• Аймақ тынысы
  • 03 Қараша, 2022

Ел игілігіне айналған жобалар сан салалы

Халықтың әл-ауқатын арттыру көзделген мемлекеттік бағдарламалар аясында Түркістан облысының Қазығұрт ауданында жыл басынан бері 7 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданнын экономикалық белсенді халық санына қарай 551 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болса, бүгінде сегіз жүзден аса жұмыс орны құрылған. 

Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұ­мыстар жалғасын табатын бола­ды. Бұл туралы аудан тұр­ғындарының алдында есеп берген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.

Облыс әкімі Мемлекет бас­шы­сының арнайы тапсырма­сымен Түркістан облы­сында «Жайлы мектеп» қанатқақты жобасы әзірленгенін, жаңа форматта мектептер салына­ты­нын жеткізді. Жоба шеңбе­рінде Қазығұрт ауданында үш мектеп бой көтереді. Ал биыл Рабат және Сырлысай елді мекендерінде 200 орындық мектептер пайдалануға беріледі. «Қазығұрт ауданын дамыту мәселесі назарда тұр. Ауасы таза, табиғаты көркем аймақта ауыл шаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік салала­рын дамытуға мүмкіндік мол. Өзде­ріңізбен арнайы жүздесіп, өтініштер мен ұсыныстарды тыңдауға келдік. Басқарма бас­шылары да осында тұр. Еркін пікір алмасуға дайынбыз. Жалпы ауданды дамыту бағытында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясын­да биыл 7 елді мекенде 14 жоба іске асырылуда.

Атап айтқанда, Шанақ, Жігерген елді мекендерінде жаңадан 200 орындық мәдениет үйлерін салуға, Қақпақ, Ынталы елді мекендерінде 2 дәрігерлік амбулатория салуға қаржы қаралды. Жігерген, Қаржан елді мекендерінде 21 шақырымды құрайтын 13 көшеге асфальт төсе­леді. Жаңабазар елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасын салуға, Шанақ, Ақжар елді мекендерін табиғи газбен қамтуға тиісті қаражат бағытталды», – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы кездесу барысында қазығұрттықтардың қойған сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс­тарын тыңдады. Сонымен қатар жеке қабылдау өткізіп, жергілікті билік өкілдері мен басқарма басшыларына қабылдауда болған аза­маттардың мәселелерін шешуді тапсырды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қазығұрт ауданының инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту үшін 15 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аудан тұрғындарының 98,6%-ы немесе 100 мыңнан астам адам таза ауыз сумен қамтылған. Табиғи газбен 98,2% қамтылған. Ызабұлақ, Шанақ және Ақжар ауылдарын табиғи газбен қамту мақсатында жалпы құны 889,9 миллион теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылуда. Келесі жылы бұл ауылдар көгілдір отынмен қамтылатын болады.

Осы іс-сапар барысында облыс әкімі Қақпақ ауылдық окру­гінде орналасқан «Қарқын – 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінің шұжық цехына барды. Кәсіпорынның мал бордақылау алаңының қуаттылығы 800 бас ірі қараны жемдеуге жеткілікті. Ет өңдеу цехы тәулігіне 5 тонна шұжық өнімдерінің 60 түрін шығарады. Кәсіпорында жалпы 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өңір басшысы кәсіпорын жұмысын оң бағалап, кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аудару керек екенін айтты.

 

ЖАҢА КӘСІПОРЫН АШЫЛДЫ

Төлеби ауданында «ҚазақБитум» ЖШС-нің мұнай өнімдерін өңдеу зауытында үздіксіз полимерді модификациялау цехы ашылды. Киелітас ауылдық округі аума­ғында орналасқан зауыт жылына 200 мың тоннадан астам өнім өндіруге қауқарлы. Жоба құны – 550 млн теңге. Цехта жол жөндеу жұмыстарына қолданылатын ерекше қоспа өндіріледі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы жұмыс сапарымен Төлеби ауданында болып, жаңа өндіріс орнының ашылу рәсіміне қатысты. «Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлік саласын тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді тапсырды. Бүгінде облыста аталған мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облысымызда он мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар Президент автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігін айтқан болатын. 2025 жылға дейін жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма берді. Бізде әлі күнге дейін битум тапшылығы бар. Аудан аумағында жұмыс істеп тұрған зауыттың жұмы­сын жандандыру арқылы облысымызда осы мәселені шешеміз. Бүгін іске қосылған полимерді модификациялау цехының маңызы жоғары. Осындай ірі зауыттарымыз көбейе берсін», – деді Дархан Сатыбалды.

Битум әртүрлі жол жұмыстарында кеңінен қолданылады. Өнімнің бір ерекшелігі – ауа райының кез-келген температурасына бейімділігі. Битум жол төсенішінің біркелкілігін және түрлі деформацияланудан сақтайды. Полимерлі битумды пайдаланатын асфальтбетон қоспасы жолды тозып кетуден қорғайды. Цехта жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қам­тылған.

Іс-сапар барысында облыс әкімі Бірінші Мамыр ауылдық округінде орналасқан «Балмұздақ» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Балмұздақ цехы 1998 жылдан бері жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 3 мың тоннаға жуық балмұздақ, 15 тонна тұшпара, жарты миллион тоннадан астам шоколад өнімдерін өндіреді. 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Келер жылы 1 млн 300 мың евроға Австриядан балмұздақ цехына құрал-жабдықтар әкеліп, орнатылмақ.

 

ИТАЛИЯДАН  ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛМАҚ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстандағы Италияның елшісі Марко Альберти бастаған делегацияны қабылдап, келіссөз жүргізді. Түркістан өңі­рінің бизнесті дамытуға қолайлы тұстарын жеткізген облыс басшысы итальяндық бизнес алпауыттарын тоқыма, тігін фабрикаларын ашуға шақырды.

Облыстың әлеуметтік-экономи­калық әлеуетімен таныстырған өңір басшысы Италиямен байланыс­ты нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Тараптар екі ел арасында достық қарым-қатынастар мен сындарлы саяси диалог орнағанын, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың дәйекті дамып келе жатқанын атап өтті. «Бұл кездесу Қазақстан – Италия ынтымақтастығын дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Бүгінде біздің облыс пен Италия елі арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға жақсы мүм­кіндігіміз бар. Қазіргі таңда тарихи Түркістан өңірі қайта өрлеу дәуірін бастан өткеріп жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы орталық болды. Осы аз ғана уақытта өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Инвестиция көлемі артты. Өңірде туризм саласы үш бағытта дамып келеді. Италиямен бірнеше сала бойынша әріптестік орнатуға мүдделіміз. Бұл ретте туризм, ауыл шаруашылығы, жаңа технологияларды енгізу бойынша инвестиция тартсақ деген ой бар. Барлық мәселені талқылауға дайынбыз», – деді Дархан Сатыбалды.

Өткен жылы өңірге тартылған инвестиция көлемі 60 пайызға өсіп, 1,7 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде сыртқы инвестициялар көлемі 82 пайызға өсті. Жалпы, 2018 жылдан бастап облысқа 3,5 млрд  АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін ауқымды жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, Отырар ауданында қуаты 50 МВт, құны 26 млн АҚШ доллары көлемінде итальяндық капиталдың қатысуымен маңызды инвестициялық жоба іске асырылуда («ArmWind» ЖШС). Итальяндық инвесторлар жасыл экономикаға да ерекше назар аударады. Атап айтқанда, ENI компаниясының қатысуымен әлеуметтік жоба аясында Түркістан қаласындағы мектепте күн электр станциясы орнатылды.

 

АЯҚ КИІМ ӨНДІРІСІ ЖАНДАНДЫ

Бүгінде Түркістан облысында былғарыдан тігілетін аяқ киім шыға­ратын «Арай» өндірістік коопера­тивінің тауарларына сұраныс артып келеді.

Арыс қаласында орналасқан фабрика 1991 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұнда ерлер мен әйелдерге арналған аяқ киім шығарылады, оны үш санатқа бөледі: күнделікті, әскери құрылымдар үшін және жұмыс қорғанысы. Өндірісте шынайы былғары және экологиялық таза мате­риалдар қолданылады. «Терілерді Түркияның Стамбул қаласынан және Запорожье, Ростовтан алып келемін. Кооперативте 12 адам бар. Содан тігіп, сатуға шығарамыз. Қазір, Арыста, Шымкентте, Таразда, Астанада сатылуда. Арыста өзіміздің Арай дүкенін ашып қойғанбыз. Сол жерден алған тұтынушыларымыздың тауарлары жыртылып қалатын болса, тегін тігіп береміз», – дейді «Арай» өндірістік коопе­ра­тивінің басшысы Әміртай Бибасаров.

Кәсіпорынның иесі Әміртай Бибасаров аяқ киім модельдерін өзі құрастырады. Бұған көп жылғы тәжірибесі де жеткілікті. Тауарлардың тұтыну бағасы да қымбат емес. Қалтаға қонымды болғандықтан алушылар да көп. Осылайша Арыс қаласындағы «Арай» өндірістік кооперативінде тігілетін аяқ киімдерге деген сұраныс күннен күнге артуда. Аталған фабрика «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік жеңімпазы, сондай-ақ «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында жүлделі болған.

Өндіріс орны 2018 жылы «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында 4,8 млн теңге, ал 2019 жылы «Қамқор» бағдарламасының аясында жылдық мөшері 1 пайызбен 5 млн теңге несие алған және «Менің атамекенім» жобасы арқылы ғимаратты қалпына келтіру жұмыс­тарына қаржы берілген.

Қазіргі уақытта «Арай» ӨК Арыс қаласы әкімдігі ұйымдастыратын түрлі іс-шараларға қатысып, спорт­тық турнирлер мен түрлі акция­ларға демеушілік көрсетуде. Көгал­дандыру, жарықтандыру және іргелес инфрақұрылымды дамыту – компанияның маңызды міндеттерінің бірі. Компания Қазақстан мен шетел нарықтарында экологиялық таза өнім өндіруші ретінде беделге ие болуға ниетті.

НҰРЛАН ҚҰМАР

565 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы