• Қаржы
  • 13 Қазан, 2022

Тамыз айындағы қаржы нарығы: дерек пен дәйек

Жетпісбай  Бекболатұлы,

әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ профессоры

e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Экономиканың анасы – еңбек, панасы – есеп деген қанатты сөз бекерге айтылмаса керек-ті. Бар мен жоқтың жігін ажыратып, кіріс пен шығысты безбенге тартып отыру үшін қалтадағы пұл мен базардағы бағаны қас қақпай қадағалау қажет. Асыра жазу, кемітіп көрсету сынды кеңес кезінен қалған келеңсіз үрдістің бүгінгі болмысқа да бөтен болмағаны тиынның төлемі мен судың да сұрауы барлығын есімізге салғандай. Мыңдаған бейнетқор жанның маңдай терінің өтеуі мемлекеттің қаржылық ахуалының жақсаруына ұласып жатса, құба-құп. Осыған орай сынаптай құбылған заманымызда алмақтың да салмағы барлығына дерек-дәйектің майын ішкен есепші-қисапшылардың ғана емес, қаймана қауымның да көзі жетіп отырғаны жөн болмақ. Бұл айтылғандар әсіресе соңғы кездері ел басшылығы тарапынан сын садағына ілініп жүрген статистика мен микроқаржы ұйымдарының қызмет нәтижелеріне қатысты. 
Цифрлар патшалығы атанған қаржы нарығының ең басты ерекшелігі ертеден салса кешке озған Тайбурылдың шабысына салып, мәлімет атаулыны ғаламтор арқылы сол сәтінде құзіретті мекемелер мен мамандардың дәргейіне дер кезінде жеткізуі дер едік. Өйткені, биржа индексі мен валюта бағамын тағатсыздана тосатын жұрттың қарасы қай елде де жеткілікті. Соңғы кездері бұл үдерістің біздің елімізде де байқала бастағанын әлеуметтік желілер арқылы көріп отырмыз. Мәселен, көзіқарақты жұртшылық аукциондардың, соның ішінде депозит аукционының, валюта және депозит нарықтарының, халықаралық резервтердің дерек-дәйектеріне көп көңіл аударады. Осыған байланысты апталық шолуларымызда қаржы және кредит операцияларына қатысты шоғырландырылған есептерді ретіне қарай ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Ілкі қадамды тамыз айындағы қаржы ахуалынан бастай отырып, ақша нарығындағы операциялардың теріс сальдосы 2,7 трлн теңге болғанын, шілдемен салыстырғанда өтімділік профициті депозиттік аукциондар және тікелей репо келісімі арқылы алуды төмендету есебінен 19,8 пайызға қысқарғанын атап өтеміз. Сөйтіп, депозиттік аукциондар арқылы алынатын өтімділік көлемі 442 млрд теңге, Ұлттық банктегі банктік депозиттер 586,7 млрд теңге болды. Тікелей репо операциялары арқылы өтімділікті алу бойынша операциялар көлемі 20 млрд теңгеге жетті. Айналымдағы қысқа мерзімді ноталардың көлемі бір айда 5,8 пайызға ұлғайып, тамыздың соңында 1 892,55 млрд теңге болды, бұл өтімділіктің депозиттік аукциондардан ақша-кредит саясатының басқа құралдарына ауысуына байланысты болуы мүмкін. Валюта нарығына келсек, тамызда теңгенің биржалық бағамы 1 АҚШ доллары үшін 462,29–479,55 теңге аралығында өзгерді. Тамыздың соңында болған ірі салық аптасының аясында теңгенің айырбастау бағамы бір айда 1 пайызға нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 472,29 теңге болды. Тамыздың қорытындысы бойынша теңгенің айырбастау бағамының қалыпты нығаюына экспорттаушылардың тоқсандық салық төлемдері үшін шетел валютасын сатуы ықпал етті. Тамызда бас банк нарықтың теңгерімді болуы аясында валюталық интервенциялар жүргізбеді. Ұлттық қордан бюджетке трансфертті жүзеге асыру теңгедегі түсімдермен қамтамасыз етілді, сондықтан Ұлттық қордың валюталық активтерін сату жүзеге асырылған жоқ. Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 10,5 пайызға ұлғайып, бір айда 11,3 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттық көлемі 2,2 млрд АҚШ долларына жетті, биржадан тыс валюта нарығындағы операциялар көлемі 9,2 млрд АҚШ доллары болып, 16,4 пайызға өсті. Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 82,8 пайыз немесе 7,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл операциялар банк тобының ішінде жүргізіледі және ішкі валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы немесе ұсынысы арақатынасына әсер етпейді. Тамызда халық нетто-негізде 192,6 млрд теңгеге баламалы сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. Алдыңғы аймен салыстырғанда бұл шығыстар халықтың АҚШ долларын сатып алуының өсуі есебінен 1,5 есе өсті. 
Тамыз айында халықаралық резервтер алдын ала деректер бойынша 0,4 пайызға төмендеп, 32,7 млрд АҚШ долларын құрады. Алтын бағасының троя унциясы үшін 1 712,4 долларға дейін 2,6 пайызға кемуі есебінен алтын-валюта резервтері төмендеді. Резервтердің ішінара қысқаруы Еуразия даму банкінің Ұлттық банктегі валюталық шоттарына қаражаттың келуі есебінен резервтердің валюталық бөлігінің өсуімен теңестірілді. Тамыздың соңында Ұлттық қордың шетел валютасындағы 53,8 млрд АҚШ долларлық активтерін қоса алғанда елдің жалпы халықаралық резервтері 86,5 млрд АҚШ долларын құрады. Ақша базасы 4,3 пайызға кеңейіп, банктердің депозиттері көлемінің ұлғаюы аясында 12 076,5 млрд теңгені құрады. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейлі банктердің бас банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 7 941,1 млрд теңгеге дейін 4,8 пайызға кеңейді. Депозит нарығында қолайлы ахуал қалыптасып отыр. Депозиттік ұйымдардағы резиденттерге тиесілі салымдардың көлемі бір айда 0,8 пайызға ұлғайып, тамыздың соңында 28 271,6 млрд теңге болды. Депозиттер көлемінің ұлғаюына шетел валютасындағы қаражаттың 4,1 пайызға өсуі ықпал етті. Теңгедегі депозиттер 1 пайызға аздап төмендеді. Валюталық салымдар заңды тұлғалардың депозиттері есебінен өсті, олар банктің валюталық депозиттік қоржынының едәуір өсуі аясында ұлғайды. Бір ерекшелігі, тамызда ұлттық валютаның нығаюы салдарынан халықтың депозиттері бойынша валюталық салымдардан қаражаттың теңгедегі салымдарға аздап ауысуы байқалды. Нәтижесінде теңгедегі салымдардың төмендеуімен қатар шетел валютасындағы қаражаттың әкелінуі долларландыру деңгейінің 36,5 пайызға дейін 1,1 пайыздық тармаққа ұлғаюына ықпал етті. Дегенмен, салыстырмалы түрде бір банктің валюталық депозиттерінің өсуін есепке алмағанда, банк жүйесіндегі депозиттердің долларлануы 35,8 пайызды құрады.

 

2112 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы