• Өндіріс тынысы
  • 27 Қазан, 2022

Аршалыдағы алып кешендер

Құрылыс – басқа да негізгі салалардың дамуына әсер беретін экономиканың қуатты буыны. Сондықтан бұл белесте сапалы құрылыс материалдарын шығаратын отандық кәсіпорындар зор рөл атқарады. Республика күніне орайластыра ашылған Ақмола облысындағы темірбетон бұйымдарын шығаратын жаңа зауыт – осы индустрияның озық нысаны болып табылады.

Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылған жоба құрылыстың ішкі нарығын толық қамтамасыз ете алады. Салтанатты тұсаукесерде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев ірі жобаның ішкі құрылыс нарығын қанықтыру мен импортты алмастырудағы маңыздылығын атап өтті. «Құрылыс материалдарын өндіру – Ақмола облысының өңдеу өнеркәсібінің маңызды бағыттарының бірі. Осындай ірі жобалардың арқасында өңір экономиканың басым саласы болып қала беретін өнеркәсіп секторының әлеуетін арттыруды жалғастыруда. Биыл біз осы және облыс аумағында ашылатын көптеген кәсіпорындардың арқасында инвестиция көлемін 1 триллион 400 млрд теңгеге жеткіземіз. Бұл облыс экономикасын нығайтуға септігін тигізеді», – деді аймақ басшысы.

Құрылыс саласындағы зәкірлі жоба Аршалы ауданына қарасты Волгодоновка ауылының маңайында өріс алған. Ол G-PARK компаниялар тобына кіреді. SG Beton қуаты бойынша үлкен көлемде қада шығара алатын еліміздегі ең ірі кәсіпорын болмақ. Қазіргі уақытта зауыт 650 000 шаршы метр көп қуысты плиталар мен 457 мың сызықтық метр қадалар шығарады. Жоба ең алдымен құрылыс компаниясының өзін сапалы өніммен қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде тұрғын үй құнын арзандатуы мүмкін. Елорда жергілікті сапалы құрылыс материалдарымен толық қамтылып жатса, артылған өнімдер нарыққа беттейді.

15 мың шаршы метрге жуық аумақта орналасқан өндіріс ошағы толықтай заманауи құралдармен жабдықталған әрі жұмыс барысында озық технологияны пайдаланады. Атап айтқанда, өндіріс кешенінде германиялық Maxtruder фирмасының құралдары орналастырылған. Жұмыс процесінің толықтай автоматтандырылуы адами фактор тарапынан болатын өндірістік қателіктерді болдырмайды және жұмыс барысын барынша жылдамдатады. Зауыт құрылысқа қажетті бұйымдардың кең көлемін өндіруге қауқарлы. Атап өткенде, онда плита, баспалдақ, темір-бетон тосқауылдар, панельдік төбелер, іргетас блоктары шығарылады. Сондай-ақ үшкір қадалар мен өзегі қуысты тақталар өндіру де көзделіп отыр. Зауыт құрылысына 16 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция салынды.

Өнім шығару екі ауысым бойынша ұйымдастырылып, 240 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. SG Beton зауытының директоры Амангелді Кәкібаевтың айтуынша, кәсіпорын төрт ауысыммен толық циклде жұмыс істеуге арналған. Жұмысшылар негізінен жергілікті жердің азаматтары, сондай-ақ Астана қаласынан келгендер де бар. Бұл ретте компания азаматтардың осы жақта тұрып жұмыс істеуіне жағдай жасай алады. Қазіргі сәтте тұрақты жұмыспен 106 адам қамтылды. Кәсіпорынның болашақ қызметкерлері үшін оқыту жоспарланған. Орташа жалақы 300-350 мың теңге.

Бүгінде аймақта цемент, кірпіш, минералды жүн плиталарын, пластмассадан жасалған құбырларды, темірбетон бұйымдарын, сондай-ақ қиыршық тас құм өндіретін көптеген алып кәсіпорындар бар. Жалпы есепте құрылыс индустриясы саласында 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Аршалыдағы темірбетон бұйымдарын шығаратын тағы бір іргелі нысан – «Қазшпал» АҚ. Онда темірбетон шпалдары, бағыттамалы аударма арқалықтары, сондай-ақ еден плиталары шығарылады. Сонымен қатар зауытта іргетас блоктарын, қадаларды, сақиналарды, төсеніштерді және темірбетон бұйымдарының басқа түрлерін жасауға мүмкіндік бар. Ол үшін өзінің шикізат базасы жеткілікті. 2007 жылы қиыршық тас зауыты салынып, пайдалануға берілген, сондай-ақ Сенсембай құрылыс құмдары мен Канадыр құрылыс тасы кен орындарын игеруде. Одан кейін өндірілген құрылыс тасы қиыршық тасқа өңделеді, оны теміржол мен автомобиль жолын жөндеу және салу кезінде пайдалануға болады. Кәсіпорын бүгінде Ақмола өндірушілері арасында лайықты орын алады. Өткен жылы зауыт жалпы сомасы 798 млн теңгеден асатын 126 мың данадан астам өнім шығарды. Басшылық цехтардағы еңбек жағдайларын жақсарту үшін қаражат салуда, материалдық-техникалық база жаңартылуда. Бүгінде жарты ғасырдан астам тарихы бар кәсіпорында 270 адам еңбек етеді. Сондай-ақ «ҚазШпал» АҚ бизнесті құрып, дамытып қана қоймай, әлеуметтік миссияны табысты орындауда. Жол құрылысына және жөндеуге қатысу, жергілікті мектеп пен халықты ауыз сумен жабдықтау, өңір тұрғындарын еңбекпен қамту бағыттарында кәсіпорын аудан орталығына баға жетпес қолдау көрсетіп келеді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

433 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы