• Кәсіпкерлік
  • 03 Қараша, 2022

ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП: ҚАШЫҚ ТА БОЛСА ЖАҚЫН ЖОЛ

Экономиканың негізгі мақсаты – елдің баянды келешегінің негізін қалап, халықтың бүгінгі таңдағы қажеттілігін қамтамасыз ету, табиғат байлығын адам игілігіне жарату. Бұл орайда қаймана жұрт күн сайын тұтынатын азық-түлік пен киім-кешектің орны ерекше. Сондықтан да аталған өнімдердің молшылығы қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі болып табылады.

Мәселен, сауда нүктелеріне басқаны былай қойғанда, ас атасы – нан өнімдері жарты күн жеткізілмесе, әлеумет тарапынан билік орындарына түрлі сауалдар туындайтынына сонау тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау кезеңдерінде көзіміз жеткен. Өйткені, азық түлік пен киім-кешекке деген сұраныс әдетте сөрелер мен сауда алаңдарындағы бар-жоғы байқала бермейтін сирек қолданымдағы жоғары технологиялы тауарлардан гөрі әлдеқайда жоғары.

Осыған орай ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп салаларының күнделікті қам-қарекетінің нәти­желері базардағы жайма мен жанұя­дағы дастарханда көрініс таба­тындықтан, жұртшылық назарынан тыс қала алмайды. Аталған мәсе­ле ұдайы қаламгерлер көкейінде жүре­тін әрі жете зерттелген, оқырман қауымның пікіріне өзек болатын тақырып болып табылады. Жылт еткен жақсылықты жамиғатқа жария етуден жалықпайтын әріптес­теріміздің жаңалық атаулыны ел арасына тарата отырып, игі істердің жалғасын табуына, озық тәжірибенің көпшілік игілігіне айналуына мұрындық болғысы келетінін байқаймыз. Мәселен, «Айқын» газетінің биылғы қыркүйектің басындағы сандарының бірінде жарық көрген «Жеңіл өнеркәсіп жанданды» деген қысқа хабары елең еткізді: «Соңғы уақытта Ақмола облысында жеңіл өнеркәсіп те қарқынды дамып келеді. Кезінде 90-жылдардағы тоқырау тұсында шатқаяқтап, бірқатар өнеркәсіп орны біржола құрып кеткен салаға қазір біртіндеп қан жүгіре бастаған. Бүгінде облыс кәсіпорындарында мыңға жуық адам жеңіл өнеркә­сіп саласында екі қолға бір күрек тапқан. Атап айтқанда, «Тоқыма фабрикасы», «Асыл арман», «Диас» тігін фабрикасы, «Самхат» аяқкиім фабрикалары трикотаж тоқымасы, арнайы киімдер мен жекелей тігін саласын жандандыра бастапты» (https://aikyn.kz/216741/zhenil-onerkаsip-zhandandy/). Ал, «Егемен Қазақстан» газеті болса Шымкент қаласындағы «AZALA Textile» фабрикасының тыныс-тіршілігін көптен бері назарда ұстап келеді. Басылымның жазуынша, аталған кәсіпорын «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі көшбасшыларының бірі болып қана қоймай, Литва, Латвия, Германия, Италия, Польша, сондай-ақ жақын шет елдерге тауарлары экспортталатын халықаралық бренд болып табылады. Қайта жаңартудан кейін «AZALA Textile» ЖШС-і комбинаты еліміздегі мақта талшығын қайта өңдеуді және дайын мақта-мата бұйымдарын шыға­руды қамтитын толық өндіріс циклі бар алғашқы өңдеу тоқыма кәсіпорны болды.

 

 

«Кластер» деген өте танымал термин осы комбинатты толығымен сипаттайды: мақтаны өздері өсіреді, әртүрлі маталарды шығарып өздері өңдейді, содан соң дайын өнімді тігеді» (https://egemen.kz/article/227782-azala).

Фабрика өз атауын кәсіпорын иесінің 5 қызының есімдерінің алғашқы әріптерінен алған екен: Айсұлу, Зере, Аружан, Ләззат, Айша­бибі. Бұл деректер қай оқырман­ды да қызықтырары сөзсіз.

Еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің бұрынғы-соңғы тарихын шолып өткен бір ғасырлық тарихы бар «Qazaq» газеті «қазір елдің жалпы ішкі өнімінде жеңіл өнеркәсіптің үлесі 2 пайызға да жетпейді Сексенінші жылдардың соңында бұл көрсеткіш 15 пайызды құраған болатын», деп атап өтеді. Бүгінде статистика деректері­нен импорт ағымдарының артуын байқаймыз. Бұл ретте импорттың негізгі үлесін әдеттегідей, аяқ киім, ерлер және әйелдер киімі, майкалар, күпәйкелер, саквояждар, шамадандар, әйелдердің сөмкелері мен шұлық-ұйық бұйымдары құрап отыр. Егер ерлер мен әйелдер киімдері көбіне Қытай, Түркия, Ресей, Италия елдерінен жеткізілетін болса, аяқ киім мен сырт киім Қытайдан, Ресейден, ал саквояждар, шамадандар мен әйелдердің шағын сөмкеле­рі Қытай, Ресей, Италия, Франциядан әкелінеді. Әрине, импорттық өнімдерге деген сұраныстың жоғары болуының себебі олардың бағасының төмендігі. Бұл тұрғыда отандық өн­дірушілер шетелдік өнімдермен бәсекеге түсе алмайды. Өйткені отан­дық кәсіпорындарда Қазақстанда өндірілмейтін шикізаттарға деген сұраныс болғандықтан,  түпкі өнім қымбатқа түседі. Қазіргі кезде жеңіл өнеркәсіп бойынша сатып алынатын тауар түрлеріне ұқсас өнімнің отандық өндірісін ұйымдастыру арқылы импорт алмастыру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен, соңғы деректер бойынша Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп көлемінің 10 пайызға жуығы экспортқа шығарылады. Бүгінде негізгі экспорттық нарықтар – Қытай, Ресей, Қырғызстан, Италия, Литва, Өзбекстан елдері, басты экспорт бағыттары мақта талшығы, тоқыма материалдар, төсек жаймалары болып отыр.

Тұрғындарды жұмыспен қамту­дың жоғары деңгейін қамта­масыз етуіне байланысты әлеуметтік тұрғыда маңызды болуына орай жеңіл өнеркәсіп саласының дамуы бүгінгі таңда басымдықтағы бағыттардың бірі саналады. Бүгінде еркін экономикалық аймақтар құру, несиелендіру мен салық салуда жеңілдіктер беру, оқытуға квоталар мен гранттар, мемлекеттік инвестициялар бөлу арқылы отандық жеңіл өнеркәсіп саласын қолдаудың бірқатар шаралары іске асырылуда. Үкімет жыл сайын сервистік қолдау көрсетуге бюджет қаражатын қарас­тырып отыр. Бұл шара сауда миссияларына, көрмелер мен форумдарға қатысуға байланысты шығындарды өтеуді қамтиды. Сонымен қатар кәсіпорындардың жарнамаға, үй-жайлар мен қоймаларды жалдауға, сертификаттауға жұмсаған шығындары өтеледі. Мұнымен қоса экспортқа өңделген тауарлар шығаратын қазақ­стандық компаниялардың көлік шығындарының 50 пайызына дейін өтеу қарастырылған. Бұл тетік қазақстандық экспортшыларға өнімнің өзіндік құнын 10 пайызға дейін төмендетуге, сондай-ақ экспорт географиясы мен тауарлар номенклатурасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, кәсіпкерлік құлшынысты қолдау, қаржылық демеу жеңіл өнеркәсіп үшін қашық та болса жақын жол болып отыр.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

652 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы