• Үкімет: іргелі істер үрдісінде
  • 22 Қыркүйек, 2022

Денсаулық сақтау: Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді болуы тиіс

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды.

Ұлттық жобаны іске асыру барысы туралы баяндаған денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осы тұрғыда бірінші жар­тыжылдықта атқарылған іс-шаралар халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Мысалы, қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 21,4%-ға, қатерлі ісік түрлерінен –  8,7%-ға, тыныс алу ағзалары ауруларынан – 23%-ға және туберкулезден – 12%-ға төмендеп, жалпы халық арасында өлім-жітім 15,5%-ға азайған. «Есепті кезеңде күрделі және жоғары технология­лық медициналық қызметтердің 80 түрі бойынша 18 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Онкологиялық көмектің сапасын арттыру үшін Гамма-пышақ және ядролық медицина орталықтары жұмыс істейді, онда 300-ден астам операция жасалды және 400-ге жуық пациент емделді, – деп хабарлады министр. – 149 жылжымалы медициналық кешен шалғай ауылдарда консуль­тациялық-диагностикалық қыз­меттер, дәрі-дәрмек ұсына отырып, 1 миллионнан астам тұрғынға меди­циналық көмек көрсетті. Биыл 10 өңірде медициналық көмек көрсеткен 2 «Жәрдем» және «Сала­матты Қазақстан» медициналық пойыз­дарының жұмысы қайта жанданды. Жалпы ауылдық елді ме­кендерді медициналық-сани­тарлық алғашқы көмекпен және диагностикамен қамту жоспары (47%) 49%-ға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе­сінде амбулаториялық деңгейдегі меди­циналық көмектің көлемі 56%-ға дейін жеткізілді. Ау­дандық ауруханалар заманауи компьютерлік томографтармен, рентген аппараттарымен жабдықталуда, Астана және Алматы қалаларында екі ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынып жатыр, бірқатар өңірде 8 балаларды оңалту орталығы ашылды».

Өңірлерде ұлттық жобаны іске асыру барысы туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.

Үкімет басшысы күн тәр­тібіндегі мәселені түйіндей келіп, қазіргі уақытта жаңа денсаулық сақтау объектілерін салуға, медициналық техника сатып алуға, заманауи технологияларды енгізуге, кадрларды оқытуға қомақты қаражат жұмсалып жатқанын айтты. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы әзірленуде, 2025 жылға қарай ауылдық елді мекендерде 650 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу көзделіп отыр. Сондай-ақ 32 аудандық аурухана жаңғыртылатын болады», – деді Ә.Смайылов.

Премьер-министр ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін төмендету үшін шұғыл шаралар қабылдау және әйелдер мен жаңа туған нәрес­телердің денсаулығына тұрақты мониторинг жүргізу, мүмкіндігі шек­теулі балаларға уақытылы оңалту көмегін көрсетуге ерекше назар аудару қажеттігін атап айтты. Осы орайда өңірлермен бірлесіп, заманауи перинаталдық орталықтар салу және балалар ауруханаларын керекті жабдықтарымен жарақтандыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру гранттары­ның санын арттыру мәселелерін пысықтауды және денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында медициналық ақпарат жүйелерінің интеграциялануын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ тез арада шешілуі тиіс бірқатар мәселеге назар аударылды. Атап айтқанда азаматтардың ТМККК және МӘМС бойынша өтініштері, оның ішінде бірінші кезекте дәрігерлік көмектің көлемі жеткіліксіздігі туралы айтылып,  Денсаулық сақтау және Қаржы ми­нистрлігімен бірлесіп, 1 қарашаға дейін оларды қаржыландыруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау тапсырылды.

285 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы