• Бизнес - Қаржы
  • 27 Қазан, 2022

Төлем теңгерімі толымдылықпен түзілді

Жетпісбай Бекболатұлы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Сарапшылар мен көзіқарақты жұрттың қаржылық есеп-қисап саласында ерекше көңіл бөліп, егжей-тегжейіне дейін талдайтын тарауларының бірі төлем балансы болып табылады. Кәсіби атаулардың қазақша баламасын қалыптастыру барысында баланс термині теңгерім болып аударылып, қолданысқа енді. Тілге тиек етіліп отырған осынау теңгерім дефицитпен, болмаса профицитпен түзіледі. Бұл ретте дефицит ұғымы ана тілімізге зәрулік немесе жетіспеушілік болып тәржімаланды, ал профицит түсінігін толымдылық деп алып отырмыз. Төлем теңгерімі елдің халықаралық алыс-берісінің валюталық түсімдері арақатынасындағы теңгерімдік шоты болып табылады. Аталмыш төлем теңгерімінің өткен жартыжылдықтағы ағымдағы шоты 5,7 млрд АҚШ доллары көлеміндегі толымдылықпен түзілгені ел экономикасы үшін жағымды жаңалық болып табылады. Бұл ретте өткен жылдың осы кезеңінде 3,8 млрд АҚШ доллары мөлшерінде жетіспеушілік болғанын ескерсек, кедергілерді еңсеру әлеуетінің арта түскенін байқаймыз.

Ағымдағы шоттың теріс сальдодан оң аймаққа өтуі сауда теңгерімі жағдайының жақсаруымен байланысты болды. Оның толымдылығы 20,9 млрд АҚШ долларына жетті. Сөйтіп, ол өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 12,6 млрд АҚШ долларына жақсара түсті. Үс­тіміздегі жылдың екінші тоқсанында сауда теңгерімінің толымдылығы 2014 жылдан кейінгі кезеңдер ішіндегі ең жоғары көрсеткішке жетіп, 11,3 млрд АҚШ долларын құрағанын айта кеткен жөн. Толымдылықтың өсуі тауар экспортының арту қарқынының импортқа қарағанда анағұрлым жоғары болуымен байланыстырылады. Тауар экспорты өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 56,8 пайызға өсіп, 42,3 млрд АҚШ долларына жетті. Тауар экспорты сыртқы сұраныстың тұрақты деңгейінен және шикізат, әсіресе, мұнай бағасының өсуінен қолдау тапты. Атап айтар болсақ, мұнай мен газ конденсатының экспорты 84,7 пайызға өсіп, 24,8 млрд АҚШ долларын құрады. Өз кезегінде тауар импорты 14,8 пайызға артып, 21,4 млрд АҚШ долларына жетті. Өсімаралық тауар импортының және азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарлары импортының өсуі байқалды. Тікелей шетелдік инвесторлардың кірісі де есепті кезеңде 31,7 пайызға немесе 3,3 млрд АҚШ долларына өсіп, 13,9 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өсім шикізат секторында, ең ал­дымен мұнай-газ секторында шетелдік инвесторлардың жоғары шоғырлануымен түсіндіріледі. Әдетте инвесторлар кірісінің өсуі сауда теңгерімінің өсімін өтей отырып, ағымдағы шоттың жақсаруын тежейді. Соған қарамастан қаржы шотында резервтік активтерді қоспағанда 7,4 млрд АҚШ доллары көлемінде оң сальдо қалыптасып, мұның өзі сыртқы активтердің ұлғаюы мен міндеттемелердің азаюын көрсетті. Қаржы шотының оң сальдосы негізінен мемлекеттік сектор операциялары арқылы қамтамасыз етілді. Ұлттық қор активтерін есепке алмағандағы резервтік активтер биылғы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 32,0 млрд АҚШ долларына бағаланды. Бұл Қазақстанның тауар мен қызмет импортын 7,3 ай бойы қаржыландыру мүмкіндігі барлығын көрсетеді. Сонымен бірге еліміз­дің Ұлттық банкі бірінші жартыжылдықтағы төлем теңгерімінің нәтижелерін қалыптастыру кезінде жеке тұлғалардың трансшекаралық электрондық саудасына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген автокөліктердің «сұр» импортына байланысты операцияларды қосымша есепке алуды жүргізгенін атап өткеніміз жөн. Соңғы жылдары республикада жеке тұлғалардың ЕАЭО елдерінен өз қажетіне жарату немесе қайта сату үшін әкелген автокөліктерінің мемлекеттік тіркеуге алынбағаны мәлім. Мұндай автокөлік импорты сыртқы сауданың ресми статистикасында есепке алынбайды. Бас банктің бағалауы бойынша 2015 жылдан бастап көрші елдерден автокөліктердің «сұр» импорты 4,2 млрд АҚШ долларын немесе жылына орта есеппен, шамамен алғанда 500 млн долларды құрайды. Осындай импорттың ең жоғары мәнде болған кезеңі 2021 жыл болып отыр. Осы кезеңде жалпы сомасы 980 млн АҚШ доллары көлемінде 131,2 мың автомобиль импортталған, яғни әр импортталған көлік құны орташа есеппен 7,5 мың долларды құраған. Автокөліктердің «сұр» импортын бағалау Қазақстан заңнамасына сәйкес жеке тұлғалар рәсімдеген сақтандыру полисі негізінде жүргізілді. Бұл талдау жұмысы автокөліктің маркасы, шығарылған жылы және әкелу кезіндегі «жасы» бойынша елге жеткізілген автокөліктердің құнын бағалау арқылы жасалды.

Халықаралық сауда статистикасы жеке тұлғалардың шетелдік сайттар арқылы сатып алған тауарлары туралы деректерді қамтымайды. Осыған орай қаржы реттеушісі азаматтардың онлайн-платформалар арқылы сатып алатын импорт көлеміне бағалау жүргізді. Бұл бағалау жеке тұлғалардың шетелдік эквайринг жүйесінде қазақстандық төлем карталарын пайдалана отырып жасаған қолма-қол ақшасыз төлемдерін талдауға негізделген. Төлем теңгерімінің баптары бойынша операцияларды жіктеу сыртқы сауда және қызмет көрсету орындарының экономикалық қызмет түрін сипаттайтын кодтарды қолдану арқылы жүзеге асырылды. Интернет-платформа арқылы тауар сатып алушылардың қатары көбейіп келе жатқанын атап өткен жөн. Бұл үрдіске пандемияға байланысты шектеулер де ықпал етті. Мәселен, бас банктің бағалауы бойынша 2015 жылдан бастап интернет-платформалар арқылы сатып алынған тауар импортының көлемі 2,6 млрд АҚШ долларына теңессе, 2021 жылы бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 7,5 есе ұлғайып, 749 млн АҚШ долларын құрады. Электрондық платформалар танымалдылығының артуына байланысты электрондық сауда көлемінің ұлғаюы ықтимал. Осы тұрғыда электрондық сауда көлемін жүйелі түрде бағалау сыртқы сектор статистикасын қалыптастыру жұмысының құрамдас бөлігіне айналмақ. Операциялардың осы түрлері бойынша төлем теңгерімінің деректері 2015 жылдан бастап қайта есептелді. Мұның өзі жеке тұлғаларды сыртқы сектор статистикасымен қамтуды кеңейтеді, төлем теңгерімінің құрамдас бөліктерін теңестіріп, ағымдағы шот баптарын толықтырады.

324 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы