Түркістан облысының биылғы 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері оң деңгейде қалыптасты. Өңірдегі жалпы сауда көлемі 219,7 млрд. теңгені құрап, 108,8% -ға өсті. Түркістан облысы бөлшек сауда көлемі бойынша елімізде көш бастап тұр. Жыл басынан бергі бөлшек сауда көлемі 150,5 млрд. теңгеге жетіп, 112,4%-ға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 533,9 млрд. теңгені, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 224,2 млрд. теңгені құрады.

Экономикалық өсудің негізгі драйвері ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 476,9 млрд. теңгені, немесе 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,9%-ды құрады. Бұл ретте мал шаруашылығы +0,2%-ға, ал егін шаруашылығы +9%-ға артты. Облыста сиыр сүтін өндіру +0,9%-ға, тауық жұмыртқасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда +10,5%-ға ұлғайды.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 168,6 млрд. теңгені немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,3%-ды құрады. Сонымен бірге жалпы республика бойынша тұрғын үй құрылысының бәсеңдеуіне қарамастан, ағымдағы жылдың 8 айлық қорытындысына сәйкес, Түркістан облысында пайдала­нуға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы +33,7%-ға артып, 486,1 мың шаршы метрге жетті.

Сонымен қатар облысқа 337,6 млрд. теңге инвестиция бағыт­талды. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда +1,7%-ға артық. Сондай-ақ 2022 жылғы тамызда тұтыну баға­лары­ның индексі 2021 жылғы желтоқ­сан­мен салыстырғанда 113,8% құрады.

Бұдан бөлек, осы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралы­ғында  көлік және қоймалау саласы +10,6%-ға артып, 285,8 млрд. теңгеге жеткен. Байланыс қыз­метінің көлемі 4,9 млрд. теңге, 108,7% құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз үздік үштікке енді.

МАҚТАНЫҢ БІР ТОННАСЫ – 374 МЫҢ ТЕҢГЕ

Еліміздегі ақ мақтаны өсіретін бірден бір өңір – Түркістан облысында мақта терімі басталды. Биыл облыста мақта дақылының егіс көлемі 126,3 мың гектарды құрады. Бұл жалпы егістіктің 15 %. Шитті мақтаның түсімділігі гектарынан 27,3 центнерден 333,4 мың тонна жиналады деп болжануда. Бүгінгі күнде Жетісай, Мақтарал аудандарында жиын-терім жұмыстары қарқынды жүргізілуде (2,1 мың га, 19,7 ц/га 4,1 мың тн). Қолда бар 595 бірлікті комбайндардың 92%-ы жиын-терім жұмыстарына дайын. Жалпы бұл салада 25 мыңнан астам агроқұрылымдар еңбек етеді.

Шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшы­ғының бағасына тікелей тәуелді және Ливерпуль мақта биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Өткен жылы шитті мақтаның тоннасы 320 мың теңгеден қабылданды. Бұл өз кезегінде мақта шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдардың әлеуметтік экономикалық жағдайы­ның жақсаруына оң әсерін тигізді. Қазіргі таңда мақта бағасының 1 тоннасы 374 мың теңгені құрайды.

Шитті мақтаны қабылдау үшін 18 мақта өңдеу зауытының 209 бірлік мақта қабылдау бекеттері жұмыстарын жүргізеді. Бүгінгі күнде зауыттар тарапынан тауар өндірушілерге жиын-терім жұмыстары үшін 150 – 250 мың теңгеден алдын ала төлем жасалуда.

Мемлекет тарапынан күзгі жиын-терім жұмыстарына 48 мың тонна жанар-жағар май (бағасы нарықтан 15-20 % төмен) және 522 түрлі минералды тыңайтқыштардың құ­нын 50 %-ын субсидиялауға бюджеттен 6 млрд. теңге бөлінді. Сонымен қатар 653 түрлі өсімдікке қарсы зиянкестерді алдын алуда қолданылатын пестицидтер мен биопрепараттардың құнын субсидиялауға 521,4 млн. теңге қаржы қаралса, агроқұрылымдардың сатып алған тұқымының құнын арзандатуға 600 млн. теңге қаржы бөлінді.

Ал Жетісай ауданында мақта терімі басталды. Биылғы жылы 80 мың гектарға жуық алқапқа мақта дәні себілген. Жалпы егістік жердің 49 500 гектары шитті мақтаны құрайды. Ерекше күтім мен баптауды қажет ететін техникалық дақылды теру науқаны басталғалы 1074 гектар алқаптың мақтасы теріліп, 1861,70 тонна өнім алынған. Бірінші терімнің өзінде өнімділік гектарына орта есеппен 18 центнерді құрап отыр. Сала мамандарының айтуынша, биылғы науқанда мақталықтың 80 пайызға жуығын техникамен теру жоспарланып отыр.

Ақ ұлпаны техникамен теруді бастағандардың бірі – Ынтымақ ауылдық округінде орналасқан «Бақдәулет» шаруа қожалығы. Иелігіндегі 20 гектар жерге қосымша 30 гектар егістікті жалға алған қожалық төрағасы Серікбай Ахынов «Мақтарал 40-11» сортты шит сеуіп, гектарынан 20 центнерден өнім алуда.

«Биыл жетісайлық шаруалар жалпы 49 500 гектар жерге мақта шитін сепкен. Қазігі таңда диқандары­­мыз мақтаға қажетті агротехникалық ша­раларды аяқтап, жаппай мақта жинау науқанын бастап кетті. Аудан бойынша 29 673 мың гектар мақталық алқапқа дефоляция жұмыстары жүргізілген. Мақта жинау техникалары, 7 мақта зауыты мен 81 мақта қабылдау пункттері биылғы науқанға толықтай дайын тұр. Күзгі жиын-терім науқанын жауын-шашынға қалдырмай, ысырапсыз сәтті өткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Абуов.

Одан бөлек, аудан бойынша күзгі дала жұмыстарына қатысатын 1897 дана ауыл шаруашылық техни­каларының 224-і мақта терімге ар­налған комбайндар болса, бір ғана Ынтымақ ауылдық округінде 151 ауыл шаруашылығы техникалары мен агре­гаттары науқанға сақадай сай тұр.

Негізгі күн көрісі мен әлеуметтік-экономикалық дамуы аграрлы сек­торға тікелей байланысты Жетісай ауданының шаруа-дихандары үшін күн көзінің әрбір сәтін тиімді пайдалану аса маңызды. Ерте көктемнен басталатын еңбек еш кетпеуі үшін жиын-терім науқанындағы өнім бағасының жоғары, қырманның берекелі болуы да көптің тілеуі.

 

ЕТ ӨНІМІ АРЗАН  БАҒАДА САТЫЛАДЫ

Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен Сарыағаш қаласы, «Самал 3» мөлтек ауданы, Торғай көшесі №3/15 мекен-жайында орналасқан «Бекнұр» супермаркеті маңынан «Әлеуметтік ет дүкені 2» ашылды. Бүгінгі таңда аталған дүкенде кәсіпкер М.Анарқұлов ірі қара мал етін саудалауда.

Жаңадан ашылған жалпы аумағы 40 шаршы метрді құрайтын әлеуметтік дүкенде 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік дүкен халыққа қолжетімді бағада ет өнімдерін сатуды үйлестіріліп отыр. Яғни, ет өнімі 2000-2200 теңгеден саудаланып, нарық бағасынан 10%-ға төмен бағамен халыққа ұсынылуда.

Аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосу мақ­сатында басқа ауылдық округтерде де осындай әлеуметтік дүкен ашу жоспарланған.

Мұндағы мақсат – азық-түлік бағасын тұрақтандыру және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу. Сонымен қатар бұл дүкен алдағы уақытта ауданымыздың тұрғындарын сапалы әрі белгіленген бағада ет өнімдерін сатып алуына өз септігін тигізері сөзсіз.

ОРДАБАСЫ АУДАНЫНА ҚАРАСТЫ ЕКІ АУЫЛҒА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауылдық округіне қарасты Боралдай және Қызылсеңгір ауылдарына табиғи газ қосылды. Аталған ауыл тұрғындарының көптен күткен қуан­ы­шын бөлісуге аудан әкімі Нұрбек Бадырақов арнайы қатысып, тиісті жұ­мыс­тарды қазан айына дейін аяқ­тап, халыққа мерзімінде газ беріліп отыр­ған­­дығын жеткізді.

«Аудан әкімі болып тағайын­далғандалған уақыттан бері ауданға қарасты 57 елді-мекеннің түгелін  аралап шықтым. Ауылдардағы жүзеге асырылуы тиіс мәселелерді сондағы тұрғындармен бірге талқыладық. Соның бірі елдімекендерді газбен қамту мәселесі болатын. Боралдай мен Қызылсеңгірге қазан айына дейін газбен қамтамасыз етіледі деген уәде беріл­ген болатын», – деді аудан басшысы.

Айта кету керек, Боралдай елді мекенінде 80-ге тарта үйдің 500-ге жуық тұрғыны болса, ал, Қызылсеңгір ауылын­да 57 үйде 400-ден аса адам тұрады.

Жалпы, Ордабасы ауданында 57 елді мекеннің 4-уі ғана табиғи газбен қамтылған, яғни газбен қамтылу деңгейі 17 пайызға жетіп отыр. Келесі жылы ауылдарды газбен қамту көрсет­кішін 45%-ға жеткізу жоспарлануда.

200-ДЕН АСТАМ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК АЙМАҒЫ БАР

Түркістан қаласындағы саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау және ішкі ирригациялық жүйелердің жай-күйі – басты назарда. Биыл қаланың 12,2 гектар аумағына биыл 15 мыңнан аса ағаш егіліп, 9000 шаршы метр аумаққа көгал төселді. 200 мың түп гүл отырғызылды. 380 гектар аумақта күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Облыс орталығында 400 гектар жерге орналасқан 248 саябақтар мен гүлзар, желілік бақ пен жасыл желекті демалыс аймақтары бар. Демалыс аумақтары жарықтандырылып, көп­жылдық және гүлді ағаштар егілген.

Әр саябақ заманауи, креативті әрі қайталасбас үлгіде салынған. Саттарханов көшесінің бойындағы «Желілік саябақтың» жер көлемі 20 гектардан асады. Мыңнан астам шаммен жарықтандырылған саябақта екі мыңнан астам кіші сәулеттік үлгіде  субұрқақ пен демалуға арналған орындықтар қойылған.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

301 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы