- Атамекен
- 13 Қазан, 2022
Аграрлық салаға жете көңіл бөлінуде

Ауылда туып өскен әрбір қазақ баласын экономиканың өзекті саласы – ауыл шаруашылығының жайы толғандырмай қоймайды. Бұл ретте нақ осы салаға Ақтөбе облысында жете көңіл бөлініп отырғанын айта кеткен абзал. Таяуда облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Кездесу «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы филиалының ғимаратында өтті.
Алқалы жиында облыс әкімі шаруа қожалықтарының басшыларын жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын қолдауға шақырды. Бағдарлама осы айда басталады. Жеңілдетілген несиелендіру бойынша бірінші транш 3 миллиард теңгені құрамақ екен.
Айта кету керек, жобаға қатысатын жеке қосалқы шаруашылықтар құрылтайшы ретінде кооперативтерге бірігеді. Бұл ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін 50 пайызға дейін субсидия алуға және өнімді өткізу процесін жүйелеуге мүмкіндік береді. «3 миллиард теңге – бұл бастамасы ғана. Жоба Мемлекет басшысының халықтың табысын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылады. Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттырып, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешу. Бірде-бір орта, тіпті ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілері ауылдағы жұмыссыздық мәселесін толық шеше алмайды. Сондықтан біз жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуымыз керек. Осы жиынға қатысып отырған барлық шаруа қожалықтары ауылдың мәселелеріне бей-жай қарамайтындарыңызға сенімдімін. Сондықтан осы маңызды жобаға қатысу және дамыту жөніндегі бастамаларыңызды толық қолдаймын», – деді Ералы Тоғжанов.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу еркін сұхбат түрінде өтіп, шаруалар мемлекеттік органдар деңгейінде шешуді қажет ететін ең өзекті және жүйелі проблемаларды көтерген. Мәселен, «Ақтөбе фермерлік орталығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Марлен Баймағамбетов мал шаруашылығында жем-шөп құнын арзандату шығындарын субсидиялауды жалғастыру қажет деп санайды. Оның айтуынша, соңғы жылдары мал басының көбеюінің оң үрдісі байқалуда. Дегенмен, мемлекеттік қолдаудың болмауы саланы тоқырауға алып келуі мүмкін, деп алаңдаушылық білдірді бірлестік басшысы.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің сатылымын қолдау мақсатында қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылардың бірінші кезекте жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуы мәселесін шешу қажеттігі айтылды. Ал жас мамандарды салаға тарту мақсатында орта және жоғары оқу орындарының түлектеріне еңбек қызметін ауыл шаруашылығы саласында міндетті түрде жүзеге асыру бойынша үлгілік шарттарға өзгерістер енгізу мүмкіндігі қарастырылмақ.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын бос жерлердің жоқтығы, білікті мал дәрігерлерінің тапшылығы, әр ауданда қайта өңдеу кәсіпорындарының болуы туралы мәселелер де айтылды. «Ақтөбе фермерлік орталығы» бірлестігі алдағы 10 жылға ауыл шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасын әзірлеп, бекітуді ұсынды.
Аймақ басшысы жиында көтерілген сұрақтардың барлығынан хабардар екенін, жергілікті атқарушы органдардың шаруа қожалықтарына қолдау көрсететінін атап өтті. «Бірақ сіз айтқан мәселелерді шешу үшін нақты ұсыныстар қажет. Мемлекеттік органдар және сіздің тарапыңыздан өзара жауапкершілік болуы керек», – деді Ералы Тоғжанов.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері облыс әкіміне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Енді аймақ басшысы мен ақтөбелік фермерлердің кездесуі тоқсан сайын өткізіліп тұратын болады. Сонымен қатар осы кездесуде айтылған мәселелер дүйсенбі күні «Ақтөбе фермерлік орталығы» ЗТБ өкілдерінің қатысуымен өтетін аппарат жиынында толығырақ қарастырылатынына көңіл бөлінді.
Өңірдің бұл саладағы жетістіктері Астанада жыл сайын өткізілетін дәстүрлі күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелерінде кеңінен көрініс тапты. Өткен сенбі, жексенбі күндері астанамыздың тұрғындары мен қала қонақтары Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өнімдерін сатып алу мүмкіндігіне ие болды. «Біздің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріміздің өнімдері ылғи да жоғары сұранысқа ие, оның ішінде сол жақтағы жерлестеріміз жәрмеңкеге көбірек келеді. Олар туған жердің дәміне ерекше ықылас танытады, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов жәрмеңке барысындағы сұхбатында. – Жәрмеңкеге Ақтөбе қаласы мен облыстың 12 ауданынан 50-ден астам тауар өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындар қатысуда».
Ақтөбеліктер астана тұрғындары мен қала қонақтарына ет, сүт өнімдерінің түр-түрін, картоп, көкөніс, жұмыртқа, балық, бал, ұн, макарон және шұжық өнімдерін, басқа да тағамдарды ұсынды.
Жәрмеңкеде қала халқына ұсынылған азық-түлік өнімдерінің сапасы мен бағасы бұрыннан қалыптасқандай, көңілден шығарлық тартымды және қонымды, яғни астана базарларының нарқына қарағанда 10-15 пайызға төмен болды. Жәрмеңкеге жалпы мөлшері 212 тоннадан астам өнім жеткізілген.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуына қарағанда, облыстың өңдеуші кәсіпорындарының өнімдері кең ауқымда сөрелерге қойылған. Олардың қатарында «Айс» ЖШС, «Тау агрофирмасы» – сүт өнімдерін, «Шыңғыс» және «Абылай» шаруа қожалықтары, «Шекшек Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кәсіпорны – шұбат пен қымыз, «Жаңа Әлжан ұн комбинаты», «Рамазан» ЖШС – ұн және ұннан жасалған тағамдар мен макарон өнімдерін, «Айбек» ауыл шаруашылығы кәсіпорны, «Степное» және «Рокос» серіктестіктері – колбаса және еттен жасалған тағамдарды, «Изет ГринХаус» және «Гринхаус Қазақстан» ЖШС-лары – жылыжай көкөністерін жәрмеңкеге келушілер назарына ұсынған. «Біз қала тұрғындарын жәрмеңкеге келіп, қажетті азық-түлік қорын жасап алуға шақырамыз. Ақтөбелік ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өнімдері жоғары сапасымен ерекшеленеді. Олар ұзақ уақыт сақталып, тағамдық құндылықтарын жоғалтпайды», – дейді Исатай Еспағанбетов.
Ол бұл жолы жеке қосалқы шаруашылықтардың иелері жәрмеңкеге аса белсенділікпен қатысып жатқанын атап көрсетті. «Негізінен барлық өнімдердің жартысынан астамы белсенді жұмыс істейтін жеке шаруалардың қолымен өндіріледі, – деп атап өтті басқарма басшысы. – Бұл жеке шаруашылықтардың айтарлықтай мүмкіндіктері бар екенін дәлелдейді. Биыл жаңа жылға дейін іске кірісетін «Ауыл аманаты» жобасы жеке шаруа қожалықтарының әлеуетін арттыруға және өнімділікті көтеруге, шаруаларды жігерлендіруге бағытталған. Бұл жобаға қатысу арқылы шаруалар мал шаруашылығы мен егіншілікті дамытуға небары 2,5 пайызбен жеңілдік несиесін алу мүмкіндігіне ие. Егер олар ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне біріксе, техника да ала алады».
Жоба қатысушыларына бірінші кезекте селолық округтер аумағынан осы уақытқа дейін белгіленуі бойынша пайдаланылмаған жер учаскелері бөлінетін болады. Исатай Еспағанбетов атап өткендей, әрбір село тұрғыны өзінің қосалқы учаскесінен басқа, ешқандай конкурс пен тендерге қатыспастан бір гектарға дейін жер ала алады. Ол жерді ешқандай төлемсіз 5 жылға жалға алу рәсімін жасау мүмкіндігі беріледі. Бұл мерзімді қажет болған жағдайда одан әрі ұзартуға болады.
Қорыта келе айтарымыз, Ақтөбе облысында өңір басшылығы мен аграрлық сала мамандарының ұтымды ұйымдастыруы, шаруа қожалықтары мен фермерлердің тарапынан да белсенді іс-қимыл таныту – оң жетістіктерге негіз қалауда. Осының бәрі алдағы уақытта жанды жалғасын тауып, ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуға ықпалын тигізері даусыз.
ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

6153 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *