• Өндірістік әлеует
  • 22 Қыркүйек, 2022

БИТУМ ТАПШЫЛЫҒЫ НЕДЕН ТУЫП ОТЫР?

Не жоқ болса, сол қат. Соңғы кезеңнің қат тауары қатарына бұрын таусылмастай көрінген битум да қосылды. Битумға сұраныс жазда артады. Өйткені жаз – құрылыс, жол салу маусымы.

Битум тапшылығының ең жоғары деңгейде сөз бола бастағаны белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауындағы «Нақты секторды дамыту» бөлімінде битум тапшылығы атап көрсетілді.

– Автомобиль жолы құрылы­сының сапасына айрықша көңіл бөлу керек. Бюджеттен мол қаржы құйылуына қарамастан проблема шешілер емес. Осының алдында 2025 жылға қарай жағдайы жақсы жергілікті жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізуге тапсырма берген болатынмын. Алайда битум тапшылығына байланысты мәселе әлі шешілмей отыр. Бұл – ірі мұнай өндіруші ел үшін үлкен сын. Үкімет осы проблеманы түбегейлі шешуі керек. Кейде жанармайға, тіпті қантқа байланысты мұқтаждықты жою қажет, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Битум – мұнай өнімі. Ал біздің елде мұнайға тапшылық екібастан жоқ. Соған қарамастан мұнайдан алынатын битумға деген мұқтаждық туып отыр. Қазір құрылыс жұмыстарының қай-қайсысын алып қарасаң да, битумсыз жұмыс жүрмейді. Әрі бұл – ықылым заманнан бар құбылыс. Ерте дүние тарихында да адамзат осы битумды құрылысқа кеңінен пайдаланған. Қазіргі битум мұнайды, көмірді, сланецті қайта өңдеу жолымен алынады.

Мұнай өніміне жасалған талдауға қарасақ, елімізде битум тапшы­лығының биыл ғана байқал­мағанын көре­міз. Мәселен, 2020 жылы энергетика министрінің «2014 және 2020 жылдар аралығында битумға сұраныс 400 мың тоннадан 984 мың тоннаға артып отыр. Әрі бұл – Қазақстанның бүкіл тарихындағы рекордты көр­сеткіш» дегені бар.

Соңғы деректерге қарағанда, қазір елімізде Ақтау битум зауытының өнім мөлшерін жылына 1 миллионнан 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделуде.

Қазірдің өзінде жобалық-сметалық құжаттар жасалынды. Сол жобаның арқасында елдегі битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін арттырудың мүмкіндігі бар көрінеді.

Президенттің соңғы ескертуінен кейін үкімет төңірегінде де осы мәселеге байланысты қозғалыстар көрініс бере бастады. 5-қыркүйекте энергетика министрі Болат Ақшолақов «Биылдың 8 айында елімізде 726 мың тонна битум шығарылды» деп атап көрсетті.

Бұған дейін елде дизель тапшы­лығы, газ тапшылығы, сұйытылған газ тапшылығы, электр қуатының тапшылығы деген құбылыстар көрініс берген болатын. Енді бұған битум тапшылығы қосылып отыр.

Қазақстанда бас-аяғы битум шығаратын 4 зауыт бар. Мұнайды  қайта өңдеуді 1 миллионнан 1,5 млн тоннаға дейін арттыру есебінен қазір битум өндірісін ұлғайту ойластырылуда. Мәселен, Павлодар мұнай-химия зауыты  350 мың тонна, Шымкент зауыты 280 мың тонна, Алматы облысындағы «Асфальтбетон 1»  серіктестігі 180 мың тонна битум өн­діруді жоспарлап отыр.

2013 жылы Қазақстанда битум шығаратын ең ірі кәсіпорын Каспийбитум іске қосылған болатын. Ал оған дейін Қазақстан жылына 200 мың тоннаға жуық битумды Ресейден алып келді. Ал қазіргі мүмкіндік басқаша. Өзімізге қажетті битумның 70 пайызын өз елімізде өндіретін мүмкіндік бар.

2022 жылғы елдегі битумға сұраныс 1,1 млн тонна делінеді. Қазіргі жұмыс істеп тұрған зауыттардың қуатын арттыру арқылы бұл межені алуға да мүмкіндігі жетерлік.

Өздеріңіз көріп отырғандай, Қазақстанның битумнан тапшылық көретіндей жағдайы жоқ. Ал сонда бүгінгі битум тапшылығы қайдан туындап отыр?

Басқа да мұнай өнімдері мен қуат көздері сияқты біздегі тапшылық алдымен мемлекеттік реттеуден, оның үстіне бағаның тұрақсыздығынан туындайды. Соңғы деректер бойынша битумның орташа көтерме бағасы тоннасына 104-112 мың  теңге болыпты. Ал Санкт-Петербург Халықаралық тауар биржасындағы битумның 1 тоннасының құны 28 мың рубль екен. Оны біздің теңгеге шақсақ, 210 мың теңге болып шыға келеді. Яғни, Ресейдегі баға – біздегіден екі есе жоғары деген сөз. Демек, битумды шетелден, оның ішінде көрші Ресейден сатып алу біз үшін тиімсіз болмақ.

Біздің еліміздегі негізгі битум тұтынушылар – «КазАвтоЖол» және «Казахавтодор» бірлестіктері. Олар – жалпы ұзындығы 24,4 мың шақырымды құрайтын республикалық және халықаралық автомобиль жол­дарының операторлары.

Қазақстандағы битумның қазіргі тоннасына 104-112 мың теңге тұратын бағасын долларға шақсақ, біраз мәселе анықтала түседі. Яғни, бұл мұнайдың бір баррелінің құны 30 доллар деп есептегендегі мөлшерге сәйкеседі. Қазіргі тиын есептеген заманда битум өндірушілердің мұны есепке алатыны да белгілі.

 Соңғы деректерге қарағанда, біздің елімізде жол-құрылыс ұйымдарын қаржыландыру жыл бойы жүргізілмек. Осы мәселеге байланысты таяуда Атырауда «КазМұнайГаздың» көшпелі жиыны өткізілді. Оның қортындысына қарасақ, ішкі нарықты битуммен толық қамтамасыз етудің мүмкіндігі бар көрінеді. Сондай-ақ жиында Атырау мұнай өңдеу зауытынан зауыт жөндеуге қойылған кезеңде мұнай өнімдерін сыртқа шығару мәселесі де қозғалды. Осының бәрі – ел Пре­зидентінің битумға байланысты Жолдауда айтқан сөздерінің нәтижесі.

Еліміздегі битумға сұраным мау­сымдық негізде сақталмақ. Яғни, жаз кезінде битум барынша көп қажет етіледі. «ҚазМұнайГаз» компаниясы  енді осы мәселені шешуге кіріспек. Бұл орайда «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев былай деді:

– Каспийбитумдағы битум өн­дірісін бір жарым есе ұлғайтып, 500 тоннадан 750 мың тоннаға дейін арттырудың нақты мүмкіндігі бар. Елдегі  битум тапшылығы 200 мың тонна деп есептесек, ықтимал көрсеткіш ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі жетеді.

Битум өндірісі тікелей мұнайға байланысты. Әлбетте, оған әлемдік мұнай нарқының құбылуы да тікелей әсер етпек. «ҚазМұнайГаз» басшысы мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертудің қажеттілігін атап көрсетті. Мәселен, жол құрылысын бюджеттен жыл бойы қаржыландыру арқылы маусымдық жұмыстар басталғанша тиісті битум мөлшерін жинап алудың мүмкіндігі туды. Елімізде жиыналған битумды сапасын бұзбай толық сақтаудың мүмкіндігі бар.

Елдегі битум өндірісіне тікелей әсері бар Атырау мұнай өңдеу зауы­тының бас директоры Мұрат Дос­мұратовтың мына бір сөзі де жақ­сылықтан үміттендіре түседі:

– Біз өзімізге жүктелген барша міндетті орындаймыз. Өткен айда біз  157 мың тонна өнім шығардық. Ал жоспар 152 мың тонна болатын. Тамыз айында өнімді тасымалдауға байланысты біраз қиындық туғаны рас. Алайда қазір бұл проблема шешілді. Соған қарағанда, ішінде битум да бар, барлық мұнай өніміне деген сұраныс толық қамтамасыз етілуі тиіс.

Соңғы кезде битум тапшылығының кейбір өңірде басылғаны аңғары­лады. Мысалы, Қостанай облысындағы битум тапшылығының оңтайлы ше­шілгені баспасөзде жазылып жатыр. Оның үстіне «Қаражамбасмұнай» ак­ционерлік қоғамымен келісім барысында Қостанайға жеткізілген 1 тонна битумның құны 131 мың теңгені құрады.

Сонымен, битум тапшылығын жеңудің мүмкіндігі бары толық анық­талып отыр.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

 

350 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы