• Өндіріс өрісі
  • 29 Қыркүйек, 2022

Өнеркәсіп саласын оң өзгерістер күтіп тұр

Еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасындағы басым бағыттың бірі – машина жасау саласы. Тұрақты экономикалық даму тіректерінің бірінен саналатын саланы дамытудың жаңа кезеңдегі тың тәсілдері – 21-23 қыркүйекте елордада өткен Қазақстан машина жасаушылары X форумының басты тақырыбы болды.

Астана төрінде он жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі басқосу индустриялық саладағы басты оқиға, кооперациялық ынтымақтастықты дамытудың бірегей алаңына айналды.

Конгресс-орталық пен EXPO халықаралық көрме орталығында Қазақстан машина жасаушылары X форумы аясында машина жасау және металл өңдеу ісіне арналған екінші халықаралық маман­дандырылған «Kazakhstan machinery fair 2022» көрмесі өтті.

 

 

Қазақстан экономикасының дамуындағы машина жасау сала­сының орны тақырыбы қозғалған форумның жалпы отырысына премьер-министр Әлихан Смайылов, индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, «Ростсель­маш» директорлар кеңесінің төрағасы Константин Бабкин, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ президенті Марат Тілеубаев, «MAKFED» түрік машина жасау федерациясының төрағасы Аднан Далгакиран және неміс машина жасаушылары мен өнеркәсіптік жабдықтарды өндіру­шілер бірлес­тігінің Азия бағыты бойынша басшысы Моника Холлахер қатысты.

Жиынның ашылу рәсімінде премьер-министр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына жолда­ған құттықтау хатын оқып берді. Президент форум – мемлекет пен бизнес өкілдерін саланы дамытудың тың тәсілдерін табуға жұмылдыратын беделді диалог алаңына айнал­ға­нын атап өтті. «Елімізде өңдеу өнер­кәсібіне және машина жасау ісіне қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдай жасалып отыр. Соның нәтижесінде Қазақстан компаниялары жүк және жолаушылар вагондары, автокөлік, автобус, электровоз, трансформатор сияқты жаңа өнімдер шығаруды меңгеруде. Экспортқа бағытталған өндірісті дамытуға және жергілік­ті тауар өндірушілерді қолдауға арналған бағдарлама жүзеге асырыла бастады. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданып, осы саланың негізі басымдықтары және даму бағдары айқындалды. Бүгінде отандық машина жасаушылар өз өнімдерін сыртқы нарыққа да шығарып жатқаны қуантады. Экспорт көлемі қазірдің өзінде $2 млрд-қа жетті. Бұл саланың әлеуетін толық пайдалану арқылы еліміздің экономикасын өркендетуге, технологиясын дамытуға және әлеуметтік өзгерістер жасауға жол ашылады деп сенемін. Баршаңызға толағай табыс тілеймін!», – делінген президенттің құттықтау сөзінде.

Өз кезегінде Әлихан Смайылов отандық машина жасау саласы­ның республика экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын айтып өтті. Мәселен, индустрияландыру жылдарында машина жасау саласында өндіріс көлемі 6 есеге өсіп, 2,3 триллион теңгеге дейін көтерілді. Бұл тараптағы өндіріс көлемінің өсімі соңғы үш жылда орта есеппен 20 пайызды құрап отыр. «Қазіргі таңда үкімет отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда. Бұл – қолжетім­ді бастапқы материалдармен жә­не қаржыландырумен қамтама­сыз ету, сонымен бірге импорт­қа тәуелділікті азайту, жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңғырту», – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр үкіметтің ашық диалогқа және бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Отырыс аясында сұрақ-жауап сессиясына қатысқан үкімет басшысы машина жасау өнімдерін импорттау және шетелдік компанияларды елімізге әкелу туралы өз пікірін білдірді. «Бүгін бізде экспортқа қарағанда импорттық тауарлардың үлес салмағы басым. Жағдай керісінше болуы керек. Аталған мәселені оңтайлы шешу үшін жүйелі әрі кешенді шаралар қабылдау қажет. Машина құрастыру саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдайтын уақыт келді деп санаймын. Себебі ұзақ мерзімді тәсілдер ғана осы бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бермек», – деді ол.

Үкімет басшысы форум аясында ұйымдастырылған «Kazakhstan machinery fair» көрмесінің экспозициясымен танысты. Көрменің мақсаты – машина жасау сала­сының жедел дамуына, сауда-экономикалық байланыстардың нығая түсуіне, сондай-ақ мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді диалог үшін қа­жетті жағдайларды қамтамасыз етуге жәрдемдесу. Биыл екінші жыл өткізіліп отырған бұл көрмеге 17 мемлекеттің, атап айтқанда, Қазақ­стан, Австрия, Беларусь, Германия, Дания, Израиль, Испания, Италия, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Корея және Иран елдерінің 240-тан астам компаниясы өз өнімдері мен технологияларын ұсынды.

Іс-шара барысында Әлихан Смайылов Түркияның «MAKFED» машина жасау федерациясының төрағасы Аднан Далгакиранмен кездесті. Үкімет басшысы түрік компанияларын бел­сенді түрде инвестиция салып, Қазақ­станда өз өндірістерін ашуға шақырды. «Біздің еліміз тәжірибесі мол түрік компанияларымен машина жасау саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі», – деді премьер-министр.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігінің ақпа­ратына сәйкес, биыл Машина жасау саласын дамытудың 2024 жылға дейінгі жол картасы өзектендірілді. Аталған құжатта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды шикізатпен қамта­масыз ету, қазақстандық қамту үлесін арттыру, техникалық және эконо­микалық реттеу шаралары, институционалдық ортаны жетілдіру, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жаңғыртуды ынталандыру және жаңа өндіріс­терді құру бойынша іс-шара­лар қарастырылған. «Қабылданған жаңа шаралар қатарында шикізат өндірушілер үшін отандық өндіріс­терді нарық бағасынан төмен бағамен шикізатпен қамтамасыз ету мін­дет­темесі де бекітілмек. Сонымен қатар өңдеуші өнеркәсіп­тің өніміне тұрақты сұранысты қамтамасыз ету мақсатында жер қойнауын пайда­ланушылардың отандық өндіру­шілермен ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасау бойынша міндеттемелер бекіту көзделген. Бұдан бөлек, тау-кен металлургия кешенінің машина жасау орталығын құру да жоспарланып отыр. Бұл шара кәсіпорын­дар арасындағы кооперацияны күшейтуге және жаңа өнімді нарыққа шығаруға мүмкіндік береді», – деді ведомство басшысы Қайырбек Өскенбаев.

Аталған шаралар өңдеу өнер­кәсі­бінің, оның ішінде машина жасау саласының дамуына айтар­лықтай септігін тигізбек.

Машина жасау – технология­лық тұрғыдан өнеркәсіптегі ең күрделі салалардың бірі. Машина жасауда бір жұмыс орнын құру өзге байланысты салаларда алты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Саланың маңызды бағыттарының бірі – автомобиль жасау. Осы ретте автомобиль жасауды дамыту мәселелеріне арналған секциялық отырыс барысында ИИДМ индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков: «2010 жылдың қорытындысы бойынша автомобиль жасау машина жасаудың барлық саласының ішінде небәрі 5%-ын құрады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша автоөнеркәсіптің үлесі 32,1%-ға дейін артты. Биылғы бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 37,5%-ға жетті. Нәтижесінде қысқа мерзім ішінде автоөндірушілер саны артып, үнемі салық түсімде­рін қамтамасыз ететін сала қалып­тасты», – деді.

Салада жүзеге асырылып жатқан жаңа жобаларға келсек, бүгінде кореялық Yongsan компаниясымен Hyundai Accent және Hyundai Tucson модельдеріне арналған автомобиль орын­дықтарын өндіру бойынша бірлескен жоба пысықталуда. Сонымен қатар «Hyundai Trans Kazakhstan» зауытында шыға­рылатын Hyundai Accent, Hyundai Tucson, Hyundai Santa Fe, Hyundai Elantra модельдеріне мультимедиялық жүйелерді орнату үшін MOTREX компаниясымен жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобалар шығарылатын модельдердегі қазақ­стандық қамту үлесін және жұмыс орындарының санын ұлғайтуға мүм­кіндік береді.

Спикер министрліктің қызметі өңдеу өнеркәсібі салаларын кешен­ді дамытуға бағытталғанын атап өтті. Кәсіпкерлік кодексі шеңберінде көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру және көлік құралдарына компоненттерді өнеркәсіптік құрас­тыру туралы жаңартылған келісім­дерді енгізу жоспарланған. Сондай-ақ оқшаулауды бағалаудың балдық жүйесі енгізілді, осылайша ұсы­ны­латын жеңілдіктерді тиімді пай­да­лануға және бөлуге мүмкіндік бар.

«Қазақстанның машина жасау одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев форум аясында ашық және жүйелі диалог қалыптасқанын, машина жасау және жалпы өңдеу өнеркәсібін дамыту стратегиясы әзір­ленгенін атап өтті. Бұл өткізілген шараның маңыздылығы мен құнды­лығын дәлелдейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саладағы түйткілді мәселелерді шешу үшін Машина жасаушылар одағы үкіметпен, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, отандық өндірушілерді қолдау бойынша тұрақты және жүйелі жұмыс жүргізуде. Салаға инвестиция тарту басым бағыттардың бірі болып табылады. 2010-2021 жылдар аралығында машина жасауға 2,5 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, өсім 1,7 есе – 146-дан 245 млн долларға дейін жетті. Қазақстанға Сименс Дженерал Электрик, Дженерал Моторс, Альстом, Жак, КамАЗ, Трансмашхолдинг, Клаас сияқты трансұлттық компаниялар және басқа да бірқатар инвесторлар келді. 2010-2021 жылдары саланың негізгі капиталына инвестициялар 2,8 есе өсіп, 620 млрд теңгені құрады.

Екі күнге жалғасқан форум аясында ауыл шаруашылығы, теміржол, электротехникалық машина жасау, автомобиль жасау, өнеркәсіп салаларын цифрландыру мен роботтандыру бағыттары бойынша секциялық отырыстар өтті. Алдағы міндеттер мен даму тәсілдері сараланып, уақыт алға қойған соны сауалдар талқыланды.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

 

916 рет

көрсетілді

33

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы