• Өндіріс
  • 03 Қараша, 2022

Кооперация аясы кеңейді

Қазақстан автоиндустриясы әлемдік брендтермен өндірістік ынтымақтастықты нығайтуда. Отандық Allur автомобиль компаниясы General Motors компаниясымен өндірісті одан әрі кеңейту туралы келісімге қол қойды.

2020 жылы басталған бірлескен жұмыс қысқа уақыт ішінде салада үздік нәтиже көрсетті – елге машина жасаудың ірі инвесторларының бірі тартылды, оның қатарында жаңа жұмыс орындары құрылды, кәсіптік оқыту жүргізілуде. Ал Қостанай Chevrolet зауытының өнімі республика ішіндегі көш­басшылар санатына берік орнығып, экспорттық нарықтарда сұранысқа ие бола бастады.

«General Motors командасымен ынтымақтастық Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін дамыту үшін ерекше зор және стратегиялық маңызға ие. Біз тек өнім өндіру туралы ғана емес, көптеген онжылдықтар бойы әріптестеріміз жинақтаған технологиялар мен сараптамалық білімді де игеру туралы айтып отырғанымызды түсіну маңызды», – деп атап өтті премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Үшжақты келіссөздер сериясы шеңберінде автомобиль өндірісі бойынша ТМД арасында көшбасшы болып табылатын Uzautosanoat өнеркәсіптік кооперациядағы Allur Қостанай зауы­тында өндірілетін автомобильдер желісін жаңа Chevrolet Оnix-пен толықтырады, ол жылдық көлемі жылына 30 мың бірлікті құрайтын шағын торапты құрастыру (CKD) әдісімен шығарылатын болады. Сондай-ақ Uzautosanoat Allur зауытын инженерлік және техникалық қолдаумен қамтамасыз етеді. Жобаны іске асыру үшін шамамен 50 млн доллар инвестиция тартылмақ, бұл өндірістік әлеуетті кеңейтуге және қазақстандықтарды заманауи және қолжетімді автомобильдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«General Motors атынан Қазақстан үкіметін осы бірлескен жұмыстағы жетістіктерімен құттықтағым келеді. Allur компаниясына өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға қосқан үлесі үшін алғысымды білдіремін. Қысқа уақыт ішінде біз брендті Қазақстан нарығында көшбасшы етіп шығара алдық», – деді GM International президенті Шилпан Амин.

Allur компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев Өзбекстан үкіметіне, Uzavto және General Motors компанияларына Allur зауытын ТМД елдеріндегі GM автомобиль стратегиясына интеграциялау, сондай-ақ Қазақстанда Chevrolet автомобильдерінің жоғары технологиялық өндірісін дамытуға қолдау көрсету бойынша мүмкіндік ұсынғаны үшін алғыс білдірді. 

Бірлескен жұмысты дамытудың перспективалық жоспарында тараптар сондай-ақ өткізу нарықтары мен тұтынушылық сұранысқа қарай автокөліктердің модельдік қатарын жаңарту мен кеңейту мүмкіндіктері жөнінде уағдаласты.

2020 жылдың мамырында Өзбекстанның Uzavto Motors компаниясы мен Allur group құрамына кіретін отандық Сарыарқа­автоөнеркәсіп Қостанай автомобиль зауытында Chevrolet моделін құрастыруға кіріскен еді.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің деректері бойынша, өткен жылы кәсіпорында 316 миллион доллар сомасына 27 мыңға жуық Chevrolet автокөлігі шығарылған.   

Автоөнеркәсіп саласындағы өзара тиімді серіктестік екі елдің экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, өңірлік кооперацияның кеңеюіне ықпал етеді. Сол арқылы экспорттық нарықтың одан әрі дамуына берік іргетас болары сөзсіз.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

12799 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы