• Инфрақұрылым
  • 27 Қазан, 2022

Құрылыс секторы – экономика драйвері

Дағдарысқа қарамастан, құрылыс – Қазақстан экономикасының драйвері болып қала береді. Ел экономикасының нақты секторындағы жұмыскерлердің 17 пайызы және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 42 пайызы –  құрылыста, деп жазады Finprom.kz сайты.

Құрылыс секторы ел экономикасында, әсіресе дағдарыс кезінде маңызды рөл атқарды. Мысалы, Қазақ­станның жалпы ішкі өнімі 2,5 пайызға төмендеген 2020 жылы құрылыс секторы бірден 11,6% өсті, бұл – ел экономикасының барлық сек­тор­лары арасындағы рекордтық көр­сет­­кіш. Сондай-ақ бұл нақты сектор үшін панде­мияның жағымсыз салда­рын бейта­раптандыруға мүмкіндік берді.

Жалпы, құрылыс – ел экономи­касының өсу драйверлерінің бірі деп сеніммен айтуға болады. Биыл сала көлем өсімі бойынша да көшбасшылар қатарында болды. Мәселен, елдегі ішкі жалпы өнім алты айдың қорытын­дысы бойынша бір жылда 3,6% өссе, құрылыста өсім 9,2 пайызға жетті. Бір қызығы, сала тағы бір жоғары технологиялық сегмент – ақпарат және коммуникация саласымен (12,6% өсім) көш бастап тұр.

Бүгінде құрылыс «таза» күйінде елдің жалпы ішкі өнімінің 5%-ын құрайды. Бұл ретте сектор экономикаға мультипликативті әсер етеді, яғни онымен байланысты салаларды – өңдеу өнеркәсібін, атап айтқанда, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру, сауда, көлік-логистика және т.б. салаларды ынталандырады (1-инфографика).

Сонымен қатар, құрылыс еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. Секторда 637,5 мың адам жұмыс істейді, яғни ол – сауда, агроөнеркәсіптік кешен және білім беру салаларымен қатар жұмыс беру­ші ретінде көшбасшы сала. Құрылыс­та жұмыспен қамтылғандар саны рес­публикадағы барлық жұмыспен қамтылғандардың 7,2%-ын және нақты секторда жұмыс істейтіндердің бірден 17,4%-ын құрайды (ҚР нақты секторына құрылыс, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және байланыс кіреді).

Мультипликатор ретінде құры­лыс секторы құрылыс материалдары, бұйымдары мен механизмдері өндірісін (металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі), үйлер мен тұрғын үй кешендеріне қызмет көрсету сегментін (тазалау және жеткізу, жөндеу), жоғары технологиялық салалар (сәулет, сараптама, геология, цифрлық технологиялар және телекоммуникация) мен т.б. қамтиды (2-инфографика).

Тағы бір маңызды жайт – Қазақ­стандағы іскерлік белсенділікке әсері: құрылыс секторы жұмыс істейтін компаниялардың саны бойынша көшбасшылардың бірі.

Биыл тамыз айында құрылыста 50,3 мың кәсіпорын қызмет атқарды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,2% артық. Аталмыш көрсеткіш еліміздегі жұмыс істеп тұрған барлық кәсіпорындардың 13,3%-ын және нақты сектордағы кәсіпорындардың 41,9%-ын құрады.

Осылайша, құрылыс тікелей және жанама түрде экономикалық өсуді және нақты секторды дағдарыстан шығаруды ынталандырады, халықтың тұрғын үйге және жұмыспен қамтуға деген әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз етеді және барлық деңгейде іскерлік белсенділікті ынталандырады (кесте).

Осы ретте құрылыс секторында халықты тұрғын үймен қамтудағы, пәтерлерді жалға берудегі әлі де болса кезегін күткен мәселелер жеткілікті екенін атап айтқымыз келеді. Өкінішке қарай, қазіргі таңда еліміздегі жалға берілетін тұрғын үй нарығының дамуы кенжелеп тұр. Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, арендалық баспаналардың тұрғын үй қорындағы үлес салмағы 22 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш дамыған мемлекеттердегі көрсеткіштен әл­деқайда төмен (50%-ға жуық).

Бүгіндері Қазақстандағы жалға берілетін баспана нарығының басым бөлігі «көлеңкеде» қалып отыр. Өз кезегінде бұл тараптағы жіті бақылаудың жоқтығы бағаның бей-берекет өсуіне және заңсыз қайшы әрекеттерге алып келуде. 2017 жылдан бері пәтерді жалға беру құны екі жарым есеге артқан. Атап айтқанда, бір шаршы метрді жалдау құны 1 329 теңгеден 4 029 теңгеге өскен. Көптеген пәтер иелері өз баспаналарын еш­қандай келісім-шартсыз өткізеді. Республикада жайлы тұруға кепілдік беретін тұрғын үйді жалға берудің арнайы стандарттары бекітілмеген. Яғни жалға берудің институционалдық нарығы қалыптаспаған.

 Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жылжымайтын мүлікті инвестициялау қорлары тұрғын үйлерді жалға беру нарығындағы көптеген мәселелерді оңтайлы шешудің тетігі ретінде қарастырылады. Аталған инвестициялық қорлар жалға алу мөлшері есебінен тұрғын үй кезегін­дегілердің мәселесін шешуге ықпалын тигізуі мүмкін. Сонымен қатар тұрғын үй көлемінің артуына да серпін бермек.

Мәселен, Англиядағы Civitas ұйымы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған әлеуметтік тұрғын үйлерге инвестиция салады. Бұл жүйе жаңа баспаналар құрылысына қаржы тарту үшін тұрғын үй қауымдастықтары және жергілікті атқарушы органдармен өзара серіктестік нәтижесінде жүзеге асырылады. Аталған ұйыммен ынтымақтастық аясында мемлекет жалға алу мөлшерін 100 пайыз көлемінде субсидиялайды.

Алдағы кезеңде осындай жайт­тарға жете көңіл бөлінсе, құры­лыс саласының экономиканың дамуындағы басты қозғаушы күш – драйвер ретінде ғана емес, халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудегі негізгі сала тұрғысында маңызы артар еді. Тиісті министрлік пен жергілік­ті билік органдары осыған көңіл бөлетініне сенім артқымыз келеді. Сөйтіп, бұл сала халыққа пайдасын тигізер маңызды секторға айналары даусыз.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

 

881 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы