• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 20 Қазан, 2022

Күрделі міндеттер кешенді шешілуі керек

Қазақстанда «таза көмір» технологияларын енгізу және жаңартылатын энергетиканы дамыту жоспарлануда. Бұл туралы электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері қаралған кезекті үкімет отырысында мәлімделді. Жиында талқыланған келесі көкейтесті тақырып – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі болды.

 

ЭНЕРГЕТИКА – ЭКОНОМИКА ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ

 

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың хабарлауынша, қазіргі уақытта біртұтас электр энер­гетикалық жүйе тұрақты жұмыс істейді. Биыл 16 қазандағы жағдай бойынша экспортты ескере отырып, электр энергиясын өндіру 86,9 млрд кВтсағ құрады. Жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Энергия көздерінің қоймаларында 4,1 млн тонна көмір және 81 мың тонна мазут жинақталған, бұл бекітілген нормаларға сәйкес келеді. Бүгінгі таңда республикада жиынтық қуаты шамамен 2 300 МВт болатын 140-тан астам ЖЭК объектісі жұмыс істейді, электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 3,7%-ды құрайды. Бұл ретте 3 жыл ішінде жиынтық қуаты 850 МВт-тан асатын 48 ЖЭК объектісін қосымша енгізу жоспарлануда. Нысаналы индикаторларға сәйкес 2025 жылға қарай электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 6%-ға тең болуы тиіс. Энергетика саласын 2035 жылға дейін дамыту шеңберінде электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сату негізінде жұмыс істеудің жаңа моделіне көшу қажет. Сонымен қатар «нвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасын, «таза көмір» технологияларын, жаңартылатын энергетиканы, заманауи газ және атом генерациясын енгізу жөніндегі шаралар топтамасы дайындалды.

Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев энергетикалық теңгерімге сәйкес 2035 жылға қарай электр қуатына қажеттілік шамамен 27 ГВт деңгейінде күтіліп отырғанын айтты. Қазіргі уақытта Қазақстандағы станциялардың қуаты 16 200 МВт-қа тең. 2035 жылға қарай шамамен 17 ГВт жаңа базалық, икемді және жаңартылатын энергия қуаттарын салу қажет. Оның шамамен 11 ГВт-ын Қор жүзеге асырады. Оның айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры электр энергетикасы саласында 6 басым жобаны іске асыра бастады. Жобалар құны – 1,2 трлн теңге, жүзеге асырылатын мерзімі – 2023 жылға дейін. «Басым жобалар аясында жалпы сомасы 9 трлн теңгеден асатын 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Атом электр станциясын салудың ұзақ уақытын ескере отырып, жақын арада көмір өндіретін жаңа қондырғыларды салу қажет болады. Екібастұзда қуаты шамамен 1 200 МВт болатын жаңа ГРЭС салу мәселесі қарастырылып жатыр», – деді А. Сәтқалиев.

Ол энергетика саласы – экономика дамуының негізі екендігін, басты міндет – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономиканың қажеттіліктерін өтеу үшін саланың дамуын жеделдету болатынын атап өтті.

Премьер-министр ел эконо­микасының орнықты дамуы энергетика саласының тұрақты жұмысына тікелей байланысты екенін баса айтты. Қазіргі таңда электр энергетикасы үшін күрделі жағдай қалыптасып отыр. «Экономикаға қосымша энергия көздері қажет. Сондай-ақ бұл са­ланың климатқа теріс әсерін азайту да оңай болып тұрған жоқ. Бұл – жаһандық дилемма, оның екі жаққа да тиімді балансын табу керек», – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, бүгінде өн­дірілетін энергияның 80%-дан астамы көмір мен мұнай секілді қазба отындарынан алынып отыр. «Алдағы уақытта бұл салада айтарлықтай өзгеріс бола қоймауы да мүмкін. Дегенмен, көмірқышқыл газын ауаға жібермей ұстап қалу және оны кәдеге жарату, атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды азайту үшін жаңа технологияларды қолдануға басымдық берілуде. Біз экологиялық балансты сақтауға, жасыл желекті, орман алқаптарын көбейтуге барынша көңіл бөлетін боламыз», – деді премьер-министр.

Сондай-ақ ол энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мәселесін де шешу қажет екеніне тоқталды. Мысалы, өңірлерде электр желілері шамамен 65% тозған. Жылу электр орталықтарындағы жабдықтардың тозу деңгейі де осындай. Кейбір қалаларда бұл көрсеткіш тіпті 80%-ды құрайды. Премьер-министрдің пікірінше, электр станциялары мен қазандықтардың жабдықтарын жаңартып, желілерді реконструкциялау қажет. Сонымен қатар эконо­­миканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін 2035 жылға қарай 10 ГВт-тан астам жаңа энергия қуаты қажет болады. «Алдымызда күрделі міндеттер тұр. Ол үшін бізде жеткілікті ресурстар бар. Атап айтқанда, жаңартылатын энергетиканы дамытуға жарайтын қажетті жер аумағы, қазба байлығының мол қоры, атом энергетикасын дамыту жөніндегі жоспарымыз бар», – деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, премьер-министр көрші елдердің энергия жүйесі арқылы энергияны тұрақты түрде жеткізуді қамтамасыз етуді, ең көп салмақ түсетін маусымдық кезеңдерде қажетті маневрлік қуаттарды ұлғайту шараларын қабылдауды, сондай-ақ қазан айының соңына дейін Үкіметтің қарауына «инвестиция орнына тариф» саясатын іске асырудың нақты механизмін ұсынуды тапсырды. Сонымен қатар Энергетика министрлігіне көмір жағатын электр станцияларынан зиянды заттарды азайту және оларды кәдеге жарату технологияларын әзірлеп, қолданысқа енгізу тапсырылды.

 

ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ОРТАДА ДӘРІПТЕЛУІ ТИІС

 

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов келтірген деректер бойынша, биыл полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңға жуық сигнал түскен. Олардың көбі Шымкент, Астана, Алматы, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарына тиесілі. Жалпы отбасылық-тұрмыстық негізде 668 қылмыс жасалды, жанжал шығарушыларға қатысты 35 мың әкімшілік хаттама жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту шараларын әзірледі. Олардың қатарында осындай құқық бұзушылықтар бойынша өтініш қабылдаудан оларды анықтауға көшу, тараптарды татуластыру рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату және отбасылық-тұрмыстық сала­дағы құқық бұзушылықтар үшін жазаны күшейту бар.

Арнайы дағдарыс орталықтары­ның жұмысы туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, отбасын қолдау орталықтарының қызметі туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, өңір­лердегі ахуал туралы Шымкент қала­сының әкімі Мұрат Әйтенов пен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндады.

Баяндамашыларды тыңдап бол­ған премьер-министр тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін кешенді түрде шешу қажеттігін айтты. Бұл орайда барлық қадамдар мен жаңа тәсілдерді, әсіресе, заңнамалық сипаттағы шараларды алдымен қо­ғам­ның талқысына салу қажет. Бұл тұрғыда мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және сарапшылардың бірыңғай ұстанымы қажет. «Қоғамда отбасылық-тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа төз­беу атмосферасын қалыптастыру үшін әлеуметтік желілер мен бұқа­ралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарды оңалту мәселесіне көңіл бөлу керек. Оларға тек медициналық қана емес, білікті мамандардың психологиялық, құ­қық­тық көмегі де қажет», – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар премьер-министр өңірлерде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеу және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бойынша ақпараттық науқан жүргізу қажеттігін атап өтті. «Оқу-ағарту министрлігі балалардың бойына отбасына құрмет және үйдегі тәртіп ережелерін сіңіру үшін «мектеп сағатын» ойластыруы тиіс», – деді үкімет басшысы.

Одан бөлек, үкімет басшысының айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс және уақытша бейімдеу орталықтарын, мәжбүрлеп емдеу­ге арналған наркологиялық мекемелер желісін кеңейту шараларын қабылдау қажет. Сондай-ақ премьер-министр мемлекеттің көмегіне мұқтаж, тұрмысы нашар отбасыларды медициналық-әлеуметтік есепке алудың үлгілік қағидаларын әзірлеуді тапсырды. «Әкімдіктер­мен бірге тәуекел тобындағы отбасыларды анықтап, олармен арнайы профилактикалық жұмыс жүргізу үшін отбасының цифр­­лық картасының деректерін талдау қажет», – деді Ә.Смайылов.

Қорытындылай келе, үкімет басшысы мәжбүрлеп емдеуге жіберу рәсімдерін жеңілдетуді, халықаралық тәжірибені ескере отырып, құқық бұзушыларға психологиялық терапия шараларын қолдану бойынша ұсыныстар әзірлеуді, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша түзетулер әзірлеу аясында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

340 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы