• Аймақ тынысы
  • 17 Қараша, 2022

Аймақ ахуалын арттыратын жобалар

Жетісу облысының көлік-логистика саласының транзиттік әлеуеті зор. Осы ретте «Қуатты аймақтар – еліміздің даму драйвері» ұлттық жобасы аясында қолға алынған республикамыздағы іргелі жобалардың бірінен саналатын «Достық – Мойынты» темір жол желісі екінші жолы құрылысының облыс экономикасы үшін маңыздылығы атап айтарлық.

Өңірдің көлік-логистика са­ласының дамуы Жетісу облы­сының әкімі Бейбіт Исабаев пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сау­ранбаев қол қойған әкімдік пен ҚТЖ арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумда қарастырылған маңызды мәселелердің бірі болды. Осыған байланысты өткен жиында «Қуатты аймақтар – еліміздің даму драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде «Достық – Мойынты» учаскесінде салынатын екінші жолдың құрылысына қатысты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ облыс әкімінің халықпен кездесулерінде көтерілген темір жолға қатысты проблемалардың шешімі сөз болды.

Алдымен темір жол ұжы­мы­ның облыс аумағындағы үйлесімді жұмысы үшін алғыс білдірген облыс әкімі Алакөлге дейінгі пойыз қатынасын, соның ішінде «Тальгоның» да қатарға қосылғанын, көмірді тұтынушыларға уақтылы жет­кізудегі ҚТЖ-ның зор көмегі болғанын атап өтті. Сонымен бірге Жетісу облысының көлік-логистика саласындағы транзиттік әлеуетіне де қысқаша тоқталды. «Достық станциясындағы «DAR RAIL Infrastructure» ЖШС жүк тиеу терминалы жобасын қолға алуда. Осы бағыттағы «Dostyk Trans Terminal» ЖШС жобасы да 2021 жылдан іске асырыла бастады.

Бұл ретте республикадағы аса үлкен жоба «Достық – Мойынты» темір жол желісінің екінші жолы құрылысының облыс экономикасына тигізетін ықпалы зор болады деп сенемін және оған облыс тарапынан қажетті барлық қолдаулар көрсетіледі», – деді Б.Исабаев.

 Өз кезегінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов «Достық – Мойынты» жобасы жайлы қысқаша айтып берді. Ұзындығы 836 шақырым болатын темір жолдың 320 шақырымы Жетісу облысының аумағынан өтеді. Жоба 2022-2025 жыл­дары іске асырылады. Оған тартылатын инвестицияның 38%, яғни 218 миллиард теңгесі Жетісу облысына тиесілі болмақ. Жобаның құрылысы кезінде 1600 адам жұмысқа тартылса, іске қосылғанда 340 адам еңбекпен қамтылады. Құрылыс жұмыстарына негізінен жергілікті тұрғындар тартылатын болады. Жалпы бұл жобаны іске асыру темір жолда тәулігіне жүретін пойыздар санын 12-ден 60-қа арттыруға мүмкіндік береді. Сол сияқты контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығын тәулігіне 1500 шақырымға арттыруға жағ­дай жасайды. Ең бастысы, құры­лысқа қажетті құны 109 миллиард теңге болатын материалдар, атап айтқанда металл конструкциялары, инертті материалдар, құм мен қиыршық тас, шпалдар, темір бетон бұйымдары жергілікті жердің, яғни Жетісу облысының өндіріс орындары шығарған өнімдер пайдаланылатын болады. Бұл ретте қазақстандық мазмұн 85 пайыз болады деп межеленіп отыр. Сол сияқты Қ.Әлмағанбетов облыс аумағындағы «Алтынкөл» станциясы мен басқа да кішігірім темір жол бекеттерінің жұмысына да тоқталды.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов Бейбіт Исабаевтың аудандарда өткізген тұрғындармен кездесулерінде көтерілген темір жол саласына қатысты проблемаларды жеткізді. Достық станциясы тұрғындары оқушылар мектепке бару үшін темір жолдан өтетін тұсына арнайы жер үсті өткелін салу туралы өтініштерін айтқан. Сол сияқты осы елді мекендегі темір жолға қарасты тұрғын үйлерді жергілікті әкімдіктің балансына өткізу арқылы жұмысшылардың жекешелендіруіне жағдай жасау жайы да сөз болды. Текелі және Талдықорған қалаларындағы темір жолдың жекенің қолына өтіп кеткен кіреберіс жолдарының мәселесі әлі де өткір тұр. Облыс аумағындағы темір жол учаскелерінің елді мекендерден өтетін және басқа да қауіпті деген жерлерінде қоршау орнатылса деген өтініштер айтылды. Бұл шаралар адамның, малдың пойыз астына түсуінің алдын алуға, темір жол жұмысына кедергінің болмауына да ықпал етер еді. Тағы бір сөз болған мәселе, «Достық – Мойынты» жобасындағы облыс аумағында жұмыс жүргізетін компаниялардың сәйкесінше осы өңірге тіркелуі міндетті түрде ескерілуі тиіс.

Осы айтылған мәселелердің барлығына толыққанды жауап бере келіп: «Біз үшін адамдардың қауіпсіздігі – бірінші кезекте маңыз беретін басымдық. Сондықтан жол үсті өткелін салу, қауіпті деген учаскелерде қоршау қою шаралары міндетті түрде атқарылатын болады. Бұл жұмыстар жоспарымызда бар. «Достық – Мойынты» учаскесіндегі екінші жолдың құрылысын салу – Президенттің тапсырмасымен қолға алынған іргелі жоба. Оның іске асырылуы Жетісу облысы үшін мультипликативті тиімділігін көрсетеді деп ойлаймын. Бізбен әріптестік байла­ныстарды жандандырып, өзекті мә­селелерді бірлесіп талқылауға, шешімін бірге қарастыруға мүм­кіндік жасағандарыңыз үшін риза­шы­лығымды білдіремін», – деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бас­қарма төрағасы Н.Сауранбаев.

Жиынға қатысушылар ҚТЖ ком­паниясының құзырына кіретін мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды. Мәселен, Балқаш көлі жа­ғалауын дамыту қолға алына бастады, ендігі жерде туристер легінің көбейетініне байланысты болашақта Лепсі ауылына темір жол бекетін салу қажеттілігі туады. Соны қазірден жоспарлау қажет. Сол сияқты «Темірбетон» зауыты, «Айсұлу» тігін фабрикасы республикалық «Достық – Мойынты» учаскесіндегі жобаға қатысуға қажетті барлық мүмкіндіктері бар екенін жеткізді. Бұл ретте жобаға іріктеуде бәсекеге қабілетті кәсіпорындардың жұмысты атқару мерзімі мен сапасының тиісті талаптарға сай болуы ескеріліп, барлығы заң аясында жүргізілетіні айтылды.

Жиын қорытындысында екі тарапқа да пайдалы пікір алмасу болғанын атап өткен облыс әкімі «Достық – Мойынты» учаскесіндегі жобаның облыс үшін маңызы зор екенін тағы бір мәрте атап өтті. «Облыс әкімдігі инвесторларға жобаларды іске асыруда жан-жақты қолдау мен көмек көрсететін болады. Біз әрқашан сындарлы ашық ынтымақтастыққа дайынбыз. Бүгінгі қол қойып отырған меморандум облысымыздың көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мен одан әрі кеңейтуге жол ашып, бірлескен жобаларды іске асыруда өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Осының барлығы өңір экономикасын ілгерілетуге, сол арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға өз әсерін тигізетін болады. Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған басты міндеті де осы», – деді Бейбіт Исабаев.

ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ – ТАБЫС КӨЗІ

Жетісу облысында себілген қант қызылшасының 37% Ескелді ауданына тиесілі. Алдын ала есептеулер бойынша оның шығымы облыста өңдеуге өткізілетін жалпы өнім көлемінің тең жарысына жуықтамақ. Сол сияқты осы ауданда шағын және орта бизнесте жыл басынан бері бюджетке 679 миллион теңге түскен, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 26 пайызға артық. Дегенмен ауданда бірде-бір жылыжай, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін өңдейтін нысан жоқ, бақтардың басым бөлігі ескірген. Жергілікті әкімдік осы салаларға инвестиция тарта алмай отыр. Пайдаланылмай отырған жерлерді қайтару ісі де баяу жүргізілуде.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бұған дейін де аудан тұрғындарымен бір рет кездесу өткізген болатын. Сол кездесуде көтерілген мәселелердің шешіміне қатысты қабылданған шаралар туралы қысқаша тоқталып өткен облыс әкімі өз баяндамасында ауданның негізгі көрсеткіштері мен назар аударуы тиіс проблемаларына басымдық берді.

Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, аудан қант қызылшасын егуде көшбасшы саналады. Алайда биыл бұл дақыл егістігінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 54 пайызға азайтылған. Оған қоса өнім шықпай қалған алқаптар да бар, орнына соя мен жүгері себілген. Бұл орайда ауыспалы егіс, агротехнология талаптарын сақтауға шаруашылықтар көп мән беруі тиіс. «Аудандағы дәнді дақылдардың үлесі жалпы егіс алқабының 55 пайызынан астамын құрайды, яғни 54,5 мың гектар. Бұл ретте ауданда бірде-бір тұқым шаруашылығы жоқ, осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Бұл аймақта 50 мыңға жуық ірі қара мал бар, жылына 13 мың тонна ет және 35 мың тонна сүт өндіріледі, 8 сүт фермасы, 4 бордақылау алаңы бар. Соған қарамастан биылғы 9 айдың қорытындысында азық-түліктің барлық түрлері бойынша өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады. Ауданда жайылымдық жерлердің тапшылығы әлі де проблемалық мәселе болып қалып отыр. Анықталған 54,6 мың гектар пайдаланылмаған жерді қай­тару жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Мемлекет меншігіне тек 3,9 мың гектары қайтарылды», – деді Б.Исабаев.

Облыс әкімі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ұзындығы 50 шақырымға жуық «Бұрхан бұлақ» сарқырамасына дейінгі жолды қайта жаңарту жүргізілетінін де айтып өтті. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де ауданда өзекті. Мәселен, мұнда тұрғын үй алуға 1271 адам кезекте тұр, 2021 жылмен салыстырғанда кезектегілер саны 190 адамға көбейген. 2025 жылға дейін 4 көп қабатты үй салуға облыстық бюджетке өтінім беретінін айтқан аудан әкімінің жауабына қанағаттанбаған Бейбіт Исабаев: «Мұндай қарқынмен кезектегі тұрғындарды қалай қамти аласыздар? 60 пәтерлік тағы бір көп қабатты үй салуды жоспарға қосайық», – деп, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қосымша тағы бір тұрғын үй құрылысына қаржы бөлу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Ауданда былтыр Қарабұлақ ауылының ауыз су мәселесі шешілсе, өткен аптада Бақтыбай ауылындағы су құбырының ақауларын жөндеу аяқталып, су берілген. Дегенмен өз міндетіне жауапсыз қарайтын мердігерлердің де бар екенін тілге тиек еткен облыс әкімі олардың жұ­мысына жергілікті атқарушы орган тарапынан қатаң қадағалау керектігін ескертті. Мәселен, Ақтұма ауылында ауыз су жүйесін жасауға тиіс «Монолит» ЖШС жұмысты дер кезінде аяқтамай, созбаққа салғандық­тан тұрғындар тиісті органдарға шағымданған, соның нәтижесінде мердігер құрылысты қузап, қазір 99% бітірген. Ақешкі ауылына ауыз су жүргізуге тиіс «Дәнекер» ЖШС да өз ісіне тиянақтылық танытпай, жұмысын аяқтамаған. Қазір осы мердігерді жосықсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берілген. Облыс әкімі аудан басшысына осы істі қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Жиында өңірдегі газдандыру, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларына да көңіл бөлініп, тиісті бағыт-нұсқаулар берілді. Мұнан соң залдан сұрақтар қойылып, тұрғындар өзекті мәселелерін ортаға салды. Сауал қойғандардың басым бөлігі елді мекендерге клуб немесе мәдениет үйін салып беруді өтінді. Себебі ауыл тұрғындары қандай да бір жиын болса, ауыл мектептерінің шағын мәжіліс залына жиналуға мәжбүр. Мұндай мәселені Көкжазық, Жал­ғызағаш, Қоңыр ауылдарының тұрғындары көтерді. Облыс әкімі шағын елді мекендерге блокты-модульді конструкциялардан жылдам уақытта тұрғызылатын нысандар салынатынын, соның ішінде аталған ауылдарға да клубтар мен мәдениет үйі осындай негізде салынып берілетінін айтты, олар алдағы 3 жылдың жоспарына кіргізілген.

Сол сияқты аудан тұрғындары ауыларалық, ауылішілік жолдардың мәселесін көтерді. Мәселен, Сырымбет ауылында Балпық би көшесі, Алматы-Өскемен трассасы бұрылысынан Ақын Сара ауылына дейінгі жол жөнделсе деген тілектерін жеткізді. Ешкіөлмес ауылынан аудан орталығына апаратын жол да назар аударуды қажет етеді дейді тұрғындар. Берілген жауаптар барысында аталған жолдардың жөндеу жұмыстары алдағы бір-екі жылдың жоспарына енгізілгені айтылды.

Қаратал ауылы Теректі бөлім­шесінде төрт үйдің шөбі өртенгені, осы іске кінәліні табуға ықпал етуді сұраған ауыл тұрғындарының жанайқайын естіген облыс әкімі аудандық полиция бөлімінің басшысына осы істі жеке бақылауына алуды тапсырды. «Өрт неден шықты, қасақана жасалса, күдікті анықталды ма, жоқ па, мұндай қастықтың түп-төркіні неде жатыр – соның бәріне үстірт қарамай, терең зерттеңіздер», – деді Б.Исабаев.

Сонымен қатар жиында шаруа­шылық субъектілерінің арасын­дағы өзара даулар, көшедегі иттер мен мысықтарға паналайтын орын ашу, ауыз су, газдандыру жобаларын іске қосуды жеделдету мәселелері айтылды.

НҰРЛАН ҚҰМАР

334 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы