• Тұлға
  • 17 Қараша, 2022

Дұрыс тамақтана білеміз бе?

«Алматы Менеджмент Университетінде» (AlmaU) «Денсаулық ғылымы: әлемдік трендтер мен Қазақстандағы ахуал» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Шара барысында AlmaU Sharmanov School of Health Sciences мектебінің тұсауы кесілді. ХХІ ғасырда денсаулық жайлы ғылымдар жаңа импульс алып жатыр. Өмір сапасы мен ұзақ жасау, ментальды саулық пен психология, нутрициология мен диетология сияқты өзекті мәселелер терең ғылыми зерттеулерге арқау болып қана қоймай, халық арасында қызығушылық туғызуда.

Әлемде тұрғындардың көпшілігі жүз жастың мәресіне жететін «көгілдір аймақты» құру қозғалысы асқан таны­малдылыққа ие болуда. Жапонияда – Окинава, Италия­да – Сардиния, Калифорнияда (АҚШ) – Лома Линд штаты, Коста-Рикада – Никойя. Олар саяхатшылар мен сапалы ұзақ ғұмыр мәселелерін зерттейтін ғалымдардың қызы­ғушылығын туындатып, жиі баратын жерлеріне айналуда. Осы орайда америкалық саясаткер және тележурналист Энтони Бурдэннің «Ең маңызды саясат – тек тағаммен байланысты саясат» деген сөзі еріксіз ойға оралады.

Көпшілік бүгінгі таңда Шармановты Қазақ тағамтану академиясының президенті ретінде таниды. Сондай-ақ ол ұлттық сусынымыз – қымыз­ды насихаттап, оның пайдасы туралы егжей-тегжейлі айтып жүр. Академик халыққа «Тәңір ұсынған сусынды» яғни бие сүтін ішуді насихаттаудан ешқашан жалыққан емес. Бие сүтінің ерекше қасиеттері зор. Құрамында трансмайлар мен қант болмайды. Әсіресе, тағамдық қауіпсіздік мәселесін шешуде, халықтың аса әлжуаз топтары – сәбилерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді, қартайған адамдарды оңалту­да қымыздың пайдасы мол. Аурушаңдық пен өлім-жітім қаупін азайтуға, жалпы, барша халықтың денсаулығын жақсартуға, өмір сапасын арттыруға бие сүтінің пайдасы мол.

Төрегелді Шарман­ұлы­ның ұлтымыздың өрлеуі жолын­дағы екі үлкен жетістігі туралы айтсақ, оның бірі – тұзды иодтау және ұнды құнарландыру ісі. Мәселен, тұзды иодтау – зоб түріндегі эндрокриндік жүйе ауру­ларының мәселесін шешіп қана қоймай, өскелең ұрпақ­тың зерделік, денелік дамуына үлес қосуда. Сырқаттардың 80%-ы тамақтануға байланысты екен­дігін дәлелдеген ғалымның қажырлы еңбегінің арқасында елімізде темір тапшылықты анемияның қатері азайды.

Қоғам қайраткері, медицина ғылымының докторы, Қа­зақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шар­мановқа «Университеттің құрметті профессоры» деген атақ берілді. Кешті университет ректоры Г.Күренкеева құттықтау тілекпен ашып, ғалымның елдің, халықтың денсаулығын нығайту бағы­тында жасаған толағай еңбек­теріне тоқталды. Осы оқу орны президентінің кеңесшісі, медицина ғылымының докторы, профессор Д.Павалькис басқосуды әдемі де мазмұнды жүргізе білді. Аталмыш оқу орнының профессоры А.Арын­ғазина, фитнес бойынша әлем­нің екі дүркін чемпионы Уәлихан Тен секілді білгір мамандар денсаулық саласына қатысты ой пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ Литва университетінің проректоры В.Лесаускайте, Ұлы­британияның Ноттингем университетінен И.Рыбаков және тағы да басқа азаматтар дүниежүзіндегі адамзат денсаулығына байланысты қызықты мәліметтермен бөлісті. Әсіресе, «Денсаулық жайлы болашақтағы ғылым» турасында Америка денсаулық сақтау ассоциациясының мүшесі, салауатты тамақтану ұлттық орталығының пре­зиденті Алмаз Шарман ке­лелі пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар онлайн форматында халықаралық трендтер, денсаулық жайлы ғылымдардың болашағы, даму перспективасы, ментальды, корпоративті саулық­тың мәселелері және қазіргі заманғы адамның өнімділігін арт­тыру механизмдері талқы­ланды.

Басқосу кезінде академик Төрегелді Шарманұлы сөз алып, ұзақ өмір сүрудің қыр-сыры, қартаюды тежеудің жолдары туралы да салиқалы ой айтты. Әсіресе, «дәмдінің бәрі адам организміне зиянды» деген қағиданы тілге тиек ете отырып, қант пен дүкеннің сары майының, тез дайындалатын фастфудтардың, фри, кока-кола сусындарының және пластикалық ыдыстағы сулардың адам организміне әкелетін зияны туралы да кеңінен тоқталды.

ҚР ҰҒА және РМҒА ака­демигі Төрегелді Шарманов әлемдік және қазақстандық денсаулық сақтау саласына зор үлес қосты. Ол дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Леон Бернард атындағы меда­лімен марапатталған.

AlmaU 2012 жылдан бері Қазақстанның денсаулық сақ­тау жүйесімен тығыз қарым-қаты­наста. Университет қа­быр­ғасында «Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент» МВА бағдарламасы (медици­налық мекемелердің 200-ден аса топ-менеджері білім алған), консалтингтік жобалар, тыңдаушының сұранысына қарай бейімделген семинарлар мен тренингтер өткізіледі. Жылдар бойы жинақталған мол тәжірибенің арқасында жаңа деңгейге көтеріліп келеді.

Cалтанат ҚАЖЫКЕН

 

623 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы