• Қаржы
  • 17 Қараша, 2022

ОРТАҚ ҚАРЖЫ КЕҢІСТІГІНІҢ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМЫ

Ұлы түрік жұртының тілі, ділі, тарихы ортақ. Бүгінгі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ғасырында туысқан елдер арасы бұрынғыдан да жақындай түсіп, саяси-әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық қатынастар жандану үстінде. Осынау өркениетті өріс көкжиегі «тиыннан теңге құраған» есеп-қисап майталмандарының кәсіби мерекесі – Қаржыгерлер күні қарсаңында, 5 қараша күні тұсауы кесілген ортақ түркі қаржы кеңістігінің қарышты қадамымен, жамиғатқа жағымды жаңалықпен толығып, кемелдене, кеңейе түсті.

Бұл ретте бұдан 2-3 жыл бұрын жарық көрген «ЕЭК ортақ қаржы кеңістігін қалыптастыра бастады» деген шағын ақпарат ойға оралады //www.alta.ru/. ЕЭК дегеніміз – Еура­зиялық экономикалық комис­сияның қысқарған атауы. Бұл құрылымды министр дәрежесінде басқаратын мәскеулік профессор Татьяна Валовая өз сұхбатын­да «қазір Ресей, Беларусь, Қазақ­стан, Армения және Қырғызстан үшін бірыңғай қаржы нарығын құруға дайындық жүріп жатыр. Бұл елдер бұрын бір мемлекеттің құрамында болғанымен, біртұтас қаржы кеңістігін құруда көптеген кедергілер болды» деп атап өтіп, ендігі мақсат осы кедергілерді жою немесе айналып өту деген-тін. Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың көсегемізді көгертпегені белгілі. Ендігі құрыл­ғалы тұрған қырық жамау кеңістік те соның кебін кие ме деген күдікке көбіміз бой алдырғанбыз. Солай болып шықты да. Алдыңғы арбаның дөңгелегін сүйреген Ресей экономикасының жаны қазіргі таңда алқымға таялып тұр. Кәрі құрылық – Еуропаның қақ төрінде соғыс өртін тұтандырған елдің қоржынындағы қаржы күн санап сұйылып келеді. Ал, енді Беларусь, Армения және Қырғызстан туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Енді, міне, осындай алма­ғайып шақта күпті көңілге демеу болған, жоғарыда тілге тиек етілген ақжолтай жаңалық жарқ ете қалды. Бакудегі Әзербайжан банктер қауымдастығы (ABA) «Ыстамбұлда түркітілдес елдер­дің (Әзербайжан, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Түркия) банк бірлестіктерінің өкілдері кездесу өткізді. Отырыс барысында «Түркітілдес мемлекеттердің банктік бірлестіктер кеңесін» құру туралы шешім қабылданып, тиісті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды», – деп хабарлады //Kapital.kz/.

Ақпарат көзінің дерегінше, Кеңестің негізгі қызметі мүше елдер арасындағы тауарлар мен қызметтерді ұсынуды кеңейту, ұйымдастырылған қаржылық және банктік қызметтер мен капитал қозғалысы, түркітілдес елдердің қаржы институттары арасында тікелей корреспондент­тік қатынастар орнату, заманауи ақпа­раттық технологиялар мен халық­аралық стандарттар негізінде қаржылық қызметтер­дің инфрақұрылымын жетілдіру сияқты маңызды салаларды қам­тиды.

Сонымен қатар Кеңес қаржы және банк заңнамасы, оның ішінде нормативтік құжаттарды және олар­дың халықаралық стандарттарға сәйкестігі, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға тосқауыл қоюдағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырады. ABA атап өткеніндей, Кеңес отырыстары ұйымға  мүше елде ротация негізінде жылына бір немесе екі рет өткізілетін болады.

Тілге тиек етіліп отырған қа­дам­ның дер кезінде қолға алынған қарекет екендігін еліміздегі Ресей банктерінің қызмет өрісінің сәт сайын тарылып келе жатқаны дәлелдей түседі. Соңғы дерек – ресейлік банктер операцияларының қысқаруына байланысты Қазақстандағы ең ірі екінші деңгейлі бес банктің депозиттер бойынша үлесінің 72 пайызға дейін өскені. Осы ретте Қазақстан нарықтық шешімдер арқылы және реттеуші органдардың қолдауымен Ресей банктерінің жұмысына араласа алады. Банк секторындағы шоғырлану банктерді озық ақпараттық жүйелер мен технологияларға белсенді түрде инвестиция салуға және өзгермелі нарық жағдайларына бейімделуге мәжбүрлейді. Қазіргі таңда жетекші банктеріміз клиенттердің цифрлық қажеттіліктерін жоғары деңгейде қанағаттандырып отыр. Қазақстанда банк секторының жиынтық несие портфелі жалпы ішкі өнімнің шамамен 26 пайызын құрайды, капиталдағы мемлекет үлесі 10 пайыздан аспайды. Мемлекеттің банктер қызметіне ықпалы негізінен үкіметтік мекемелер мен ұйымдардың депозиттерін коммерциялық банктер арасында субсидияланған мөлшерлемелер бойынша бөлуге және түпкілікті қарыз алушыларға әртүрлі қолдау бағдарламаларын ұсынуға сәйкес ұзақ мерзімді несиелер беру түрінде жүзеге асырылады.

Еуропадағы әскери қимылдар­дың өрши түсуі әлемнің қаржы жүйесіне кері әсер етіп, банктердің тәуекелді активтерін құбылтып тұр. Ғалам­дық шаруашылық байланыстардың белсенді қатысушысы ретінде Қазақстанның бұл үдерістен тыс қала алмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Алпауыт ел – АҚШ-тың өзінде инфляция 8,3 пайызға жетті. Федералдық резервтер жүйесі негізгі мөлшерлемені қатарынан үшінші рет 75 базистік тармаққа көтеру туралы шешім қабылдады. Ұлттық валюталар болса бірқатар қолайсыз сыртқы факторлардың қысымына ұшырады. Мұның біріншісі, жоғарыда атап өткеніміздей, геосаяси қақтығыстар болса, екіншісі әлемдегі монетарлық жағдайлардың күшейіп, мұнай баға­сының төмендегені болатын.

Ал, Қазақстанда теріс факторлар­дың әсеріне қарамастан валюта нарығы теңгерімді болды. Ұлттық банк интервенцияларды жүзеге асырған жоқ. Теңге-доллар жұбы бойынша биржалық сауда-саттық көлемі тамызбен салыстырғанда біршама қысқарды. Квазимемлекеттік сектордың сатылымдары валюта нарығына қолдау көрсетті. Соңғы айда Еуропалық даму банкі арқылы валюта нарығында сатылған кіріс көлемі 583,5 млн долларды, Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сату 85 млн АҚШ долларын құрады. Алдын ала деректер бойынша алтын-валюта активтерінің көлемі бір айда 90 млн АҚШ долларына ұлғайып, айдың соңындағы жағдайға сәйкес 32,8 млрд долларға жетті. Жағымды факторлардың ішінде Еуропалық даму банкі қаражатының Ұлттық банктегі валюталық шоттарға әкелінуі, ал жағымсыз факторлар арасында мемлекеттік борышты төлеу мен алтын бағасының төмендеуі басты рөл атқарды. Негізгі валюталар қоржынына қатысты доллар индексі 20 жылдық ең жоғары көрсеткішке жетті. Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 305 млрд теңге бөлінді. Трансферттерді бөлу негізінен қор­дың теңгедегі шотындағы қалдық есебінен, сондай-ақ жоғарыда атап өтілгеніндей, 85 млн АҚШ долларын құрайтын шетел валютасында немесе ұлттық валюта баламасында шамамен 41 млрд теңгелік конвертация есебінен жүзеге асырылды.

Қазақстан қаржы кеңістігіндегі ағымдағы ахуал тұрақтылығымен ерекшеленеді. Шикізат бағасының өсуі үстіміздегі жылы төлем балансының профицитін қамтамасыз ететінін бұдан бұрындары жазған болатынбыз. Бұған дейін де күтілгеніндей, төлем балансының ағымдағы шоты оң аймаққа өтіп, профицитпен қалыптаспақ. Биылғы экспорттағы өсімнің негізгі драйверлері әдеттегідей көмірсутекті шикізаттар болып отыр. Базалық сценарий жағдайында профицит 7 млрд АҚШ долларын құрайды. Таяу болашақта, атап айтқанда алдағы жылы мұнай бағасының орта есеппен 1 баррель үшін 90 АҚШ долларына дейін біртіндеп төмендеуі күтіліп отыр. Мұндай болжамды баға траекториясы жағдайында да төлем балансының ағымдағы шоты оң аймаққа ауысады, яғни профицитпен қалыптасады. 2023 жылы да экспорттың жоғары деңгейі есебінен профицит 7,5 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаяды. Өсім мұнай және мұнай емес тауарларды, оның ішінде қара және түсті металл, уран, сондай-ақ астық дақылдарын сатуда аңғарылатын болады. Бірін­ші жартыжылдықта жалпы ресми тауар экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 56,2 пайызға артып, 42,2 миллиард долларға дейін екі есе өсті. Бұл өсімді әр салаға бөліп қарасақ, өсімнің 52,3 пайызы шикізат пен оларды алғашқы өңдеу арқылы, ал қалған 3,9 пайызы ғана дайын өнім арқылы қамтамасыз етілді.

Бұл ретте пандемиядан кейін әлем­дік экономикалық белсенділіктің біртіндеп қалпына келуі және одан кейінгі геосаяси дағдарыс шикізаттың жоғары бағасын ұстап келе жатқанын айта кетуіміз керек. Мұның өзі қиын­шылық атаулының да кей кездері экономикаға оң әсер ететінін көрсетсе керек. Міне, саясаттың осындай «тосын сыйы» арқасында еліміздің қаржы мекемелері әлеуметке жағымды жаңалық жолдап отыр. Ол түйткілді несиелерді кешіруге қатысты. Жыл соңына дейін микроқаржы ұйым­дары 432 мың қарыз алушының 33,1 миллиард теңге үмітсіз берешегін қайта құрылымдамақ. Статистика деректеріне сәйкес түйткілді тұтыну несиелерінің үлесі жыл басынан бері 18 пайызға өскен, қамтамасыз етілмеген тұтынушылық шағын несиелер көлемі 416 миллиард теңгеге, олар бойынша қарыз алушылардың саны 1 343,6 мың адамға жеткен. Мұндай несиелер құрылымында 90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің үлесі 18,8 пайызға өсіп, 71,3 миллиард теңгені құраған. Міне, осындай жағдайда шағын несие ұйымдары 28 мың борышкердің 600 миллион теңгелік несиесін есептен шығарғалы отыр. Сөйтіп, қарыз алушылардың түйткілді берешектері қысқартылып, жалпы несиелік ахуал жақсармақ. Сондай-ақ банктер орта және шағын бизнесті қаржыландыруды жалғастырып, экономикалық көрсеткіштердің өсуіне оң әсер етпек. Мұның өзі қиын кезеңнен қиналмай шыққан Қазақстан қаржы-банк секторы түркітілдес елдердің ортақ қаржы кеңістігінде де белсенді рөл ойнайтынын байқатса керек.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

 

1434 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы