• Аймақ тынысы
  • 17 Қараша, 2022

Бағдарлама барлық жағынан тиімді болуы керек

Елдің азық-түлік қауіпсіздігін және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын салалардың бірі – балық шаруашылығы. Алайда, бұл саланы дамыту үшін жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, әлі де көптеген проблемалар бар.

Балық шаруашылығын ілге­рілету мемлекет басшысы мен үкіметтің бақылауында өткір тұр. Осы міндетке сәйкес саланы дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылуда. Оның нәтижесі 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өсіру, балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайту, импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайту дегенге саяды. Сонымен қатар кемінде 10 мың қосымша жұмыс орнын құру және негізінен ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыру көзделген. Негізгі міндет – теңіз балық шаруашылығын игеру және тауарлық балық шаруашылығын дамыту есебінен балықтың ішкі тұтынуын, сондай-ақ экспорттық әлеуетті және импортты алмастыруды одан әрі арттыру.

Мәжілісте өткен үкімет сағатында палата төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева бүгінде елде балық аулауды қарқынды дамыту үшін қолайлы жағдайлар бар екенін атап өтті. Бірегей табиғаттың арқасында Қазақстанда 3000-ға жуық көлді қамтитын өте қуатты балық шаруа­шылығы ресурсы бар. Осы бағытта шаралар қабылдау шағын және орта бизнестің дамуына оң әсерін тигізеді.

Бүгінде Қазақстанның табиғи су қоймаларында жыл сайын шамамен 40-45 мың тонна балық ауланады және бұл көрсеткіш өсіп келеді. Негізгі балық аулау Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жүргізіледі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, кәсіпорындар өткен жылы шамамен 15 мың тонна тауарлы балық өсірді. Елімізге шамамен 41 мың тонна балық өнімдері, негізінен мұхит пен теңіз балық түрлері (скумбрия және майшабақ) әкелінсе, шамамен 25 мың тонна экспортталады, мұндағы негізгі үлес терең өңделген өнімдерге (балық филесі) тиесілі. Бұл ретте отандық балық өнімдері әлемдік нарықта сәтті бәсекелесуде. Бү­гінгі таңда елде мыңнан астам балық шаруашы­лығы субъектілері жұмыс істейді, оларға 1646 балық шаруашылығы су айдындары мен олардың учаске­лері бекітілген. 2021 жылы шамамен 45 мың тонна балық ауланды, ал өсірілген балық көлемі соңғы 5 жылда 5,5 есе – 2,7 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін өсті. Бұдан бөлек, бағалы балық түрлерін табиғи жолмен молықтыру үшін өзендердің гидрологиялық режимін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, қорғау іс-шаралары күшейтілуде, заңнамалық база жетілдірілуде.

Мемлекеттік балық өсіру кәсіп­орындары жыл сайын бағалы балық түрлерінің шабақтарын жасанды өсіруді қамтамасыз етеді. Алайда, кәсіпорындардың өндірістік базасы тозғанын және жаңғыртуды талап ететінін ескеру қажет. Осы проблемалық мә­селелерді ескере отырып, мемлекет басшысы Атырау қаласындағы екі бекіре зауытын қайта құру мен жаңғыртуды тапсырған болатын. Бұл түйткіл­дерді шешу үшін ведомство басшысы бір­қатар ұсыныстар айтып, депутат­тық корпус өкілдерінен бастаманы қол­дауды сұрады.

Бағдарламадағы кемшіліктер­ге тоқталған Мәжілістің экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин: «Бағ­дарлама балықты қолдан өсіруді дамытуға бағыт­талған, оның көмегі­мен табиғи су қоймаларындағы балық қорының сарқылуын өтеу жос­парлануда. Бұл ретте табиғи су айдындарында балық ресурстарын сақтау және молықтыру жөніндегі шаралар көзделмеген. Бұл көктемгі және жазғы кезеңде балықтарды құтқару, сондай-ақ қысқы кезеңде тоқырауға қарсы іс-шаралар. Сондай-ақ бағдар­ламада браконьерлікке қарсы күрес шаралары қарастырылмаған», – деді.

Депутат отандық балық өнеркә­сібі кәсіпорындарының экспортында шикізат басым екендігін мәлімдеді. «2021 жылы елден 21,5 мың тонна бөлінбеген өнім экспортталды, бұл өсірілген немесе ауланған балықтың 90%-ы. Дайын өнім экспортын ұлғайту пайдасына шикізат экспортының көле­мін қысқарту қажет деп санаймыз. Бұл балық өңдейтін кәсіпорындар­дың өндірістік қуатын жүктеуге мүмкіндік береді, сонымен бірге бюджетке түсімді қамтамасыз етіп, қосымша жұмыс орындарын ашуға әсер етеді», – деп мәлімдеді мәжілісмен.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

357 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы