• Экономика әліппесі
  • 27 Қазан, 2022

ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ЕРТЕҢІ

Бүкілхалықтық мереке ел ертеңі туралы ойларға жетелейді. Өйткені, өркениетті жұрт болашақ қамын ерте бастан ойластырады, өмір бәсекесінде көш соңында қалмау жағын қарастырады. Келешекке көз тіккен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген өлең жолдары атқа мініп, мемлекет экономикасын басқарып жүрген, қаймана халықтың алдағы күніне жауапты әкім-қаралардың жадында деп ойлаймыз.

Еліміздің дербес даму жолына түсіп, өзіндік өсіп-өркендеу бағытын таңдау құқығын иеленгені тарихтың «мың өліп, мың тірілген» халқымызға жасаған сыйы десек, артық айтқандық болмас. Бұл ретте нарықтық экономика иірімдеріне бойлап, саяси-әлеуметтік соны үрдістерді игеру, жаңа қоғамдық қатынастарды қалыптастыру ондаған жылдардың үлесіне тиесілі үдерістер екенін атап өтеміз. Ілгері жылжыған замана тегершігі өткеннің озығын бүгінгі күн еншісіне айналдырды, әр нәрсенің қайырын күтетін қауым дәстүрдің тозығымен қиналмай қоштасты. Өрге бет алған ұзын-сонар көштің ертеден салса кешке озатын тұстары да, іркіліс-бөгелістері де болатыны ақиқат. Бірақ Уақыт сүрлеуінен өз соқпағын тапқан көштің кері кетіп, бағдарынан таймасы айқын. Болашаққа бет алған керуен тоқтаусыз ілгері жылжуы үшін бағыт-бағдар, мақсат айқын болуы керек. Өйткені, алдымызда ел ертеңі безбенге түсетін тарихи белес тұр. Осы ретте әлемде қалыптасып отырған шиеленісті жағдайларға байланысты мемлекет пен қоғамға жүктелер жаңа міндеттер нақтылануы тиіс. Сырт ықпалдың теріс әсеріне және жаһандық сын-қатерге жол бермей, даму қарқынын сақтау, әрі қарай өсуге қажетті жағдай жасау маңызды. Бұл ретте серпінді дамуды болашағы біртұтас ұлт қана қалыптастыра алатынын есте ұстағанымыз жөн.

Қазақстан қоғамы өзгерістер­ге кезең-кезеңмен бейімделіп келеді. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, күшті мемлекет, дамыған, көшелі қоғам қалыптасуы үшін елдің болашаққа бағытталған тұрақты қозғалысы қажет. Бұл үрдіс билік пен халықтың жұмылған жұдырық сынды ерік-жігері арқылы қамтамасыз етіліп, баршамызды ерен істерге жетелейтін мерейлі міндет болып табылады. Сол міндеттің бір парасы экономикамен тікелей байланысты. Қазіргі уақытта әлемдік нарықта энергия көздері мен металл бағаларының құбылуы тәуекелдерді ұлғайтып жіберді. Мемлекеттердің барлығы дерлік елеулі геосаяси және экономикалық сын-сынақтарды бастан өткеруде. Өндірістегі әлемдік байланыстардың, сауда-саттықтың толыққанды мүшесі болғандықтан, еліміз ғаламдық нарық коньюнктурасына, халықаралық биржалар мен индекстер көрсеткіштерінің ауытқуларына тәуелді. Мәселен, қазіргі жағдайда мемлекеттің ор­нықты дамуы көбінесе мұнай-газ секторының жай-күйіне байланысты болып отыр. Тұтастай өндіруші сектор, атап айтқанда мұнай-газ саласы экономикамыздың тірегі болып келді және солай қала береді де.

Бүгінгі таңда мұнай-газ сек­торының жай-күйі соңғы жылдары шикізат өндіру көлемі ұлғайғанына қарамастан, көмірсутек өнімдері бағасының ауытқуына байланысты көптеген түйткілдердің орын алуымен сипатталуда. Дамыған елдер бірте-бірте «жасыл энергетикаға» ауысып, шикізат құны түптің-түбінде түсетіні белгілі болып отыр. Осыған орай сарапшылар бұған дейін экономикамызда басты рөл ойнап келген мұнай-газ секторының бір кездері «басынан бағы таятынын» мәлімдеуде. Сөйтіп, ел шаруашылығын өгіздей өрге сүйреген мұнай мен газдан келетін қайран азаймақ. Жалпы, әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, мұнай түгесілгенде ғана Қазақстан шикізатқа тәуелділіктен туындайтын «голланд сырқатынан» айығып, интенстивтік даму жолына түспек. Сондықтан да таяу болашақта ауыл шаруашылығы сияқты экспорттық әлеуеті жеткілікті салаларға баса назар аудару талап етіледі.

Бұдан бұрын да жазып жүрге­німіздей, ендігі үміт – ауылда, аграрлық экономикада екені анық. Агроөндіріс мұнайға балама болуы тиіс. Ауыл инфрақұрылымына салынған теңге ойластырыла, орнымен жұмсалған, ал экономиканы ұйымдастырудың, ғылыми талдамаларды өмірге енгізудің нақты шаралары қолға алынған жағдайда қаржының 2-3 жылда еселеп қайта­рым беретінін отандық аграршы ғалымдар айғақтап отыр. Мәселен, Қазақстан – қазіргі таңда әлемдегі ең ірі бидай экспортерлерінің бірі. Өндірісті жолға қойған жағдайда сыртқа шығарылатын өнімдер тізбесін өзге де дақыл түрлерімен, мал шаруашылығы шикізатымен ұдайы толықтырып отыруға болады. Бірақ ауыл тұрғындары аяғынан тұрғанға дейін өндірілген өнім ішкі нарық қажеттіліктерін өтеуге, агроқожалықтар әлеуетін көтеруге, ауыл мен қаланың таразы басын теңестіруге жұмсалуы тиіс. Аграрлық саланы басқару тетіктері де назардан тыс қалмауы тиіс. Белді мамандар еліміз экономикасының кешенді өсуі ауыл шаруашылығын заман талабына сай қайта құруға байланыс­ты деп есептейді. Мемлекет ауыл экономикасын реттеу тетіктерін оңтай­ландырмайынша, бәсекелестікті дамытпайынша халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартатын жұмыспен қамту саясаты жүзеге аспақ емес. Ауылдың инфрақұрылымы мен еңбек ресурстарын дамытпай, тек шикізат өндіру арқылы қол жеткен экономикалық өсу абырой әпермесі анық. Бұл үшін мемлекет ауылдың әрбір азаматы алдындағы жауапкершілігін арттыруы керек. Жоғарыда айтқанымыздай, ел өз еңсесін аз уақытта өзі-ақ көтереді, бойын тіктейді. Сөйтіп, қаймана халықтың басым бөлігі қор жинап үлгереді. Міне, сонда Махамбет ақын айтқандай «Еділдің бойы ен тоғайға» мал толады десек, қателеспейміз. Қазақ үшін мұнай дәуірі бітіп, ауыл ғасыры басталғанда ғана қаймана жұрттың бағы жанатынын тағы да қайталайық.

Газет бетінде білім экономикасы, ақпараттық технологиялар мәселесін көтеріп келе жатқанымызға біраз жылдың жүзі болды. Ғылым мен техниканы жетілдірмей, дамыған елдер қатарына қосылу, шын мәнінде тәуелсіз ел болу мүмкін емес. Бұдан бұрын айтқанымыздай, замана көшіне ілесу үшін республикамызда «Ақпараттық Қазақстан – 2020», «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары бекітілді. Аталмыш құжаттарда өнеркәсіпті және электр энергетикасын, көлік пен логистиканы, сондай-ақ ауыл шаруашылығын цифрландыру, электрондық сауданы, қаржы технологияларын және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту міндеттері алға қойылып, орта, техникалық, кәсіби, жоғары білім беруде цифрлық сауаттылықты арттыру, инновациялық даму алаңдарын қолдау бойынша тапсырмалар берілді. Нәтижесінде электронды үкімет, интернет банкинг, электронды сауда мен медицина, билет сату қызметтері қолжетімді болды. Еліміздің IT-индустрияны өркендетудегі, цифрлық құралдарды игеру мен мемлекеттік қызметте және инновациялық бизнесте жоғары сапалы интернетті ілгерілетудегі табыстары да қомақты.

Елімізде ақпараттық технология­лардың жаңа түрлері өндіріске жедел енгізілуде. Мәселен, осы жуырда ғана цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, білікті маман Бағдат Мусин баспасөзге сұхбат беріп, алдағы уақытта электронды цифрлық қолтаңба орнына QR-кодтар енгізілетінін мәлімдеді. «Кейбір жағдайларда қызмет алушылар қандай да бір құжаттың дайын болғаны туралы СМС хабарлама алып, халыққа қызмет көрсету орталығына келгенде оның әлі жеткізілмегенін біліп жатады. Біз бұл қызметті же­тілдіріп жатқанымызды және жақын уақытта адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарына қайта келмей, қызметтерді электрондық түрде, уақытында алатынын атап өтемін. Сондай-ақ жақын арада емханаға тіркелу процесін толық автоматтандыру жоспарлануда», – деп атап өтті сала басшысы.

Ғаламтор желілері еліміздің ауыл-селоларында да жұмыс істей бастады. Батыс Қазақстандағы ауыл тұрғындарының интернет келгеннен кейінгі өмірлері жайлы «Төлемдерді аудан орталығына бармай, үйден жүргізе береміз» атты қызықты материал ұсынған Stan.kz басылымының тілшісі облыстың Бәйтерек ауданына қарасты Трекино ауылындағы оң өзгерістерді жария еткен. «Ауылдың қай шетіне барсаңыз да, смартфон экранының шекесінде 4G белгісі қылтияды. Радиобайланыстың бұл түрі салмағы үлкен бейнежазбаларды жіберіп-қабылдауға, түрлі сайттар мен YouTube секілді бейнежазбалар хостингіне еркін кіруге мүмкіндік береді», деп жазады әріптесіміз. Кең жолақты сапалы ғаламтор келуіне алдымен ауыл мұғалімдері айрықша қуанғаны ақиқат. Өйткені қазір оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру ісін ғаламторсыз елестету қиын. Интернет сапасы артуымен білім ордасында электронды күнделік жүйесі қолданыла бастаған. Күнделікті сабақ нәтижесі мен мазмұны аталған бағдарламаға енгізіліп, ата-аналар да балаларының сабақ үлгерімін үнемі бақылауда ұстайды. Мобильді интернетті мектеп оқушылары, жастар ғана емес, орта және аға буын да белсенді пайдаланады. Тұрғындар коммуналдық төлемдерді төлеу үшін бұрын Дариян ауылына немесе аудан орталығы Переметное ауылына ат терлетіп барса, қазір түрлі қосымшалар арқылы төлем операцияларын жүргізуге жаппай көшкен. Жамиғатқа жағымды осынау жаңалықты біз де қуана қабылдадық.

Көріп отырғанымыздай, елімізде болашақ экономикасының негізі қалана бастады, оның іргетасы берік, керегесі кең деп анық айта аламыз.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

440 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы