• Аймақ тынысы
  • 29 Қыркүйек, 2022

Қант өндірісін дамытуға зауыттар қаншалық мүдделі?

Өңдеуге өткізілген қант қызылшасының әр тоннасына келесі жылдан бастап 40 мың теңге беріледі, оған субсидияның көлемін 15 теңгеден 25 теңгеге көтерудің арқасында қол жеткізілмек. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев пен ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек өңірдегі қызылша шаруашылықтарының жетекшілерімен өткізген кездесу барысында айтылды.

Еске салсақ, биылғы жылы зауыт тәтті түбірдің 1 тоннасын 30 мың теңгеден қабылдайды, оның 15 мың теңгесі – мемлекеттен берілетін субсидия, қалған 15 мың теңгесін зауыт төлейді. Сонымен қатар Көксу қант зауыты шикізатты алыс аудандардан жеткізу шығыны үшін ара қашықтық ауқымына қарай тоннасына 1 мыңнан 2 мың теңгеге дейін төлейді.

Барлық тауарлардың бағасы өскен сайын жылдан жылға қант қызылшасын өсіру шығыны да артып отыр. Биылғы жылы 1 гектар жерге кеткен шығын 900 мың теңгені құрады, кей жерлерде ол тіпті 1 млн. теңгеден асып кетті. Осыған байланысты қызылша өсірушілердің өтінішіне орай ауыл шаруашылығы министрлігіне біз ұсыныс жасадық. Яғни зауытқа өткізілетін шикізаттың әр тоннасы үшін мемлекеттен берілетін субсидияны 15 мыңнан 25 мың теңгеге көтерсек, сонда шаруалардың әр тонна үшін алатыны 10 мың теңгеге өсіп, 40 мың теңге болар еді. Біздің осы ұсынысымызды министрлік қолдады, сөйтіп бұл өзгеріс келесі жылдан бастап күшіне енетін болады, – деді Бейбіт Исабаев өз сөзінде.

Сонымен қатар облыс әкімінің айтуынша, жалпы өңірде 6 мың гектарға қызылша себілсе, соның нақты шыққаны –4230 гектар. Көксу зауытына 200 тонна қант қызылшасы өткізіледі деп жоспарланып отыр. «Аудандарда мұн­дай шығынның неден болғанын анықтау керек. Неге берілген ақ­па­рат пен нәтижесі сәйкес емес? Егер объективті себептері болса, оны келесі жылы қайталамау үшін қазір анықтап білуіміз керек», – деп Б.Исабаев ауыл шаруашылы­ғы басқармасына тапсырма берді. Бұдан кейін жиын «сұрақ-жауап» түрінде жалғасты.

Өңірдегі шаруашылық өкілдері қант өндірісіндегі өзекті мәселелер мен алдағы перспективалары жайлы сөз қозғады. Олардың сөзіне сүйенсек, саланы дамытуға қант зауыттарының өзі мүдделі болуы керек. Ол үшін зауыт қант клас­терінің негізін салушы ретінде саладағы шаруашылықтарға қол­дау көрсетіп отыруға тиіс. Зауыт­тың өзінің қызылша өсіретін жері болғаны дұрыс.

Бұдан бөлек өнімнің шығы­мына тікелей әсер ететін агро­тех­но­логияны сақтау мәселесі де айтылды. «Өнімділік жоғары болған сайын табыс та жоғары­лайды», – дейді Ескелді ауда­нын­дағы «Хильниченко и К» КС жетекшісі Александр Хильни­ченко.

Оның шаруашылығында қазір орташа өнімділік әр гектарынан 600 центнерден кем емес, ал облыста бұл көрсеткіш орта есеппен әрбір гектарына 300-350 центнерден келеді.

Шаруалар көтерген тағы бір мәселе арзан бағамен берілетін сұйық отынның сапасына қатысты болды. Жеткізуші компания өкілінің айтуынша, сұйық отын зауыттың тікелей өзінен әкелінеді. Бұл ретте облыс әкімі өнім шығарушыдан жағармайды бірден сапасын тексеріп алатын механизм әзірлеуді тапсырды.

Шаруалар заманауи ауыл шаруа­шылығы техникаларымен қамтудың да саланы дамытуға ықпалы зор екенін тілге тиек етті.

Жиында талдықорғандық фермер Еркінбек Сләмов ең озық тәжі­рибесі бар шаруашылықтармен және мықты ғалымдармен жеке кездесу ұйымдас­тыруды сұрады. Сонда саланы дамыту­ға қатысты нақты ұсыныстарын айтып, кеңестерін берсе пайдалы болар еді. Бұл мәсе­леге қатысты облыс әкімі қолдау білдіретінін жеткізді.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек мемлекет қызылша өсіру­шілерге бұдан былай да қолдау көр­сете беретінін, қазіргі кезде қант өнді­рісін дамыту жоспары жасал­ғанын айтып өтті. «Осы жылдың басында қант қызылшасының 1 келісі 22 теңге болған, біз оны көктемде 30 теңгеге көтердік. Енді 40 теңге болады. Осы мақсатқа бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл ретте басқа дақылдарды өсіретін шаруашылықтарды да қолдауымыз керек, тепе-теңдік болуы шарт. Сол сияқты қазір тұқымның, гербицид­тің, тыңайтқыштардың 50%, техника құнының 25% субсидияланады, осы орайда субсидиялаудың жаңа ережесінде келесі жылдағы баға өсімі ескеріледі. Техникаға қатысты айтсақ, егер ол отандық жинақтағы ауыл шаруашылығы техникасының 25-30%, оның ішінде шетелдік болса 15% субсидияланады. Бұдан бөлек қызылша жинайтын комбайндар құнының 50% субсидияланатын болады. Егер жұмыс тобы осы өзгерістерді қабылдаса, онда келесі жылдан бастап субсидиялаудың жаңа ережесі қолданысқа енгізіледі», –деді вице-министр.

Кездесуді қорытындылаған облыс басшысы Бейбіт Исабаев ашық әңгіме, еркін пікір алмасуға қатысқан шаруашылықтардың өкілдеріне ризашылығын білдіріп, көтерілген мәселелер бойынша сұйық отынның сапасын бақылау, ирригациялық жүйелерді қайта жаңғырту бағытта­рында тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді. Атап өтсек, қазіргі кезде Жетісу облысында суармалы жерлерді айналымға тарту мақсатында 38,5 мың гектар жерді қалпына кел­тіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы өңір­дегі ауыл шаруашылығы егістігі­нің көлемі – 517,6 мың гектарды құрайды.

 

БИЛІК ПЕН БИЗНЕС АРАСЫНДА – СЫНДАРЛЫ ДИАЛОГ

 

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғандағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында бизнес қауымдастықпен кездесу өткізді. Жиында атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің өзара ынтымақтастығы, бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары, бюрократияны, көлеңкелі бизнесті болдырмау, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі сияқты көптеген мәселелер қозғалды.

Облыс әкімі кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін, Президенттің адал, ашық, әділ қоғам құру бас­тамаларының бизнесті өркен­детудегі ықпалы зор екенін атап өтті. 2024 жылы жаңа Салық кодексі енгізілетінін, оны дайындауға бизнес қауымдастығының өзі де тікелей қатысатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар Бейбіт Исабаев Жетісу өңірінің экономикасында басымдық берілетін бағыттарға тоқталды. Оның айтуынша, біріншіден, ауыл шаруашы­лығы дақылдарын өсіру мен өңдеу, екінші, өңдеу өнеркәсібін дамыту, үшіншіден, көлік-логистика саласына басымдық беру, төртіншіден, туризмді өркендету, бесіншіден, облыстың жаңартылған энергия көздерін игеруге мүмкіндігі жетерлік. Өңір кәсіпкерлеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы да ұмыт қалдырған жоқ. Мәселен, облыста агроөнеркәсіптің 4,5 мың субъектісіне 10,5 млрд. теңге субсидия берілген. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 2022 жылға 6,3 млрд. теңге қарас­тырылды. Бұл ретте 150 жобаны қаржыландыру жоспар­ланған.

Кәсіпкерлер өз сөздерінде өсір­ген көкөністерін өткізуге жәрдем­десу, өнім сақтайтын қойма салу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жататын сүт, айран, қаймақ, ірімшік сияқты тағам түрлеріне субсидия қа­растыру, заңды тұлғалардың электр тұтыну тарифінің жоғарылығы, жылыжай ашуға жер учаскесін бөлу, шағын тігін цехына ғимарат жағы­нан қолдау көрсету сияқты көптеген мәселелерді көтерді. Сонымен қатар бизнес өкілдері нормативтік-құқытық актілерде, соның ішінде жаңа салық кодексінде ескерілуі тиіс өзекті тақырыптарды да сөз етті. Сұрақ-өтініштерді мұқият тыңдаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев аталған мәселелердің қай-қайсысы да еске­русіз қалмайтынын айтып, тиісті лауазымды тұлғаларға тапсырмалар берді. Ал жергілікті жердің құзырына кірмейтін мәселелер кездесудің хаттамасы негізінде орталық органдарға ұсынылатын болады.

Кәсіпкерлердің өз құқықтарын білмеуінен, мәселені заңды жолмен қалай шешу керектігі жайлы ақпараттардан бейхабарлығынан көбінесе жемқорлыққа жол беріліп жатады. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің өзара ашық қарым-қатынасын қалыптастырудағы ұлттық кәсіп­керлер палатасының рөлі үлкен. Дегенмен мораториге қарамастан, жеке азаматтардың шағы­мын желеу етіп, бизнес субъек­тілерін тек­серетін мемлекеттік органдар әлі де бар. Сондықтан облыс әкімі екі жақты бірлесіп шешетін мәселелер­дің бар екенін атап өтті. «Осындай кездесуді жылына екі рет өткізіп тұ­руды ұсынамын. Екіншіден, бизнес қауымдастықпен тұрақты байланыс­та болу үшін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Бақытнұр Бақытұлын арнайы уәкілетті тұлға ретінде бекітемін. Бізге мемлекет­тік органдардың өзара бір­лескен іс-қимылы мен кешенді жұмысын қалыптастыру керек. Бақы­лаушы органдардың Ақсу ауданындағы «Агрохолдинг Ақсу» серіктестігінің банк есепшоттарындағы барлық шығыс операцияларын бұғаттауы салдарынан кәсіпорын 3 ай тоқтап тұрды. Жұмысшыларының жалақысын беру, мал азығын сатып алу жағынан қиындықтар туындады. Қазір нысан қайта жұмысқа кірісті. Осындай жағдайларды болдырмау үшін мемлекеттік органдар бір-бірімен үйлесімде жұмыс жүргізуі керек. Оған қоса бизнестің жеке жұмыс­шыларының алдындағы, ал ірі кә­сіп­­орындар мен инвесторлардың тұтас облыс алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі бар екенін естен шы­ғар­мауымыз керек», – деді Бейбіт Исабаев.

НҰРЛАН ҚҰМАР

574 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы