• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 03 Қараша, 2022

Барлық істе бағыттылық маңызды

Ел өмірінде қолға алынып, қабылданып жатқан индикаторлы құжаттар әрбір саланың жан-жақты жетілуін, түпкілікті дамуын көздейді. Осындай мақсатты жобалар – Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы және де Ұлытау облысының 2026 жылға дейінгі кешенді даму жоспары кезекті үкімет отырысында мақұлданды.

БАЛАБАҚШАДАН  УНИВЕРСИТЕТКЕ ДЕЙІН  САПАЛЫ БІЛІМ

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің хабарлауынша, Тұжырымдамада білім беру сапасын кешенді жақсартуға арналған бірқатар іс-шаралар ұсынылып отыр. Бұл бағытта мектепке дейінгі тәрбиенің «ойын арқылы оқыту» жаңа моделін енгізу, балабақшалар мен орталықтар ашу, тәрбиеші­лерді қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмыстар жалғаса береді.

Сонымен қатар жекелеген пәндер бойынша мектеп бағдар­ламалары жетілдіріледі. Бұл ретте мектептерге кезең-кезеңмен академиялық автономия берілетін болады. Жоспарланған іс-шаралар қатарына халықаралық деңгейдегі мектептерде қорытынды бағалау нәтижелерін тану бойынша жұмыс­тар кіреді. Оқу процесін цифрландыру шеңберінде бірқатар жобалар: «цифрлық мұғалім», шағын комплектілі мектептерде жекелеген пәндерді онлайн оқыту және дербес цифрлық оқулықтар (мобильді қосымша) іске асырылады.

Бұдан басқа, білім берудегі қызметтерді цифрландыру, оқушы орындарының жетіспеушілігін жою, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау, жаңа факуль­тативтік пәндерді енгізу және мектептерде қосымша секциялар ашу, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, тағы басқа жұмыстар жалғасады.

Осы тақырып бойынша ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де баяндама жасады.

Талқылауларды қорыта отырып, премьер-министр ұсынылған Тұжырымдама балабақшадан бастап университетке дейінгі оқытудың барлық деңгейінде сапалы білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

«Құжатта барынша биік мақсаттарды көздейтін нысаналы индикаторлар айқындалған. 2026 жылға қарай мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының барлығы тәрбие және оқыту сапасын бағалаудың халықаралық құралдарын енгізетін болады. Ата-аналар білім беру жүйесіндегі «жан басына қаржыландыру» принципі бойынша кез келген бала-бақша­дан орын таңдай алады. Сонымен қатар құжатта балалардың амандығы мен әл-ауқаты индексін және интерактивті картасын іске асыру шаралары көзделген», – деді Әлихан Смайылов.

Ол мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектептерде жайлы және қауіпсіз орта құру мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленіп жатқанын еске салды. Шағын комплектілі мектептерде білім беру сапасын жақсарту үшін «Мобильді мұғалім», «Оқу үлгерімі төмен мектептерге мықты мектептердің қамқорлығы», «Қамқор жанұя» жобалары енгізілуде.

Сонымен қатар 2025 жылға қарай жаңа құрылыс стандарттары бойынша жалпы саны 840 мың орынға арналған мектептер салу жоспарланған.

«Тұжырымдаманың барлық жос­парлары, сайып келгенде, бала­лардың сапалы және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуі керек. Сон­дықтан, балалардың бойындағы білім нәтижесін бағалаудың барлық деңгейде мойындалған әдістемелерін енгізуге ерекше назар аудару қажет», – деді премьер-министр.

Оның айтуынша, жастарды кәсіпкерлік дағдыларына оқыту үшін колледждер, оның ішінде ауылдық колледждер жанынан шағын инновациялық кәсіпорындар құрылатын болады. Бұл колледж түлектерінің 75%-ын оқу бітіргеннен кейін бірден жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жетекші жоғары оқу орындарын зерттеу университеттеріне трансформациялау жүруде, оған қоса беделді шетелдік университеттер филиалдарының саны да артады. 2026 жылға қарай бакалаврлар стипендиясының мөлшері 2 есеге, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 1,5 есеге артады.

Әлихан Смайылов жоспарланған іс-шараларды іске асыру білім беру сапасын жақсартуға және Қазақстанның халықаралық білім беру рейтингтеріндегі көрсеткіш­терін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Ұсынылған Тұжырымдама дауыс беру арқылы бекітілгеннен кейін премьер-министр оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім ведомстволарына мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, оның іс-шараларын уақытылы орындау­ды қамтамасыз етуді, сонымен қатар Тұжырымдаманы «Білімді ұлт» ұлт­тық жобасымен, «Жайлы мектеп» жобасымен үйлестіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Ал Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі білім беру ұйымдарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет.

 

ЖАҢА ӨҢІРДІҢ ЖОСПАРЫ НЫҚ

Жиында президент тапсырмасы бойынша әзірленген Ұлытау облысының 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономика­лық дамуының кешенді жоспары ұсынылды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, оны іске асыруға шамамен 1,4 трлн теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл әртүрлі салаларда 120-дан астам іс-шараны орындауға мүмкіндік береді.

Нақтырақ тоқталсақ, 9 жаңа зауыт пен өнеркәсіптік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша 11 инвестициялық жоба іске қосылмақ. Бұдан өзге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 130 км жылу желілерін, 300 км су құбыры желілерін және 127 км су бұру желілерін салу және жаңғырту жос­парлануда.

Медициналық мекемелердің жетіспеушілігі проблемаларын шешу үшін 5 денсаулық сақтау объектісін салу және күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Білім беру саласында 880 балаға арналған 4 жаңа балабақ­ша мен 1100 оқушыға арналған 4 оқушылар сарайын іске қосу жос­парлануда, сондай-ақ мемлекеттік техникалық университет ғимаратын салу мәселесі пысықталады.

Мәдениет және спорт саласында 6 мәдениет нысаны, оның ішінде музыкалық-драма театры, амфитеатр және 10 спорт нысанын салу және реконструкциялау қарастырылуда.

Бұдан басқа, тұрғын үй проблемаларын шешу үшін шамамен 137 үйге әсер ететін Жезқазған қаласының тұрғын үй қорын және теміржол вокзалы және әуежай ғимаратын жаңарту жүргізілетін болады. Еліміздің басқа қалаларымен әуе қатынасының жаңа бағыттары да ашылады деп күтілуде, сондай-ақ 400 шақырымға жуық автожол салу, реконструкциялау және жөндеу көзделген.

Сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту және өңір­дің минералдық-шикізат базасын кеңейту жөнінде шаралар қабыл­данатын болады.

Осы тақырып бойынша облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы да баяндама жасады.

Премьер-министр металлургия, химия, жеңіл өнеркәсіп және машина жасау саласын дамыту бағытында Ұлытаудың әлеуеті өте зор екенін атап өтті. Мысалы, Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші кәсіпорын Ұлытау жерінде орналасқан.

«Кешенді жоспарды орындау жаңа облыстың дамуына айтарлықтай серпін береді және өңір халқының әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік саланы дамыту бойынша жобалар іске асырылып, экологиялық проблемалар шешілетін болады», – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, металлургия өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға ерекше назар аударылады.

Жеке инвестициялар есебінен орташа қуатты мұнай өңдеу зауыты, биоэлектр станциясы мен химия зауыты салынатын болады.

Энергетика саласында №2 Жезқазған жылу электр станциясын салу және Сәтбаев қаласында №1 жылу станциясын жаңғырту көзделіп отыр. Ал кәсіпкерлікті дамыту үшін Жезқазғанда көтерме-тарату орталығы, 3 қонақ үй кешені, демалыс үйі салынады. Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Табысқа жету жолы» атты бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламалары әзірленеді.

«Ең бастысы, 2026 жылға дейін 9,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Көріп отырғанымыздай, Кешенді жоспарда бірқатар өте маңызды іс-шаралар қамтылған», – деді Әлихан Смайылов.

Қорытындылай келе, премьер-министр Ұлттық экономика министрлігі мен Ұлытау облысының әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоспардағы барлық іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

568 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы