• Энергетика
  • 27 Қазан, 2022

Жеті жылдық жетістік

Еліміздегі электрлік машина жасау саласындағы көшбасшы – «Alageum Electric» холдингтік компаниясының Ақ Жайық өңірінде Орал трансформатор зауытын іске қосқанына жеті жылдың жүзі болды.

Оралдық кәсіпорын Кентау трансформатор зауыты­ның жартығасырлық жұмыс тәжіри­бесін іс жүзінде жалғасты­рып отыр. Сонымен қатар әлемдегі электр техникалық жабдықтар өндірісінің озық технологиясын игеріп қана қоймай, оның жаңа өзін­дік қолтаңбасын айшықтап өндіріске енгізіп жүр. Ком­пания қажет болғанда жаб­дық­тарды өзі жобалайды, өн­діреді және өндірістік құрал-жабдықтарды жеткізіп береді, сервисті қызмет те көрсетеді. Бір сөзбен түйіндесек, әмбебап, сан қырлы өндіріс.

Қазіргі уақытта серіктестік электр энергетика нарығында қуаты 6, 10, 20 кВ-дан 2500 кВа-ға дейінгі құрғақ және майлы трансформатордың 13 түрімен, түрлі қосалқы стансаларымен танылған. Зауыт ашылғалы бері 46 863, былтыр 10 551 трансформатор өндірілді. Компанияның басты байлы­ғы – білім-білігі мол маман­дар мен еңбекқор жұмысшы­лар. Ұжымдағылар қуатты үнем­дейтін инновациялық өнімдерді сапалы өндіретін өндірісші боламыз деген корпоративтік мақсат-мүд­де жолында жұдырықтай жұмылған. Осындай әлеуеті мықты кәсіп­орындағылар іргедегі жер қой­науын пай­даланушылардың арнайы тапсырыстарын да сапалы әрі уақытылы орындауда. «Зауыт негізінде ТМД ел­дерінде баламасы жоқ па­нельдік радиаторлар өндірісі ашылды. Радиаторлар транс­форматорлардың қызып кет­пеуін реттейді. Бүгін­де ТМН 4000/35, ТТН 10000/35, ТРДН 80000/110, АОМЖ 16000/35 үл­кен күштік трансфор­матор­лар құрасты­рылуда.

 

 

Өнімнің 6 түрінің 5-6 партиясын Кентау трансформатор зауытына, 5 түрін Орта Азиядағы үлкен зауыт «Аsia Trafo» ЖШС-ға жөнелттік. Жақында Өзбекстандағы «ТОШ» электр зауытынан да өнімдерімізге тапсырыс түсті. Ол компания – біздің кәсіпорыннан радиаторларды тұрақты алушылардың бірі. Радиаторларымызды Ресей, Өзбекстан, Армения, Әзербайжан елдеріне экспортқа шығарудамыз. Соғыс басталғанға дейін Украина да оралдық өнімді алып тұрды», – деді аталмыш зауыттың өндіріс жөніндегі директоры Нұрдилла Усманов.

Өндіріс жөніндегі директордың айтуынша, өндірілген өнімнің 97%-ы экспортқа, қалған 3%-ы Қазақстанның батыс өңіріндегі төрт облысқа кетеді. Еліміздің өзге өңірлерін Кентаудағы кәсіпорын өз электр өнімдерімен қамтиды. Биыл қыркүйек айында Петропавл қаласында «ПЭТЗ» электр техникалық зауыт ашылғаны мәлім. Жаңа өндіріс орнының өнімдері еліміздің солтүстігіне, одан әрі Ресейге шығарылады. Сондықтан оралдық өндірісшінің өнімдері өтпей қалуы мүмкін-ау деген көпшіліктің көкейіндегі күдікті сейілткеніміз жөн. Жергілікті компания облыс орталығының жаңа шағынаудандарын қосалқы стансалармен қамтамасыз етуде. Жеке кәсіпкерлік, бизнес нысандары өздеріне қажетті трансформаторларды өндірушіден тікелей алады. «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы» компаниясынан да, Ресейден де тапсырыс түседі. Жоғары кернеулі электр қуатын тасымалдайтын желілерге арналған «БМЗ» деп аталатын үлкен қосалқы стансалар арнайы тапсырыспен құрастырылады. Өндіріс ошағындағы сынақ орталығы трансформаторлар мен олардың тораптарын сынаудың технологиялық үрдісін механикаландыруға және аутоматтандыруға мүмкіндік беретін «A.M.E s.r.l.» компаниясы шығарған заманауи компьютерленген стендтермен жабдықталған. Бұл жабдықты пайдалану өнімді сынау уақытын қысқартуға, субъективті фактордың сынақ нәтижелеріне әсерін азайтуға мүмкіндік береді.

Трансформатор зауытында 350 адам тұрақты жұмыс істейді. Оның ішіндегі 50-і – инженер-техник, өз­гесі жұмысшы мамандар. Зауыттың механикалық, орама (НЗУ), алюминий сымдар жасау цехтары, одан бөлек бірнеше жинақтау (магнит жинап, катушка орнатылады, бірінде трансформаторлар құрастырылады, дайын трансформаторға май құйы­лады) бөлімдері бар. Бір-бірімен жалғасып жатқан цехтардың жұмысы қызып, қайнаған еңбек алаңына айналған. «Step-lep» жүйесі бойынша трансформаторлық болатты кесу жұмыстары итальяндық «L.A.E.» компа­ниясының аутоматтандырылған TE-45, TO-25 және Швейцарияда жасалған TUBOLY ССС300 желі­ле­рінде жүзеге асырылады. Катуш­каны орау да асқан дәлдікпен жұмыс істейтін жоғары технологиялы жабдықтың көмегімен атқарылады. Шығарылған электр жабдықтары аутоматты «Officine Munari» желісіне батыру арқылы боялады.

Еңбек ұжымындағылардың орташа жасы 30-дың айналасы десек, олардың 90%-ға жуығы жас­тар. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 250 мың теңге шамасында. Күнделікті істеген жұмыстарына қарай айлық жалақы шамасы 380-400 мың теңгеге дейін құбылады. «Жұмысшылардың көпшілігі 70 пә­тер­лік жайлы жатақханада тұрады. Оларға жұмыс киімі тоқсан сайын беріледі. Бізде еңбек ететін адамдарға толықтай еңбек жағдайы жасалды. Жұмыс кезіндегі үзілісте демалатын, жуынатын орындары, асхана, медпункт бар. Жігіттер асханадан 300 теңгеден түстік тамақ ішеді. Дәмді деп мақтайды. Ауырған жағдайда емдік шараларының бағасының 50%-ын компания өтейді. Сыйақы да беріліп тұрады. Еңбек адамдарын ынталанды­ру мақсатында жыл соңында 13-жала­қы, яғни сыйақы беру дәстүр­ге айналған», – деді Нұрдилла Елесбекұлы.

Кәсіпорын жұмысқа қабылданған ынталы жастарды үйретіп, өзіне жұмысшы мамандарын даярлап алады. Бірақ токарь, слесарь мамандары әлі де тапшы. Серіктестік жергілікті орта арнаулы және жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатқан. 2021 жылы осы оқу орындарындағы машина жасау, энергетика саласының 8 түлегі жұмысқа қабылданды. Жаңадан жұмысқа келгендерге мастер, бригадирлер тәлімгерлікке бекітіледі. Мұның өзі көкөрім жастардың жұмысты жылдам меңгеріп, өндірістік үрдістерге тереңірек үңілуіне септігін тигізеді. Өндірістік, еңбек қауіпсіздігі мәселе­лері компания басшылығының, техникалық қауіпсіздікке жауапты екі маман­ның басты назарында.

Цехтарда күніне 40 трансформатор жиналады. Өткен жылы 10 млрд 551 млн теңгенің, биылғы 9 айдың қорытындысында 9 млрд 700 млн теңгенің өнімі өндірілді. Жылдың аяғына дейін зауыттағылар 14 млрд 500 млн теңгенің өнімін шығаруды жоспарлаған. Әзірге отандық өнім өндірушінің өнімдерінің сапасына қатысты сын айтылған емес. Геосаяси жағдайға байланысты Украинаға өнім шығару жұмыстары тоқтап қалды. Енді барлық өнімінің сапасы мен қауіпсіздігі әлемдік стандарттарға сай келетін оралдық компания жаңа нарықтар іздеуде. Әрине, ондай на­рықтардың табылары даусыз.

Хадиша ӘБДИЕВА, орау цехының жұмысшысы:

– Зауытта 2018 жылдан бері жұмыс істеймін. Электр жабдықтарын монтаждау мамандығына оқығанмын. Кентау қаласынан маман ретінде шақыртты. Ұлым да осында жұмыс істейді. Жатақханада отбасымызбен тұрамыз. Немерелерім бар. Жалақымызға көңіліміз толады, мұнда жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Цехымыздың ішін көріп тұрсыз, тап-таза әрі жылы. Жұмысым өзіме ұнайды, сондықтан күнделікті тапсырмаларымды бар ынта-жігеріммен атқарамын.

Арман ЖҰМАШЕВ,

дәнекерлеушілер бригадирі:

– ІТ мамандығым бар, колледж, университет бітіргенмін. Кәсіпорында жұмыс бар дегенді естіп жұмысқа тұрдым, кейін кеткім келмей қалды. Жалақым 200-250 мың теңге шамасында, жұмыс көлеміне қарай өзгеріп отырады. Бригадада төрт жігіт бар. Алюминий бөлшектерді аргонмен дәнекерлейміз. Дәнекерлеу қызметіне дәлдік, мұқияттылық керек. Күнделікті жоспарымызды орындап жүрміз.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Батыс Қазақстан облысы

425 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы