• Бизнес & Қоғам
  • 13 Қазан, 2022

НАН НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ?

«Ас атасы – нан» дейтін халқымыздың дастарханындағы басты тағам қымбаттады. Қыркүйекте нан бағасы өткен жылдың сол айымен салыстырғанда 19,4 пайыз қымбаттаған. Әлемдегі астық экспорттаушы ірі он елдің бірінен саналатын республикамызда нан бағасының айтарлықтай қымбаттауына не себеп?

Осы ретте еліміз экономикасында астық өндірісі­нің атқаратын рөлі, ауыл шаруа­шылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағ­дарламалардың саланың дамуына, нан өнім­дерінің бағасына әсері қандай деген сұрақтарға сарапшылардың пікірле­ріне сүйене отырып, жауап іздеп кө­релік.

Ас атасы – нан бидай ұнынан жасалады. Адам рационындағы ең маңызды өнімдердің бірі бол­ғандықтан, бидай тамақ өнер­кәсібінде кең қолданылады. Дәнді дақылдар арасында бүкіл әлемдік өндірістің 29,1%-ы би­дайдың үлесіне тиесілі. Осы тұрғыда Ұлттық банк сарапшылары өз баяндамасында атап көрсеткендей, соңғы алпыс жылда әлемдік бидай өндірісі айтарлықтай өсті. Мәселен, 1961 жылы 222 млн тонна деңгейінде болған жаһандық астық өндірісі 2020 жылы 761 млн тоннаға жетті. Осы жылдар аралығында бидай өндіру көлемі Жер шары халқының санына қарағанда біршама жылдам өсті (1,6%-ға қарағанда орташа жиынтық өсу қарқыны 2,1%). Дегенмен соңғы он жылда тұтыну қарқынды өсіп келеді. Өндірістің өсіміне жеткен тұтыну барысы әзірге қолдағы бар астық қорының жоғары деңгейімен өтелуде. Сонымен қатар 1961 жылдан бастап экспорт өндіріске қарағанда барынша жедел қарқынмен (2,7%) өсіп отыр. Бұл әлем елдері арасында сауданың серпінді дамып отырғанын білдіреді.

Жаһандық  нарыққа басты  астық  жеткізушілер  – Ресей, АҚШ, Канада, Франция, Украина, Австралия, Германия, Аргентина, Қазақстан және  Польша  елдері болып  табылады. Әлемдік экспортта Қазақстанның орташа үлесі 2,9%-ды құрайды. Қай елдің болмасын азық-түлік қа­уіп­сіздігінің маңызды бір негізі болғандықтан, әлемде бидайға деген сұраныс ау­қымы аса зор. Барлық сұраныстың жартысы басты 15 сатып алушыға тиесілі. Оның ішінде Египет, Индонезия, Түркия, Алжир және Италия елдері негізгі астық им­порттаушылар болып табылады. Бізден астық сатып алушы негізінен Орталық Азия елдері – Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан. Сондай-ақ бидай Әзірбайжан, Ауғанстан, Иран, Италия және Түркияға да экспортқа шығарылады.

Елімізде барлық егіс алқап­тарының орта есеппен 61,4% бидай­дың үлесіне тиесілі. 2004 жылдан бері бидай егістігінің көлемі мен гек­тар өнімділігі айтар­лықтай өзгере қойған жоқ. Сарап­шылардың пікі­рі­не сүйенсек, астық түсімі жоғары әлемдік деңгеймен салыстырғанда бізде өнімділіктің төмен болуы ауа райының жағ­дайына, егістікке қажет су ресурс­тарының жетіспеушілігіне, өнді­рісте озық технологияларды пайда­ланудың жеткіліксіздігі мен машина-техника паркінің ескіруіне байланысты.

Бидай өсіру, оның шығымдылығы ауа райы жағдайына өте тәуелді. Көктен тамшы тамбай, қуаңшылық болған былтырғы жылдың нәтижеле­рі көрсеткендей, жалпы бидай жинау көлемі 17% қысқарды (11,8 млн тоннаға дейін). Өз кезегінде, бұл нан-тоқаш, макарон және ұннан жасалатын өнімдердің қымбаттауына әсер етті, дейді сарапшылар. Соны­мен қатар ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың саланың дамуына айтарлықтай әсері болмағанын да атап өтеді.

   FAO деректері пандемияға дейін бидайдың бағасы салыстырмалы түрде тұрақты болғанын көрсетеді. Коронавирусқа байланысты шекаралар жабылып, елдер арасында сауда-саттық пен барыс-келістің шектелуімен қымбаттау тізбегі басталды. Оның үстіне, көптеген елдерде ұлттық экономиканы жандандыру үшін қолға алынған фискалдық ынталандыру шаралары инфляцияның бүгінгідей жеделдеуіне әкелген себеп­тердің бірі болды. Бұл өз кезегінде өндірушілер шығынының ұлғаюына әсер етті. Биылғы ақпанда геосаяси жағдайдың шиеленісуі энергия тасымалдаушылардың қымбаттауы­на, сондай-ақ көлік логис­тикасының бұзылуына байланысты (астықты әкету үшін Украинаның Қара теңіз порт­тарын бұғаттау) бидай бағасының одан әрі өсуіне ықпал етті.

Бүгінгі қымбатшылыққа келсек, нан бағасы еліміздің барлық өңірінде өскен. Energyprom.kz сайтының хабарлауынша, биыл қыркүйекте нан бағасы өткен жылдың есепті айымен салыстырғанда 19,4 пайыз, тіпті облыстардың бірінде, атап айтқанда Ұлытау облысында бірден 48,3% қымбаттаған. Қара бидай мен бидай ұнынан пісірілген нан 24,7%, жоғары сұрыпты ұннан пісірілген нан 28,2%, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан 14,4%, кесілген нан 28,1% қымбаттады, делінген хабарламада.

Осы ретте сейсенбідегі үкімет отырысынан кейін журналистермен кездесуде ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев халық дастарханындағы басты азық – нан бағасының қымбаттауының бірнеше себебін атады. «Электр энергиясы, жинақтаушы бөлшектер, дизель отыны, коммуналдық қызметтер қымбаттап жатыр. Сондықтан 11,9 пайызға қымбаттады, жалпы бағада өсім бар. Оны статистикадан байқап отырмыз. Қаңтардан бастап бағаны тұрақтандыру үшін барлық іс-шараны қолға алып отырмыз. Жалпы, бағаның күрт көтерілуіне негіз жоқ. Өйткені ұн өткен жылмен салыстырғанда молынан өндіріліп жатыр. Биыл бізде бидай мол, орташажылдық түсімнен жоғары астық жиналды», – деді ол.

Ведомство басшысы тұрақтандыру қорына биыл миллион тонна астық жинау көзделіп отырғанын айтты. Оның 900 мың тоннасы бидай болады. Сонымен қатар Азық-түлік келісім­шарт корпорациясында бар қорды ескере отырып, әлеуметтік азық-түліктің барлығының, оның ішінде әлеуметтік ұн бағасының тұрақты бақылауда болатындығын атап өтті. «Ішкі нарықта баға тұрақты. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қаңтардан қыркүйекке дейін арзандатылған астық тоннасын 90 мың теңгеден жеткізді. Қазан айынан бастап жылдың соңына дейін өңірлер жаңа астықты өздері сатып алып жатыр. Биыл астық бағасы жылдың ор­тасындағы бағамен салыс­тырғанда біршама төмендеді. Біз 15 қыркүйектен 121 мыңнан бастап 125 мың теңгеге дейін форвардық келісім бойынша сатып алу бағасын жарияладық. Қазір аталған келісімдер негізінде астық жинау жақсы жүріп жатыр, сондықтан баға тұрақты», – деді Қарашөкеев.

Ал эспорттық нарықтарда баға­ның өсуі отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін тиімді бол­мақ. Бұл тұрғыда еліміз астық экспорты бағдарының аясын кеңейту, өнімділікті ұлғайту, саланың дамуын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру мақсатында тиісті шаралар қарастырылуда.

Бүгінгі таңда дәнді дақылдар жинау науқаны аяқталуға жақын. Облыс әкімдіктерінің 10 қазандағы жедел деректеріне сәйкес, 15,9 млн гектар алқаптың астығы жиналған. Орташа гектар өнімділігі 13,5 центнерден айналып, бастапқы салмақта 21,6 млн тонна астық бастырылды. Биыл бітік шыққан егіннің сапасы да жақсы. Егін орағының көңіл қуантарлық нәтижелерін айта келіп, министр ішкі нарықтың диқандарымыз өсірген бидай ұнымен және өз астығымызбен толықтай қамтамасыз етілетінін, яғни бағаның тұрақты болатынын тағы бір нақтылады.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

 

3472 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы