• Инфрақұрылым
  • 17 Қараша, 2022

Құрылысшыларды заң аясында жұмыс істеуге шақырады

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары құрылыс саласында жарамсыз мәмілелерді жүргізудің жиілеп кеткен жағдайларына байланысты тұрғын үй сатып алу бойынша құрылыс компанияларының неліктен «сұр» схемаларға баратынын және заңнаманы айналып өту үшін заңсыз мәмілелер жасауға тырысатынын зерттеп көрді.

Жыл сайын тұрғын үй құрылы­сына үлестік қатысу туралы заңды бұзған құрылыс салушылардың әрекеттерінен өз үйін күтіп жүрген 15 мыңға жуық үлескер зардап шегетін көрнеді. «Мұндай құры­лыс салушыларға қарастырылған жауап­кершілік болмашы ғана әрі олар бұл жазалардан қорықпайды. Мемлекеттік органдарда тиісті тексеру жүргізуге өкілеттігі аз. Заң­ды жаппай бұзу мәселесін шешу – заңды сақтайтын құрылысшылар үшін жеңілдіктер мен артықшылық­тар шеңберін кеңейтуге көмекте­седі. Жасыратыны жоқ, бүгінде кәсібін адал жүргізетін құрылыс салушылар әр түрлі комиссияларды төлеуге айтарлықтай шы­ғынданады. Бұл ретте ынталандырушы ар­тық­шылықтар мен жеңілдіктерді көрмейді», – дейді Қазақ­стан құрылыс салушылар қауым­дастығының президенті Виктор Микрюков.

Заңнамаға сәй­кес құрылыс салу­шылар тұрғын үйді салу кезінде үлескерлердің қаражатын бірыңғай оператор­дың «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі болған кезде, әкімдіктің рұқсатымен және Екінші деңгейлі банк жобасына қатысқан жағдайда, үйдің ірге тасы қала­нып, қабырғасы тұр­ғызылғаннан кейін әкімдіктің рұқсатымен ғана тарта алады. Сондықтанда үлескерлердің қара­жатын тарту үшін құрылыс салу­шының қолында «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-тан немесе әкімдіктен кепілдік құжаты болуы керек. Ке­пілдік құрылысқа қаражат салған үлес­керлер нәтижесінде пәтерін ала алатынын кепілдендіретін болып шықты. Сонымен қатар салынып жатқан үйде тұрғын үй сатып алу кезінде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісімшарт заңды келісім болып саналады. Бұл құжат тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпа­раттық жүйесін пайдалана отырып, уәкілетті компанияның ұсы­­нуы бойынша көппәтерлі тұрғын үйдің орналасқан жері бойынша жер­гілікті атқарушы органда есепке алыну және тіркелуі тиіс. Құрылыс салушыларға үлескерлерді тартуда заңмен қойылған талаптар күрделі. Сондықтан көптеген құрылысқа қаражат тарту үшін салушы «сұр» схемаларды іздеуге талпынып, инвестциялау келісімшарты мен брондау келісімшартын жасауға тырысады. «Іс жүзінде мұндай құры­лыс салушылар құрылыс мерзімін айтарлықтай ұзартқан, кейбірі құрылыс жұмыстарын тоқтатып, жобадан кетіп тынған. Үлескерлер қаражатсыз, үйсіз қалған жағдайлар бар. Осындай жағдайлар қоғамда әлеуметтік шиеліністі туды­ра­ды. Сондықтан әкімдіктерге үлес­керлердің қаражатын тартуға рұқсаты жоқ құрылыс салушылар туралы ақпаратты жүйелі түрде жариялап отыру керек, осылайша азаматтарды ықтимал салдар тура­лы хабардар ету керек», – дейді «Қа­зақстан құрылысшылары­­­ның қауымдастығы» РҚБ төраға­сы Әміржан Нұрқамзинов. Қа­зақстанда құрылыс компан­иялардың басым бөлігіне үлес­керлерден қаражат тарту үшін «Қазақстан тұрғын үй компа­ниясы» АҚ немесе әкімдіктен рұқсат алу қиын шаруа. Өйткені, заңда осы қызметпен айналыса алатын құрылыс салушылар үшін нақты талаптар қарастырылған. Құрылыс салушылардың қажетті тәжірибесі, қаржысы және тағы басқа мүмкіндіктері болуы керек. Ұлттық палата қазіргі кезде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, үлестік құрылысқа заңды түрде қатысқысы және құрылыс сатысында пәтер­лерді сатқысы келетін құрылыс салушылар үшін кейбір талаптарды төмендету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. «Атамекен» ҰКП құрылыс департаментінің сарапшысы Данияр Молкенов үлестік құрылыс механизмі құрылыс салушылар үшін де, азаматтар үшін де тиімді екенін атап өтті. Өйткені салынып жатқан тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы қайталама нарыққа қарағанда едәуір төмен. «Құрылыс компанияларының кең ауқымына рұқсат беру кезінде белгілі бір тәуекелдер бар болса да үлестік құрылыс нарығын дамыту қажет. Рұқсат алудың қосымша механимздерін ойлап табу керек. Мұндай тәсілдердің бірі жеке сақтандыру компаниялары арқылы сақтандыру тәсілі. Жалпы, біз құрылыс салушыларға оны айналып өту жолдарын іздемей, заң шеңберінде жұмыс істеу тиімді­рек болуын қамтамасыз етуіміз керек», – деп атап өтті ол. Сонымен «Атамекен» ҰКП көппәтерлі тұрғын үй салатын барлық компания­ны заң шеңберінде жұмыс істеуге шақырады. Салынып жатқан пәтерлерді сату тиісті рұқсат болған жағдайда ғана жүзеге асыру қажет екенін еске салады. Ұлттық палата үлестік құрылысқа қатысу үшін қажетті рұқсат алғысы келетін, бірақ бюрократиялық кедергілер­ге байланысты оған қол жеткізе алмаған компанияларға қолдау көрсететін болады.

Қазіргі уақытта «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы. Ол тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кезіндегі кепілдіктер беру мәселесіне байланысты іс жүзінде монополист ретінде заң жүзінде оның монополиясын алып тастау және квазимемлекеттік секторға, мәселен, «Самұрық-Қазына» компаниясына беру ұсынылған.Осылайша, нарықтық тетіктер мен бәсекелестік жұмыс істеп, бұл тиісінше кепілдік беру көлемінің ұлғаюына және тұрғын үй құрылысы көлемінің артуына әкеледі екен. Бүгінгі күні ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша, тұрғын үйге деген сұраныс «Отбасы банк» АҚ-да 2,2 млн депозиттік шот ашылып, 500 мыңға жуық адам жергілікті атқарушы органдарда, 10 сотық жерге 1,5 млн адам кезекте тұрған көрнеді.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

 

983 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы