• Өндіріс өрісі
  • 17 Қараша, 2022

Газ-химия кластері экономика дамуын жеделдетеді

Атырауда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» серіктестігі бірегей интеграцияланған газ-химия кешені іске қосылды. KPI – шикізатты терең өңдейтін Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласындағы алғашқы ауқымды зауыт.

Мұнай-газ химиясы – бүгінде ел экономикасын дамытудың жаңа бағыты болып табылады. Қазмұнайгаз басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан экономикасын әртараптандыруға және мұнай-газ химиясы есебінен экспорттағы шикізат үлесін азайтуға бағытталған жобаның стратегиялық маңызын атап өтті.

«Мұнда қалыптасып жатқан газ-химия кластері және өндіріске жоспарланған базалық полимерлі шикізат желісі қазіргі импортқа тәуелділіктен арылуға ғана емес, сонымен қатар тізбектегі соңғы өнімге дейін өндіретін отандық бизнес үшін нағыз драйвер бола алады», – деді ҚМГ басшысы.

Теңіз кен орнынан алынатын пропанды өңдеуге маманданған KPI қуаты жылына 500 мың тонна жоғары сапалы полипропиленді (64 маркаға дейін) синтездеуге есептелген. «Зауыт әлемдегі полипропилен өндірісі­нің шамамен 1%-ын өндіре отырып, Қазақстанның полипропиленге деген ішкі қажеттілігіне толығы­мен жауап береді, сондай-ақ ел экономикасының әртүрлі сала­ларында полипропиленнен жасал­ған бұйымдар өндірісін одан әрі дамытуға серпін береді», – деді «KPI Inc.» ЖШС басқарма төрағасы Данияр Тиесов.

Бастапқы кезеңде кәсіпорын ең көп сұранысқа ие 11 полипропилен маркасын шығарады. Бұл ассортимент қазақстандық қайта өңдеушілер­дің де, экспорт нарығындағы қайта өңдеушілер­дің де талаптарын қа­нағаттан­ды­руға мүмкіндік береді. Зауыт Қазақ­станның полипропиленге деген ішкі қажеттілігін жабады: қазіргі уақытта нарық сыйымдылығы жылына 50 мың тоннаға жуық. ГХК-да өндірілген полипропиленнің 90%-ы Қытайға, Түркияға, Батыс және Орталық Еуропа елдеріне, ТМД-ға экспортталатын болады.

Полипропилен мұнай-газ химиясы өнімдері экономиканың барлық басым салаларында белсенді қолда­нылады. Полипропилен – тек машина жасауда, медицинада, электр техникасында ғана емес, сонымен қатар орау материалдары, контейнерлер, талшықтар, құбырлар, кеңсе жабдықтары, бақша және кеңсе жиһаздары, құрылыс, тоқыма және тамақ өнеркәсібінде де қолданылатын негізгі шикізат.

Өнімнің сапасын әлемге әйгілі швейцариялық SGS компаниясы бағалайды, зертханасы зауыт аумағында жұмыс істейді. Кешен экологиялық тұрғыдан таза және қоршаған орта қауіпсіздігінің ең қатаң стандарттарына сай келеді. Кәсіпорынға Теңізден келетін пропан зиянды заттардан тазартылған. Ол өндіріс тізбегі бойынша пропиленге, содан кейін полипропиленге айналады. Сонымен қатар KPI айналымдағы сумен жабдықтаудың тұйық циклын қолданады және пропанды сусыздандыру реакция­сы кезінде зиянды жанама заттар түзілмейді. Хром-алюминий катализаторын қолдана отырып, пропанды сусыздандыру Catofin технологиясы, ал алынған пропиленді одан әрі полипропиленге полимерлеу процесі Novolen технологиясы арқылы жүзеге асады. Қос технологияны да америкалық Lummus Technology компаниясы әзірлеген және оңтүстіккореялық Wooyang HC компаниясының реакторларында қолданылады. Тек бір реактордың ұзындығы (барлығы сегіз) – 15 метр, диаметрі – 6 метр, салмағы – 145 тонна.

Ең заманауи озық технология­ларды пайдалана отырып іске асы­рылған жобаның бас мердігері – China National Chemical Engineering Co. Жабдықтардың 77%-ы Еуропадан, АҚШ-тан, Оңтүстік Корея­дан және Жапониядан жеткізілді. Бұл әртүрлі өндіріс салаларындағы Siemens, SGS, MAN, Mitsubishi, ABB, Zeeco сынды әлемдік көшбасшылар. Зауыт құрылысына 43 қазақстандық компания қатысты, 4 мыңнан астам жұмысшы тартылды.

KPI – интеграцияланған газ-химия кешенінің сәтті іске асырылған бірінші кезеңі болды. Мұндай зауыттар әлемнің бес елінде ғана жұмыс істейді, ал Атырау кешені тек ТМД елдерінде ғана емес, сонымен қатар әлемдегі ең ірі зауыттардың бірі болып табылады, бұл KPI-ді полипропилен өндірісі нарығында көрнекті ойыншыға айналдырады. Зауыттың іске қосылуымен экономиканың жаңа саласы – Атырау облысы үшін де, жалпы Қазақстан үшін де жоғары экономикалық және әлеуметтік әсері бар мұнай-газ химиясы пайда болады деп айтуға болады. Кәсіпорынның айналасында ондаған өндіріс орындары ашылады деп болжануда, яғни, шағын және орта бизнес полипропиленнен өнім шығаруға мүмкіндік алады. Отандық шикізатпен жұмыс істейтін осындай кәсіпорындар еліміздің басқа өңірлерінде де ашылып, мыңдаған жаңа жұмыс орындарының құрылуы­на әкеледі, делінуде. Саладағы тың бағыт үшін кадрлар іріктеуге үлкен жауапкершілікпен қараған компания, жас мамандарды тартып, оларды қосымша оқытуға ерекше мән беріп отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

 

 

991 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы