• Қаржы
  • 20 Қазан, 2022

Инфляция қалай тізгінделмек?

Ұлттық статистика бюросының мәліметтерінше, қыркүйекте инфляция жылдық мәнде 17,7%-ға жетті. Бұл – 2009 жылдың басынан бергі ең жоғары көрсеткіш, деп атап көрсетеді сарапшылар.

Егер айларға бөліп қарастырар болсақ, бағалар тамызға қарағанда қыркүйекте 1,8%-ға артқан, бұл наурыздан бергі ең жоғары өсім. Бірінші кредиттік бюро талдаушыларының мәліметтері бойынша, күздегі мұндай жағдай әдеттен тыс: өткен 6 жыл бойы қыркүйекте бағалардың өсуі 0,4%-дан асқан емес, ал өткен 15 жылда бағалар өсуінің орташа деңгейі 0,55% құраған. Баға өсуінің себебі біреу ғана емес, бұл – көптеген факторлардың жиын­тығы. Алайда, таяуда Forbes.kz сайты салған сұрауға сарапшылар іс жүзінде бірауыздан инфляцияның басты триггерлерінің бірі деп мемлекеттік бюджет шығыстарын арттыруды атады.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдас­тығының (ҚҚҚ) түсіндіруінше, бюджеттен экономикаға тұрақты түрде ақша құю және Ұлттық қордан трансферт аудара беру, түптеп келгенде, ақша жиынының артуына,тұтынушылық сұраныс өсуіне әкеп ұрындырады, соның салдарынан инфляциялық бұралымды одан әрі шиыра түседі. «Биыл қаңтар-тамызда мемлекеттік бюджет шығындары 13,3 трлн теңге құраған, бұл өткен жылғы осындай кездегі көрсеткіштен 19%-ға артық. Бұл ретте шығындардың едәуір баптары халыққа әлеуметтік көмек пен білім беруге (2,9 трлн теңге немесе жиынтық шығындардың 22%-ы) жұмсалған», – деп атап көрсетеді ҚҚҚ сараптамасында.

Қазақстан миноритарлық акционерлер қауымдастығы (QAMS) басқарушы кеңесінің мүшесі Дмитрий Сочин де Қазақстан экономикасының үкімет тарапынан тұрақты түрде ынталандыруға ұшырайтынын айтады. Ол тіпті «ең жеңіл тәсіл, экономиканы ақшамен «толтыру» таң­далған» деп қынжылыс білдіреді. Мұндай қаржы құюлардың басым бөлігі – жеңілдетілген ипотекалық кредит беру, автомобиль алуға кредит және көмекқаржы беру. Бұл бағ­дарламалардың бәрінің де, әрине, тиімді әсері бар, бірақ олар қысқа мерзімді және қазақстандықтардың белгілі бір бөлігі ғана пайдалана алатын көмек. «Пандемия басталғалы бері Қазақстанның тарихында рекордық деңгейге жеткен ипотекалық кредит беріппіз: 2020 жылдың басына дейін бізде берілген ипотекалық қарыздар 2 трлн теңгеден де аз болса, бүгінгі күнге 4 триллионға дейін жеткен. Бұл дегеніңіз экономикаға құйылған қыруар ақша. Оның үстіне арзан ақша. Бұл ақшалар аспаннан жауып жатқан жоқ, үкімет нарықтық мөлшерлемелер бойынша қарызға алып отырған бюджеттің қаржысы. Сондай-ақ бюджеттің табыстары квазимемлекеттік компанияларды түкке тұрғысыз мөлшерлемелермен қаржыландыруға жұмсалады. Ал, үкіметтің кредиттерді нарықтық деңгейден төмен мөлшерлемелермен беруі, түптеп келгенде, бюджетті шығынға ұшыратады. Сайып келгенде, жеңілдетілген кредиттерді тек бенефициардың өздері ғана емес, қазақстандықтардың бәрі қосылып төлейді. Субсидияларды біреулер алады да, түбінде бәрі кедейлене түседі», – деп түсіндіреді Д.Сочин.

 Экономист Алмас Чукин де «мемлекеттік жомарттықты» инфля­цияның негізгі себептерінің бірі деп есептейді. Чукин экономикадағы ақшаның молдығы нарық үшін ешқашанда еленбей қалмайды деп атап көрсетті.

Дегенмен, инфляцияның жоғары болуына мемлекеттің араласуын жалғыз себеп десек, қателескен болар едік. Оның шұғыл шарықтауының негізгі факторлары арасында сарапшылар монетарлық емес факторларды да атап көрсетеді. Атап айтқанда, шеттен әкелінетін инфляцияға мүмкіндік беретін тауарлар мен қызметтер импортына тәуелділіктің жоғарылығы.

Сарапшылар ресей-украина соғы­сының салдарын атап көрсетеді, соның нәтижесінде тауарларды жеткізу тізбегі бұзылды, бұл тапшылыққа әкеп ұрындырады, тиісінше бағалар да өсе түскен. Ресейден келетін импорттық тауарлар құнының 50%-дық өсіміне ұрындырған – рубльдің теңгеге бағамын да есептен шығара алмаймыз. Алмас Чукин бұл бағамға әсер ету Қазақстан үшін де, Ресейдің өзіне де әзір оңайлыққа түспей отырғанын айтады. «Рубль бағамы неге осыншама өсуде? Өйткені, Ресейге мұнай экспортынан доллар түсуі одан әрі жалғасуда, ал оларды айырбастау мүмкін емес. Яғни доллардың жасанды ұлғаюы байқалады. Мұнай экспорттаушылар бюджетке салықты рубльмен төлейді. Ыңғайлы есептеу мақсатында: бір тонна мұнайға салықты шартты түрде 100 доллар деп алайық. Бір долларға бағам 80 рубль болса, бюджетке 8 мың рубль түсер еді, ал бағам 60 рубль болғандықтан, ол 6 мың рубль ғана алып отыр, яғни 2 мың рублін жоғалтуда, – деп экономист жағдайды «қарапайым тілмен» түсіндіреді. – Осы ретте рубльдің бағамы мықтылығы жалпы алғанда Ресейдің өзіне де тиімді болмай отыр. Тиісінше, біз де осындай қымбат рубльді не істерге біле алмай отырмыз».

Инфляциямен күрестегі тәсілдер қатарында сарапшылар ағымдағы монетарлық саясаттан алшақтау­ды айрықша атап отыр және сонымен қатар бюджеттің шығыстарын инвестициялармен, соның ішінде шетелдік инвестициялармен де ауыс­тыру қажеттігіне назар аударады. Сондай-ақ инфляциямен күрес бойынша шараларға адал бәсекелес­тік үшін жағдай жасау қажет­тігі және «жасампаз күйрету» деп аталған мемлекеттік бағдарламалар арқылы тиімді емес компанияларды қолдауды тоқтату, сонымен қатар экономикадағы мемлекеттің үлесін қысқарту мәселелері де жат­қызылған. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы атап көрсеткендей, бұл шаралардың бәрін үкімет жария етті және олармен жұмыс жүргізіле бастаған.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

 

1944 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы