- Өндіріс
- 20 Қазан, 2022
ШМӨЗ қуаты – төртінші зауыт орнына

Мұнай-газ секторында Шымкент мұнай өңдеу зауыты – ПетроҚазақстан ойл продактс атауымен танымал. Үш ірі мұнай өңдеу зауытының бірі әрі жаңасы елде өндірілетін мұнай өнімдерінің жалпы көлемінің 40%-ын қамтамасыз етеді.
Акционерлері – Қытайдың ұлттық мұнай корпорациясы және ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы болып табылатын мұнай тобының қызметіне геологиялық барлау, кен орындарын өңдеу, мұнай мен газ өндіру, маркетинг және тасымалдау, сондай-ақ кен орындарын сатып алу, мұнай мен мұнай өнімдерін өңдеу және оларды сату кіреді. Бүгінде зауыттың жобалық қуаты жылына 6 миллион тонна мұнай өңдей алатын деңгейге жетіп, К-4, К-5 экологиялық санатындағы жанар-жағармай өндіре бастаған.
Бұл индустриялық даму бағдарламасы шеңберінде 2011 жылы бастау алып, жеті жылға созылған модернизациялау және қайта жарақтандырудың ауқымды жобасының нәтижесінде мүмкін болды. Сөйтіп, өндіріс ошағы шығарылатын отынның сапасын К-5 халықаралық экологиялық класына дейін арттырып, өндірістің экологиялық қауіпсіздік деңгейін көтерді. Қазақстандық нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін ашық түсті мұнай өнімдерінің өндірісін ұлғайтты. Жаңғырту жобасы аяқталғаннан кейін мұнда автоматтандырудың, цифрландырудың озық жаңа технологиялары, өндірістік процестерді одан әрі жетілдіру және шығарылатын өнімнің ассортиментін кеңейту саласында халықаралық тәжірибе кеңінен енгізіліп жатыр. Бүгінде «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» зауыты қала бюджетіне қомақты төлем жасайтын және бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып отырған, ондаған шағын және орта бизнестің қалыптасуы мен гүлденуіне септігін тигізіп жүрген алып кәсіпорын.
Жуырда Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында мұнай өңдеу зауытына барған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс орнының стратегиялық маңызын атап өткен блатын. «Қазір зауыт ішкі нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Өнімнің сапасы да жақсарды. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Осының бәрі сіздердің, яғни жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр», – деді президент.
Соңғы үш жылда зауыттың бензин өндірісі 2,1 миллион тоннаға, авиакеросин өндірісі 340 мың тоннаға, дизель отыны 1,9 миллион тоннаға дейін артқан. Өнім толықтай ішкі нарыққа өткізіледі. ШМӨЗ қазір жоғары қуатта жұмыс істеп, өндірістік бағдарламаны толық, дизель отынын өндіру жоспарын артығымен орындауда. Жоспарланған жөндеу жұмыстары мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмас үшін келер жылға шегерілген. ПҚОП 2022 жылдың 7 айында 3,6 млн тонна мұнай өңдеді, 1,2 млн тоннаға жуық бензин, 1,1 млн тонна дизель отынын, 204 мың тонна авиаотын және басқа да мұнай өнімдерін өндіріп шығарды. Ал 2021 жылы осындай кезеңде зауыт 2,7 млн тоннаға жуық мұнай өңдеп, 1 млн тоннадан астам автобензин, 779 мың тонна дизель отынын, 149 мың тонна әуе керосинін өндірген болатын.
Бастапқыда ШМӨЗ 12 млн тонна қуатқа жоспарланған, оның аумағы мен жалпы зауыттық шаруашылығы бұл деңгейге дейін кеңейту үшін жеткілікті. Дегенмен, ЖЖМ нарығында өзекті міндет –теңгерім, яғни, ішкі қажеттіліктерді жабу және экспорттау үшін қандай да бір профицитке ие болу. Энергетика министрлігінің талдауы бойынша, егер тағы 5-10 млн тоннаға зауыт салынса, Қазақстан кептеліске тап болады. Өйткені, жақын маңдағы елдерде отын экспорты үшін мұндай сыйымдылық жоқ. Сондықтан елде төртінші мұнай өңдеу зауытын салудың орнына Шымкент зауытының қуатын арттыру қажеттігі көптен айтылып келеді. Осыған байланысты Энергетика министрлігі ШМӨЗ қуатын 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін кеңейту туралы егжей-тегжейлі келіссөздер жүргізуде. Егер қажет болса, қуатты тағы 3 млн тоннаға ұлғайтып, шекті 12 млн-ға жеткізуге болады. Мұның өзі бір үлкен зауыттың межесіне тең. Министрлік дерегінше, кеңейту жұмыстары үш-төрт жылдан аспайды.
Ал ағымдағы міндет – зауыттың тұрақты және апатсыз жұмысын қамтамасыз ету, өндіріс бағдарламасының және барлық көрсеткіштердің орындалуын, сондай-ақ қызметкерлерге қолайлы еңбек ету, тұрмыстық және сауықтыру жағдайларын жасау бойынша әлеуметтік саясатты жүзеге асыруды одан әрі жалғастыру. Сонымен қатар мұнай өнімдерін уақытылы жөнелту және логистика бойынша серіктестермен өзара тиімді іс-қимыл мәселесін бақылау мен ұйымдастыруды күшейту өзекті.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

5990 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *