• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 29 Қыркүйек, 2022

Астық сапасы жоғары: Егін үстіндегі ел тілегі ақталды

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кезекті үкімет отырысында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру барысы, алтын күздегі басты науқан – егін орағының жедел қорытындылары қаралды. 

Кәсіпкерлікті дамыту жөнін­дегі ұлттық жобаны іске асыру барысы туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндады. Ведомство басшысы келтірген мәліметтерге сәйкес, 2021 жылы ұлттық жоба аясында 48,8 мың жобаға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, қызмет көрсету және өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 984 жобаға гранттар берілген. 33,4 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқып-үйреніп, 169 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі бизнес ашу және оны жүргізу бойынша консультациялық қызметтер алған. Жыл қорытындысында ұлттық жоба аясындағы шараларды іске асыру арқасында 320 мың жаңа жұмыс орны құрылып (жоспар – 196 мың), 814 мың адамды жұмысқа орналастыруға көмек көрсетілген (жоспар – 700 мың). «Сонымен қатар табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен нашар ауыл халқының үлесі төмендеді, шағын және орта бизнестің ЖІӨ-ге үлесі өсті, ал экономикада­ғы мемлекеттік сектордың үлесі 14,5%-ға дейін төмендеді», – деді министр.

Осы мәселе бойынша «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев баяндама жасады.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шағын бизнесті сапалы дамытуға және орта бизнесті нығайтуға бағытталған. «Басты мақсат – халықты жұмыспен қамтып, кәсіпкерлік субъектілерінің бәріне бірдей, тең жағдай жасау. Бұл үшін мемлекет бизнесті жүргізудің ашық және түсінікті ережелерін қабылдап отыр», – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр үкіметтің «Атамекен» палатасымен бірлесіп, кәсіпкерлік қызмет саласына жаңа реттеу саясатын енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатқанын еске салды. Атап айтқанда, адами факторлардың әсерін барынша азайту үшін мемлекеттік бақылауда тәуе­келдерді басқару және бағалау жүйесін автоматтандыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Реформаны «таза парақтан бастап» жүзеге асыру бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасайды. Биыл шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 33,5%-ға жетті. Кә­сіпкерлік субъектілерінің саны – 1,4 млн. Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 3,5 млн адамды құрап отыр. «Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында осы бағыттағы сапалы өзгерістерге қол жеткізу. Ұлттық жобаны іске асыру 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35%-ға дейін ұлғайтуға, 1 миллионға жуық жұмыс орнын құруға және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін азайтуға мүмкіндік беруі тиіс», – деді ол.

Үкімет басшысы осы ретте ұлттық жобаның көрсеткіштеріне сапалы және уақытылы қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін бизнеске арналған қаржы міндет­темелерді ескере отырып, ұлттық жобаның барлық бағыттары бойынша мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруды тапсырды.

Сонымен қатар әкімдіктерге кәсіп ашам деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды: электрмен, сумен, жылумен қамтамасыз ету, жол салу мәселелері бойынша жедел шешім қабылдау керек. Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» палатасына бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ бизнеске арналған міндетті талаптарды, оның ішінде жаңадан енгізілетін талаптарды да қайта қарау тапсырылды. «Кәсіпкерлерден жаңа жұмыс орындарының ашылуын, тұрақты жалақының, зейнетақы жарналары мен салықтардың уақытымен төленуін, шығарылатын өнім түрлерінің көбеюін күтеміз. Мемлекет бизнестің тұрақты және табысты қызметіне мүдделі. Кәсіпкерлер осыны нақты сезінулері керек», – деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Отырыстың күн тәртібіндегі келесі маңызды мәселе – егін жинау науқанының барысы туралы салалық ведомство басшысы баяндады. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев­тің хабарлауынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы 23,4 млн гектарды құрады. Оның ішінде астық алқаптары 16,1 млн га құрайды. Ауа райының қолайлы жағдайы егін жинау науқанының көп бөлігін үзіліссіз өткізуге мүмкіндік берді, нәтижесінде бүгінгі күні республика бойынша барлығы 15,4 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Бұл – жалпы егістік алқабының 96,3%. Орташа түсімділік гектарына 13,0 центнерден айналып, 20,1 млн тонна көлемінде астық бастырылды. Дақылдар бойынша айтар болсақ, 12,6 млн гектар бидай алқабы, 1,4 млн га майлы дақылдар, 164,5 мың гектар картоп, 149,6 мың гектар көкөніс дақылдары жиналды.

Ведомство басшысы әлеу­меттік маңызы бар дақылдардың болжамды жалпы жиналымы республиканың ішкі қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Биылғы ауа райының қолайлы жағдайлары егіннің сапасына оң әсер етті.

Астықты өңірлердегі егін жинау науқанының барысы туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндап берді.

Қазіргі күні егін орағы аяқталып келеді. Түсім орташа жылдық көрсеткіштен жоғары болады деп күтілуде. Биылғы жыл гектар берекесі артып отыр. Былтыр орта есеппен гектарына 9,8 центнерден өнім жиналса, биыл гектар өнімділігі 13 центнерден айналып отыр, яғни 30 пайызға жоғары. Жалпы биыл 18 млн тоннадан астам астық жинау көзделген. «Ендігі міндет – өнімнің сапасын төмендетпей, дұрыс сақтау. Сонымен қатар ішкі сұранысқа және экспортқа қажетті астық көлемін нақты бөліп қою керек. Биыл да Қазақстан өзін астықпен толықтай қамтамасыз етті, – деді Әлихан Смайылов. – Бұл – диқандарымыздың маңдай терін төккен тынымсыз еңбегінің жемісі. Бітік егін өсіріп, мол өнім жинаған ауыл еңбеккерлерін құттықтап, қажырлы еңбектері үшін алғыс айтамыз».

Премьер-министр егін орағын тез арада толықтай аяқтап, астықтың сапалы сақталуын қамтамасыз етуді және оны үздіксіз тасымалдау бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Өңір әкімдері өнімнің астық қоймаларына уақытылы қабылдануын тұрақты бақылауда ұстауы, келесі жылға қажетті астық тұқымын толығымен қамтамасыз етуі керек.

Бетті дайындаған –

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

537 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы