- Цифрлы Қазақстан
- 17 Қараша, 2022
«Цифрлық теңге» жобасы таныстырылды

Алматы шаһарында Қазақстан қаржыгерлерінің X конгресі өтті. Айтулы жиынды Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы ұйымдастырды. Осыдан он жыл бұрын тұсауы кесілген Қаржыгерлер конгресі жыл сайын қарашадағы кәсіби мерекеде мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының өкілдері бас қосып, макроэкономикалық саясат пен қаржы секторындағы өзекті мәселелерді ортаға салатын дәстүрлі диалог алаңына айналды.
Биыл қаржыгерлер форумының күн тәртібінде сан салалы ел экономикасын несиелендіру, нақты және қаржы секторларының өзара әрекеттесуі, қаржылық мүдделерді қорғау үшін сақтандыру нарығын дамыту, цифрлық тәсілдер арқылы қаржылық қолжетімділікті жетілдіру мәселелері, сондай-ақ қор нарығындағы жаңа инвестициялық мүмкіндіктер талқыланды.
Мемлекет басшысы конгресс қатысушыларына құттықтау жолдады. Президент өз жолдауында қаржы саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қаржы секторын дамытудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. «Қиын кезеңдерде мемлекет қаржы саласына қолдау білдіру арқылы, оның тұрақтылығын сақтап қалды. Банктерге де қорландырудағы бизнестің қажеттіліктерін қамтамасыз ету арқылы дәл осындай рөлді өз міндеттеріне алатын кез келді. Ақша-кредит саясаты және реттеу экономиканың динамикалық дамуы мен макроқаржылық тұрақтылық мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз етуге тиіс. Біздің барлық жоспарымыз бен міндетіміз, ортақ жалпымемлекеттік міндет – азаматтардың әл-ауқатын көтеру призмасы арқылы құрылуы керек. Форумда айтылған бастамалар мен шешімдер Қазақстанның валюталық нарығы мен қаржы жүйесін нығайтуда іс жүзінде қолданысқа енгізіледі деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Форум мінберінен сөйлеген сөзінде Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов есепті кезеңде атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, 2023 жылдан бастап күшіне енетін бюджеттік ереже бойынша бюджет кодексіне өзгерістер қабылданғанын атап өтті. «Бюджеттік ереженің екі негізгі элементі бар: бұл кепілдендірілген трансферт – өте консервативті деңгейде мұнайдың кесімді бағасымен шектеледі және бюджеттің жалпы шығыстары экономиканың өсу үрдісі мен инфляцияға байланысты шектеледі. Ал бұл қазірдің өзінде фискалдық және ақша-кредит саясатын жақсы үйлестіру үшін институционалдық негіз бола алады. Сондай-ақ инфляцияның төмендеуін бақылауға алу жөнінде үкіметпен 2022-2024 жылдарға арналған бірлескен бағдарлама әзірленді», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Конгресс аясында Ұлттық банк пен бас банктің Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы «Цифрлық теңге» пилоттық жобасы бойынша екінші фазаны жүзеге асырудың алдын ала нәтижелерін таныстырды. Атап айтқанда, цифрлық валютаны енгізу мүмкіндіктерін зерттеу жобасын іске асыру барысы көрсетілді. «Цифрлық теңгені енгізу Қазақстанның экономикасы мен қаржы жүйесіне оң әсер етеді. Пилоттық жобаның екінші фазасын іске асыру жөніндегі қорытынды баяндама алдымыздағы желтоқсан айында жарияланады. Ықтимал тәуекелдер мен пайданы жан-жақты зерттеу, технологиялық аспектілерді пысықтау, ақша-кредит саясаты мен қаржылық тұрақтылыққа әсерін бағалау, сондай-ақ ұлттық төлем жүйесі мен оның қатысушылары үшін ықтимал әсерді бағалау нәтижелері бойынша осы жылдың соңына дейін ұлттық цифрлық валюта – цифрлық теңгені енгізу қажеттілігі туралы қорытынды шешім қабылданады», – деді Ұлттық банктің Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығының төрағасы Бинұр Жаленов.
БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

12335 рет
көрсетілді0
пікір