• Отандық өнім
  • 20 Қазан, 2022

Импортты алмастыруға мүмкіндік мол

Еліміз әлемдік деңгейдегі сапалы лак-бояу өнімдерін шығаруға мүдделі. Тиімді өнеркәсіптік сясат аясында жаңа «ВМП Астана» зауыты сапасы мен бағасы бойынша шетелдік өндірушілерден кем түспейтін лак-бояу материалдары сегментіндегі импортты алмастыру мәселесін шешуге дайын.

Тікелей шетелдік инвес­тиция тартатын арнайы эко­номикалық аймақта мемлекет барлық қажетті қолдау шараларын көрсетіп жатқаны мәлім. Ондағы кәсіпорындар үшін лайықты инфрақұрылыммен жер телімі бөлінеді, олар салықтық жеңілдіктерге ие және кедендік баж салығынан босатылады. Алдағы уақытта да шетелдік және жергілікті инвесторлардың импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған жобаларын қолдау әрі қарай жалғаса бермек. Осындай маңызды іс-шаралардың бір мысалы –  «Астана – жаңа қала» арнайы эконо­микалық аймағының №1 индус­триялық паркі аумағында тоттануға қарсы және оттан қорғау материалдары мен лак-бояу өнімдерін өндіретін жаңа зауыттың ашылуы.

«Экспортқа бағдарланған әлеуеті бар құрылыс материалдарын өндіру арқылы импортты алмастыруды дамыту мәселесі – стратегиялық басымдықтардың бірі. Қазақстанның қатысуымен шетелдік инвесторлардың «ВМП Астана зауыты» жобасының сәтті іске асырылуы елімізді құрылыс материалдарының осы сегментінің импортқа тәуелділігін төмендетумен қамтамасыз етеді», – дейді индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев.

Кәсіпорынның негізгі құрылтайшысы – өнеркәсіптік қолдануға арналған заманауи лак-бояу материалдарын ресейлік өндірушілер арасында көшбасшы «ВМП» ғылыми-өндірістік холдингі. Жаңа өндіріс орнының қуаты жылына 5 мың тоннадан асады, сонымен бірге 40-қа жуық жұмыс орны ашылуда. Жер учаскесін игерудің жалпы ауданы – 2,17 гектар. Мұнда өнім ассортиментінің 20-дан астам түрін шығару жоспарланып отыр. Өндіріс технологиясын және зауыттың халықаралық сапа стандартын ескере отырып, өнім өндіруге арналған шикізат тікелей Еуропа мен Оңтүстік Кореядан сатып алынады.

Ал тәжірибеге келсек, «ВМП» ғылыми-өндірістік холдингін қамту жетекші салалық шетелдік және ресейлік институттарда, әсіресе мұнай-газ саласында: «Газпром» ЖАҚ, «Транснефть» АК, «Роснефть» ҰК, «Сибур холдинг» ЖАҚ және Ресейдің басқа да ірі өнеркәсіптік компанияларында сынақтан өткен. Шығарылатын «ВМП» лак-бояу материалдары халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Ғылыми тәсіл, алдыңғы қатарлы өндірістік кешен және білікті мамандар жетекші әлемдік өндірушілермен тұрақты сапа мен бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етеді. Кәсіпорын зертханасы базасында коррозиядан қорғау саласындағы жаңа әзірлемелерді іс жүзінде енгізу бойынша ғылыми қызмет жүргізілуде.

Зауытта металл, бетон және темір-бетон конструкцияларын коррозиядан және оттың әсерінен қорғауға арналған лак-бояу өнімдері шығарылатын болады. Өнімдер жол айрықтарын, теміржол, жаяу жүргіншілер және автомобиль көпірлерін салуда қолданылады. «ВМП» жабындарымен «Алматы Арена», «Халық Арена», ЭКСПО нысандары, Астана және Алматы қалаларының көпір жолайрықтары, ҚазМұнайГаз, ERG, KazTransGaz, KAZ Minerals, Қазақмыс, Қазмырыш компанияларының ірі нысандары сенімді қорғалған.

Зауыттың бас директоры Михаил Вахрушевтің айтуынша, кәсіпорынның іске қосылуының нәтижесінде Қазақстан халықаралық аналогтардан кем түспейтін сапалы лак-бояу өнімдерін жеткізуші болып отыр. Жалпы, жобаны жүзеге асырудың сала үшін де, ел үшін де экономикалық және ғылыми пайдасы мол.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

 

728 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы