• Тұрғын үй
  • 20 Қазан, 2022

Әлеуметтік бағдарламалар аясында мүмкіндік мол

Елімізде халықты баспанамен қамтамасыз ету, азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында тұрғын үй саясатын жаңғырту және соның аясында қоғамдағы барлық әлеуметтік осал топтарды қамтитын қолжетімді баспана, тиімді шарттармен ипотека беру бағыттары қарастырылып, жалпы тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламалары  табысты жүзеге асырылуда. 

     Халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың бірі – осыдан төрт жыл бұрын қолға алынған табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беретін «Бақытты отбасы» атты жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы. Оның шарттарына қатысты айтар болсақ, бағдарламаға мына санаттар бойынша баспана кезегінде тұрған азаматтар: көпбалалы отбасы; мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы; толық емес отбасы (неке бұзылған сәттен бастап кемінде 3 жыл өтуі керек) қатыса алады. Бағдарлама арқылы баспана алуға несие қаржысы жылдық 2 пайыздық мөлшерлемемен жиырма жылға дейінгі мерзімге беріледі, бастапқы жарна – несие сомасының 10%. Бағдарлама аясында жергілікті әкімдік арқылы салынған кредиттік тұрғын үйді, жаңа және қолданыстағы пәтерлерді, сондай-ақ жер үй де сатып алуға болады.

Таяуда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Отбасы банкі» АҚ  Алматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова атап өткендей, биыл елімізде 5 000-ға жуық отбасына несие беріледі. «Қазақстандық отбасыларды жеңілдетілген шарттармен несиелендіруге биыл республикалық бюджеттен 51 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде бұл қаражат банкке түсті. Осы қаражаттың арқасында 5000-ға жуық отбасы несиелендірілетін болады», – деді ол өз сөзінде.

«Отбасы банкі» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры бағдарлама шарттарына  бірқатар оң өзгеріс енгізілгенін атап өтті. Енді «Бақытты отбасы» бағдарламасына көпбалалы отбасылар мен мүмкін­дігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен қатар, «жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар» сондай-ақ «I және II топтағы мүгедектер» санаттары бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтар да қатыса алады. Жаңа қосылған санаттар бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушалар өз өтініштерін жаңа байқау жарияланған уақытта жолдай алады», –  деді филиал басшысы.

Данагүл Түсіпова атап өткен тағы бір жағымды жаңалық – енді «Бақытты отбасы» бағдарламасында табысқа шектеу қойылмайтындығы. Бұған дейін отбасы мүшелерінің соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен, яғни 115 905 теңгеден аспауы керек деген талап бар болатын. Мысалы, спикер түсіндіргендей, көпбалалы отбасы отағасының жалақысы белгіленген нормадан 200 теңгеге асып кетсе, бұл отбасы қолжетімді несиеге қол жеткізе алмайтын.

Сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасы қатысушыларды не­сиенің ең жоғары сомасымен шектемейтін болады. Осыған дейін ол еліміздің әр аймағына байланысты нақты бір сома шамасында шектеулі, яғни 10 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін ғана болатын. Енді несие сомасы пәтер құнына негізделетін болады және тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасына байланысты қалыптасады.

Айта кетейік, қабылданған тұжы­рым­дамаға сәйкес таза әрлеу­дегі тұр­ғын үйдің 1 шаршы метрі үшін келесідей баға параметрлері белгіленген: Аста­на, Алматы қалаларында және олардың маңайындағы аудандарда 290 мың теңгеге дейін; Атырау және Маңғыстау облыстарында 240 мың теңгеге дейін;

Шымкент қаласында, Қостанай, Түркістан, Қарағанды және Ұлытау облыстарында 220 мың теңгеге дейін; Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында 200 мың теңгеге дейін; Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Жетісу облыстарында 180 мың теңгеге дейін.

Әлеуметтік тұрғын үй 3-4 жай­лылық класына сәйкес келетін және пәтердің ең үлкен ауданы 80 шаршы метрден аспайтын болады. Жылжымайтын мүлік қарыз алушы тұрғын үй кезегінде тұрған аймақтан сатып алынуы тиіс. «Тағы бір маңызды ақпарат, енді «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдіктер арқылы салынған әлеуметтік несиелік тұрғын үйлерді ғана сатып алуға болады», – деп нақтылады Д.Түсіпова.

Осы ретте өзіңіз қалаған баспананы otbasybank.kz порталынан таңдауға болады. Тұрғын үйді таңдауға немесе өңірде үйдің қолданысқа берілуін күтуге (егер өтініш берген уақытта порталда сатып алуға шығарылған баспана болмаса) бағдарлама қаты­сушысына 2023 жылдың ақпан айының соңына дейін уақыт беріледі. Осы уақытқа дейін қатысушының өтініші сақталады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пайыздық мөлшерлеме өзгеріссіз, жылдық 2% мөлшерінде қалады, ең төменгі бастапқы жарна – 10%. Несиенің максималды мерзімі – 20 жылға дейін беріледі, – деп қосты спикер. – Тұжырымдамаға сәйкес елімізде жеңілдетілген несиелік тұрғын үй бағдарламалары «2-10-20» («Бақытты отбасы» бағдарламасы) және «5-10-20» («Шаңырақ» бағдарламасы) аясында жүзеге асырылатын болады. «5-10-20» бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдіктерде баспана кезегінде тұрған азаматтардың барлық санаттары пәтер ала алады. Табыс бойынша шектеулер болмайды. Бастысы несие алу үшін бағдарламаға қатысушылар төлем қабілеттілігін растаулары қажет».

Айта кетейік, Отбасы банктің  ақпаратына сәйкес, «Бақытты отбасы» бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған уақыт ішінде 14 700 қазақстандық отбасы қоныс тойын тойлады. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 3 665 отбасы баспаналы болған. Биыл алғашқы жартыжылдықта тағы 326 адамның өтініші мақұлданған.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

 

376 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы